Жаңалықтар

Астанада «Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрме ашылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің тұрақты серіктесі болып табылады. Ол Қазақстанның орта ғасырлық тарихының өзіндік нышаны тәріздес болып келетін археологиялық және сәулет өнері ескерткіштерінің тұтас бір кешенін құрайды. 1989 жылы қорық-мұражайды ашуға көптеген жылдар бойы ғалымдардың бірнеше ұрпақтарының сол өлкенің археологиясы мен сәулет өнерін зерттеулері себеп болды. Олардың ісін қазіргі уақыттың зерттеушілері жалғастыруда.

Археологтар қазып алып жатқан құнды тарихи артефактілер жыл сайын «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының қорларын толықтыра түсуде. Археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді зерттеу, консервациялау және музей құндылығына айналдыру, мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, Қазақстанның археология мен музейтану ғылымының тарихы, рухани құндылықтардың сабақтастығы – міне, көрмеге арқау болған басты тақырыптар.

Қорық-музей қорларында мерзімдері көлемді болып келетін жәдігерлердің түпнұсқалары сақталған. Экспозицияға қойылған шырағдандардың ең «байырғысы» б.з.д. ІІ мың жылдықты қамтиды, ал ең «кейінгісі» ХІХ  ғ. жатады. Бұл топтамада маңызды орынды Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда арнайы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі үшін шебер Изз ад-дин ибн Тадж ад-дин Исфахани жасаған шырағдандар алады. Шырағдандарды әшекейлеп тұрған аман-саулықты тілейтін бірегей жазбалар (эпиграфика) аса маңызды тарихи құндылықтар болып табылады. Сонымен қатар бүгінде ХІV ғасырға жататын екі шырағдан цилиндрлерінің резервуарлары Санкт-Петербургтегі Эрмитажда және бір шырағданның төменгі және орта бөліктері Париждегі Лувр музейінде сақтаулы.

Көрме әр кезеңді қамтитын археологиялық артефактілер кешені – шырағдандар арқылы келушілерді өлкенің өркениеттік тарихына үңілдіреді. Шырағдан жасау өнері дала өркениетінде ежелгі дәуірден басталады. Алғашқы кезеңде шеберлер шырақтарды күнделікті тұрмысқа қажетті бұйым ретінде жасаған.

Экспозицияда көпшілік қауымның назарына ғылыми зерттеудің археологиялық кезеңінен бастап музейтану кезеңінен өткен 60 астам археологиялық және этнографиялық артефактер қойылады. Кешенде: әр дәуірге жататын бірегей шырағыдандар үлгілері; отты өшуден сақтаған кірпіштер; далалық зерттеулер нәтижелері; ғылыми мүліктеу мен реконструкциялардың мәліметтері.

Астана тұрғындары мен қонақтары түркі әлемінің рухани орталығы – ұлы Түркістанның көп қырлы мұрасының бір бөлігімен жақынырақ таныса алады.

«Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі 2015 жылдың 13 сәуіріне дейін жалғасады

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close