«Қайырымдылық керуені» игі шарасын ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті өткен жұма қарсаңында қолға алып, Астана тұрғындарын асарға шақырыпты. Елорданың бас имамы Наурызбай қажы елдегі ағайындарға көмектесу мұсылмандық міндетіміз деп, аталмыш акцияны ұйымдастырып отырғандығын айтты. «Айтып келмейтін апаттан қиыншылыққа ұшыраған ағайындарымызға қол ұшын жалғап, көмектесу әрі адамдық әрі мұсылмандық борышымыз. Осы мақсатта бүгін міне 3 көлікке халыққа ең қажетті тұрмыстық заттарын, азық-түліктерін тиеп, апара жатырмыз. Осы іске үлес қосқан барша Астана тұрғындарына мың алғыс. Қаржылай да, заттай да өз көмектерін жасаған азаматтар, тіптен, үстіндегі киімін шешіп берген де жағдайлар болды. Бұл біздің шын бауыр, жанашырлығымыздың айқын белгісі. Алла баршамызға разы болғай. Жеріміздің тыныштығын, еліміздің бейбітшілігін одан әрі арттырғай» деді өкіл имам.

Арнаулы топтың құрамында ҚМДБ аппараты қызметкерлері де бар. ҚМДБ Жастар және жалпы істер бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы бұл миссияның мақсаты жайлы тілшілерге сұхбат берді. «Қазақ халқы ежелден көршісі аш отырып, түтін түтетпеген, қайырымдылық қанына сіңген ел. Қарағанды өңіріне қарасты ауылдарды су апаты орын алуы тек қарағандылықтардың мойнына түскен қиыншылық емес, бұл барша қазаққа ортақ. Біз талайғы уақыттан қуанышымыз бен мұңымызды бөлісіп келген елміз. Осындай сынаққа тап болған ағайындарымызға қажеттіліктерін өтеп, көмектесуге асыл шариғатымыз да бұйырады, дана халқымыздың дәстүрі де, өмірлік өлшемі де бауырмашылдықпен, ауызбіршілікпен өлшенеді. «Қайғыны бөліссең жеңілдейді, қуанышына ортақ болсаң молаяды» дейді пайғамбар өсиетінде. Еліміздің бірлігі бекем болса қиыншылықтар мен сынақтардан сағымыз сынбайды, бағымыз өшпейді. Себебі, Алла тағала сабырлылармен біргемін деп Құранда ашық айтады. Сабырмен, дұға-тілектерімізбен Алладан есендік тілейміз» деді Алтынбен Ұтысханұлы.

Республика деңгейінде ұйымдастырылып отырған дін қызметкерлерінің гуманитарлық көмегі  су апаты орын алған аймақ тұрғындарына қажетті заттарды, азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек секілді тұрмыстық қажеттіліктерді таратады. Бұған қоса, ҚМДБ қызметкерлері қаржылай көмек ретінде бір күндік еңбекақыларын да осы аймақтағы ағайын-жұртқа аударып отыр.

Пікір жазу