– Сіз әлемге әйгілі «әл-Азһар» университетінің түлегісіз. Осы білім ордасы оқу бағдарламасы біздің елде қалыптасқан ханафи бағытынан ерекшеленеді ме?
– Жалпы, әл-Азһар университеті – 10 ғасырдан аса қызмет етіп келе жатқан, Мысыр елінде сүнниттік бағыттағы төрт мәзһаб шеңберінде Ислам шариғатын әлемге жайып отырған үлкен ғылыми ошақ. Бұл университетте әлемнің түкпір-түкпірінен 90-нан аса мемлекеттің азаматтары білім алуда. Аталмыш оқу ордасының ерекшелігі төрт мәзһабты бірдей қамтып оқытады. Алайда, бұл төрт мәзһабты біріктіріп оқытады деген сөз емес. Әр мәзһаб өз бетінше жеке дара шаңырақ, факультет етіп қалыптасқан. Яғни, ханафилер, шафиғилер, маликилер және ханбалилер деп бөліп оқытады. Бұл фиқһ саласы болса, ақида факультеті өз алдына үлкен факультет. Сонымен қатар, Хадистану, Тәпсір, Исламтану, Араб тілі сияқты әр шариғат саласы өз алдына факультет. Шариғи ғылым саласымен қатар зайырлы (дүнияуи) мамандықтарды да қатар оқытады. Жалпы факультеттер саны 50-ге жуық. Әл-Азһар университетінің Каирдегі басқа оқу орындарынан айырмашылығы, мәселен «Айн Шамс» университетінен ерекшелігі, мұнда шариғаттың шарттарымен қатар медицина, құқықтану, ауылшаруашылығы сияқты мамандарды да даярлайды.
Әл-Азһар университетінде ханафи мәзһабы жеке факультет ретінде шәкірт оқытып, маман даярлайды. Ескере кететін жайт, оқу орнында ханафилер басқа мәзһаб өкілдерінен қарағанда көбірек. Себебі, Египет республикасының оңтүстігі түгелдей дерлік ханафи мәзһабын ұстанады. Мысырдың ең басты аймақтарының бірі Александрия да сонау Бейбарыс заманынан ханафи мектебіне жатады. Сондықтан, ханафи мәзһабының классикалық еңбектері түгелдей оқытылады десе болады. Мәселен, фиқһ саласы бойынша біз екі деңгейде оқыдық. Бірінші, фиқһ-нассы, яғни бұрынғы классикалық мұра әдебиеттері талданып оқытылады. Екінші, заманауи фиқһ докторларының еңбектерін оқыдық. Сонымен бірге, оқу бағдарламасында басқа мәзһабтар жалпы өтетін пәндер қатарына қосылған. Мәселен, төрт мәзһабтың салыстырмалы фиқһы, заманауи шариғи мәселелер фиқһы деген сияқты.
– Шариғаттың қай саласы бойынша білім алдыңыз? Ұстаздарыңыз жайлы бірер сөз айтсаңыз?
– Әл-Азһар университетінде өзім қалап, таңдап оқып шыққан мамандығым – шариғаттану. Фиқһ факультеті, ханафи мәзһабы бөлімінде тәлім алдым. Әл-Азһар универистетінің бакалаврияты оқу мерзімі еліміздегідей – төрт жыл. Бірақ, онда білім алу үшін әуелі міндетті түрде үш жылдық колледжін тәмамдау керек.
Ал, енді ұстаздарға келетін болсақ. Университет ұстаздарын екі категорияға бөліп тәлім алатынбыз. Бірінші, жалпы ақида мәселесі, тәпсір, хадис руханият ілімінің мәселелерінде жалпы ұстаздардан оқитынбыз. Мәселен, Мысыр елінің үлкен ұстазы, бұрынғы мүфтиі, шейхы Әли Жұманың тәпсір дәрістері. Осы кісінің замандасы ғалым Хасан Шафиғидің кәләм сабағы, Тоһа Һубайшидің ақида дәрістерін айтсам болады.
Ал, екінші деңгейдегі дәрістер ханафи-матуриди ұстаздарынан алдық. Олар шайх Хазим Кайлани, шайх Ибраһим Бұрхануддин, шайх Шаннар, шайх Ахмед Шариф. Ханафи ғұламалары университеттен тыс, мешіттерде онша-мұнша ғалым оқыта алмайтын көлемді кітаптардан дәріс беретін. Оған шетелдік студенттермен қатар жергілікті жас ғалымдар да қатысады. Бірақ, барлық ханафи ғалымдарының дәрістеріне қатыса алмадық.
Мысырдағы үлкен ханафи ғалымдарының басым бөлігі оңтүстікте, яғни Асют аймағында болуының өзіндік тарихи себебі бар. Қысқаша айтар болсам, кезінде мәмлүктер дәуірінде мемлекеттің ресми мәзһабы – ханафи мектебі болған. Түрік әскерлерінен жеңіліс тапқаннан кейін мәмлүктер астанадан шегініп, оңтүстік аймаққа қарай ауған.
– Мысыр халқы Қазақ елі дегенде сұлтан Бейбарысты елестетін болар? Сұлтан Бейбарыстың Мысыр мен Шам өлкесіне сіңірген қызметі туралы, мешіті мен медресесі жайында мысырлықтар біле ме?
– Иә, Мысыр елінде қазақ десеңіз тани қоймайды. Алайда, Бейбарыстың елінен боламын десеңіз сый-құрметтін жаудырады. Өйткені, мысырлықтардың бесіктегі баласынан еңкейген қариясына дейін Сұлтан Бейбарысты жақсы таниды, жақсы көреді. Құлдықтан сұлтан дәрежесіне өз еңбегімен көтерілге мемлекет басшысы. Жалпы, мәмлүк сөзі – құлға айналған адам деген мағынаны білдіреді. Бейбарыс бабамызға Алла разы болсын. Батыр бабамыз Мысыр еліне, қала берсе Ислам әлеміне көп қызмет еткен. Бір-екі мысал келтірсек, бүгінгі «әл-Азһар» университетінің сүннит бағытында тәлім беретін оқу ордасы болуына сұлтан Бейбарыстың тікелей қатысы бар. Бейбарыс бабамызға дейін бұл мешіт (әл-Азһар әуелде мешіт ретінде салынған) негізін шиалардың бір тармағы Фатимиттер қалаған. Кейіннен Салахаддин Аюби мұны құп көрмей мешітті жаптырып тастайды. Жүздеген жыл жабық тұрған мешітті сұлтан Бейбарыс ашқан. Кейінірек мешіт айналасына жеке дара үлкен төрт аудиториялар (қоъа, дәрісхана) салдырған. Әр аудитория жеке мәзһабқа ажыратылып беріледі. Осылайша, төрт мәзһаб шеңберінде дәріс беретін бірден бір әлемдік оқу ордасы қалыптаса бастаған. Демек, әл-Азһардың төрт мәзһабты оқыту үрдісі – сұлтан Бейбарыс заманына келе жатқан жүйе. Сол заманнан бері ақида, яғни сенім бойынша да тек қана Матуриди және Ашғари мектептері негізінде оқу жүргізілген.
Ал, енді сұлтан Бейбарысты әлемді жаулаған Шыңғысханды тоқтатқан жалғыз қолбасшы ретінде де тарих мойындайды. Сұлтан Бейбарыс Шыңғысханның ұрпағы Батуханмен кездесіп, оны Исламға үндеген. Қасиетті қос шаһар Мекке мен Мәдинаға шабуылдау райынан қайтарған. Бейбарыс сұлтан мықты қолбасшы әрі парасатты дипломат қайраткер болғаны туралы араб тарихи деректерінде жазылған. Міне, сондықтан да Бейбарыс атын естігенде Мысыр халқы ерекше құрмет көрсетіп, ізеттілік танытады.
– Белгілі бір мәзһаб бойынша мұсылманшылық жолын ұстанып келе жатқан елде шағын топ мұсылман жамағаты өз бетінше басқа бір мәзһабты ұстануына бола ма? Бұған рұқсат бар ма, жоқ болса себебі неде?
– Мәзһаб мәселесі – діндегі маңызды әрі өзекті тақырыптың бірі. Өйткені, мәзһаб Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері жалғасып келе жатқан Ислам жолын түсіндіруші әрі үйретуші мектеп. Сондықтан, қандай да бір ел, халық немесе ұлт қоныстанған жерде Ислам шеңберіндегі төрт мәзһабтың бірі тарихи тұрғыда қалыптасқан болса, оған құрметпен қарау, сол елге өмір сүргендіктен немесе уақытша жүрсе де елдің мәзһаб қағидаларын үйреніп, көпшіліктен бөлінбей ұстануы аса қажет. Бұл – шариғатымызда қалыптасқан қағидалардың бірі. Мәселен, мысал ретінде айтар болсақ, ханбали мәзһабының ғалымы саналатын Ибн Таймияның пәтуа кітаптарында «қандай да бір мешітте сүнниттік бағытта мәзһабпен құлшылық жасап жатса, ол мешітке барып өз ұстанымыңды дәлелдеп, ол жердің адамдармен келіспеушілікке түсіп уақыт өткізгеніңше, өз құлшылығыңа мән бер» деген пәтуалы сөзі бар. Демек, кез келген ғалым қарапайым адам, араб немесе түрік болсын қай елге барса, сол жердің халқы төрт мәзһаб шеңберінде құлшылық жасап жатса, соған бойұсынуы ләзім, міндет болады. Өйткені, оның астарында мұсылмандар ауызбіршілігі, біргілі жатыр. Қала берсе, сауатсыздықтың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Сөздік тоқетері, бір елдің мәзһабын құрметтеп, оған бойұсынуы – уәжіп, міндет амал.
– Қазіргі таңда, діни сауаты болмаса да көпшілік хабардан бірқатар діни терминдер бар. Өкініштісі, ол терминдер қоғам ішінде көбінесе кері әсер тудыруда. Соның бірі – «Салафи» сөзі. Осы сөздің түп төркіні жайлы айтып берсеңіз?
– Өкінішке қарай, осы күнде салафи сөзі мұсылмандар арасында келіспеушілік тудыратын, қала берсе әр ұлттың салт-дәстүріне қайшы келетін, ата-баба жолына балта шабуға үндейтін бір топқа телініп кеткен термин ретінде түсінік қалыптасты. Бірақ, салаф-салих сөзінің о бастағы дұрыс мағынасы Исламның алғашқы үш алтын ғасырдағы Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзін көрген – сахабалар, сахабалардан тәлім алған – табиғиндер дәуіріне берілген тарихи атау. Демек, сол шақта қалыптасқан Ислами мектеп атауы. Бірақ, өкінішке қарай, бүгін өздерін салафиміз дейтіндер «біз сол сахабалар мен табиғиндер сияқтымыз, солардың айтқанын біз де айтудамыз» деп жалған ұрандатады. Алайда, ғылыми тұрғыдан қарағанда бұл ұран мен кешегі ізгілер салған сара жол арасындағы айырмашылық – жер мен көктей. Кез келген сауаты бар маман олардың бұл атауға сай еместігін біледі. Сондықтан, шынайы салафи жолының, яғни сахабалар мен табиғиндер мұрагерлері және қасиетті жолдың жалғастырушылары төрт мәзһаб екенін білген жөн.
– Өздерін осы атаумен бүркеп жүрген ағымның сенімдік тұрғыдан қаупі қандай?
– Жалған салафилердің сенім тұрғысындағы басты қателігі және қоғамға қауіпі – иман түсінігі төңірегінде, иманға берген анықтамасында. Ханафи-матуриді ұстанымы бойынша иман – тілмен айту және жүрекпен бекіту. Алладан келген және Пайғамбардан жеткен сөздерді жүрегімен қабылдау. Керек жерінде тілмен айту. Ал, жалған салафи ағымының олар амалды иман түсінігіне қосады. Басқаша айтқанда, Аллаға сеніп, пайғамбарлар, кітаптар, періштелер, ақырет күніне және жақсылық пен жамандық Алладан екеніне иман етіп иманшартты түгелімен сеніп тұрса, намазды, оразаны, зекет пен қажылықты мойындап, бірақ орындай алмаса мұсылман емес деп айтатын топтары бар. Салафилердің өзі ішін-ара жиһадтық, суририттік, такфирлік тармақтары осы мәселен қатты қарайды. Бұл – бірінші төнген қауіп. Өзіңіз ойлаңыз, еліміздегі барлық мұсылман халықтар түгел намаз оқымаса да, жеті атасынан мұсылман екенін білетін, тілімен айтатын, жүрегімен сенетін халық. Шама-шарқынша мұсылманшылықты ұстанады. Ал бүгінгі «салафиттер» адамның иманына қол сұғады. Тіпті, радикалдық топтары мұндай адамдар мұсылман болмағандықтан алдап-арбап мал-дүниесін тартып алуға және т.б. дүниелерге дін бойынша рұқсат деген көзқарасты ұстанады.
Екінші қауіп-қатер – бұл ағымдағылар Алла Тағаланы тануда, Алла Тағала сипаттарына қатысты өрескел қателіктерге жол береді. Тіпті, христиан сеніміне жақын келіп, Алла Тағаланың қолы бар, көзі бар, аяғы бар деген ойлар айтады. Алланың орны бар, мекені бар, түседі-көтеріледі деген сияқты Жаратушыға түр-сипат, бейне беретін, жаратылысқа ұқсатуға жетелейтін түсініктері бар және оны насихаттайды. Ал, бұл сенім жағынан аса қауіпті дүние.
Үшінші қауіп-қатер – кез келген дәстүрді бірден мансұқтауға дайын тұрады. Оның түбі шариғаттың талаптарына және қағидаларына сай немесе сай еместігін, дұрысы мен бұрысына қарамай мансұқтап, түбіне балта шабуға шақырады. Бұл, әрине, Ислам қағидасы бойынша дұрыс емес. Өйткені, Ислам діні келгенде сахабалар дінді жер бетіне таратқанда дәстүрдің алуан-түрлері кездесті. Бірақ, олар елдің салт-дәстүрін бірден мансұқтамай, шариғатқа сай келетінін қалдырған. Бұрыс дәстүрлерінен халық өзі біртіндеп арылды.
Төртінші қауіп-қатер – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына қарсы астыртын үгіттеуі. Бұл дегеніңіз елдің діни тәлімі мен құлшылығын бір жүйемен жүргізіп отырған қара шаңыраққа өздерінің керағар пікірлерімен қарсылық көрсету.
Қазіргі таңда, «Нұр Мубәрак» университетінің магистрысыз. Ғылыми тақырыбыңыз қандай?
Иә, Алланың қалауымен осы университеттің магистартурасында «Әбу Ханифаның хадис іліміндегі дәрежесі» атты жұмыс жазып, қорғап шықтым. Аталмыш тақырыпты таңдауымның басты себебі көп жағдайда ханафи мәзһабында дәлел аз, хадистері әлсіз, көп мәселеге логикамен жауап беріледі деген әртүрлі негізсіз пікірлер айтылады. Ғылыми жұмысым соған қарсы ғылыми жауап ретінде жазылды. Екі жыл көлемінде жазылған еңбектің жас дін мамандарына және жалпы оқырманға пайдасы тисе екен деп Алла Тағаладан сұраймын.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Руслан ҚАМБАРОВ