«Ashyq» мобильді қосымшасы 13 мыңнан астам бизнес субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіруге көмектесті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Бизнес иелері QR-кодты пайдаланып, ПТР ортақ базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін анықтайды. Яғни ол белгілі бір адам коронавирусты тасымалдаушы ма, жоқ па деген сауалды нақтылауға мүмкіндік береді екен.

«Ashyq» мобильді қосымшасы пилоттық режимде жұмыс істеп, Қазақстанның барлық өңіріне енгізіліп жатыр. 26 сәуірден бастап «Ashyq» жобасы ҚР-ның Бас санитар дәрігерінің құжатындағы бұйрығына сай күллі Қазақстан бойынша жұмысын жалғастырды, ал 5 мамырдан бері барлық қоғамдық мекемелердің жұмысы толық қалпына келді.

 Айта кетейік, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған қалаларындағы қоғамдық орындардың жұмысы 14 сәуірден бастап Ashyq бағдарламасының пилоттық нұсқасы аясында жанданған еді.

«Атамекен» ҰКП Жетісу аудандық филиал директоры Айымбала Мешелованың айтуы бойынша, мекемеге келушілер қосымшаға кіріп, QR-код арқылы өзінің мәртебесін көре алады.

– Егер осындай «көк» түсті мәртебе шықса, ары қарай кіре береді. «Көк» және «жасыл» түске ешқандай кедергі жоқ. Ал «қызыл» және «сары» түсті мәртебесі бар азаматтардың мекемеге кіруіне тыйым салынады. Жоба карантин басталғалы жұмысына тыйым салынған мекемелердің қалыпты жұмыс жасауына және кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.

«Digital Innovation & Transformation» ЖШС директорының орынбасары Виталий Пустовойтенко – «Ashyq» мобильді қосымшасын құрастырушылардың бірі.  IT маманның айтуы бойынша, қосымша карантин шаралары кезінде Үкімет басшыларының жұмысын жеңілдетіп, COVID-19 симптомдарын анықтаудағы арнайы қызмет жүйесін ұсынған.

– Мәселен, «Өткен жылы билік пандемияға байланысты карантин қауіпсіздік шараларына баруға мәжбүр болған кезде, мен өз жұмысымда карантиннің экономикалық зардабынан құлдыраған өтініштері бар кәсіпкерлермен бірнеше рет кездестім. Біз бизнеске де, тұрғындарға да көмектесу мүмкіндігін іздедік. Қызмет көрсету салаларының кәсіпкерлеріне өз кәсібін қайта жандандыруы үшін тұтынушының деңгейін анықтап, қызмет көрсету не көрсетпеу шешімін қабылдау үшін жүйелі құрал керегі айдан анық.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ауғанстаннан елге оралған 35 этникалық қазақ қазір Алматыда карантинде жатыр

Сондықтан 2020 жылы біздің топ қысқа мерзімде Нұр-Сұлтан мен өзге аймақтарда мәселенің цифрлық шешімдерін тапты. Біз COVID-19 пациенттері мен контактілерінің үй карантиніне мониторинг жүргізу жүйесін, қаладан немесе облыстан тыс жерлерге кетуге рұқсат сұратуын, коммуналдық қызметтер үшін өтемақы алуға өтініштер беру мен бақылау жүйесін жасадық, – деген еді.

Үкімет «Ashyq» мобильді қосымшасын белсенді түрде енгізіп жатқанмен, Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкерлердің басым бөлігі жүйенің орнатылуын ұзақ күту қажет екенін айтады, ал кейбіреулері тіпті, бұл бағдарламаны мүлде қолданбайтыны анықталды.

Еске салсақ, елорда әуежайынан «Ashyq» қосымшасы «қызыл» мәртебе деп анықтаған 50 жолаушы жолдан қалды. «Оларға билеттің құны қайтарылады», – дейді жауаптылар. Ал, кеше Ashyq-тағы мәртебесін көрсеткісі келмей, төбелес шығарған азаматты әуежай сотқа бермек. Ол кіруге болмайтын есіктен өткісі келіп, рұқсат бермеген әуежай қызметкеріне қарсы шыққан.

Жүктемені азайту үшін қазір осы жүйемен істейтін «Айту» атты тағы бір бағдарлама іске қосылған. Ал, «Ashyq» қосымшасы бүгінге дейін 4 300 адамның «қызыл» және «сары» мәртебесін анықтаған. Олар вирус жұқтырғанын біле тұра ұшып кетуге және каферлерге кіруге ниеттенгендер. Жақында қосымшаға вакцина алған азаматтар туралы ақпарат енгізіледі.

                                                                                             Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу