Жаңалықтар

Ас бергенде қандай тағам түрлерінің болғаны дұрыс?

Алдағы уақытта Ақтөбе облысының аумағындағы мешіттерде берілетін тағам түрлеріне шектеу қойылуы мүмкін. Мешіт жанындағы асхана-дәмханаларда аста төк дастархан жасап, артық шығындану шариғатқа қайшы деген имамдар арнайы ас мәзірін бекітуді қолға алды.

—         Қазір садақа мәзірінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар десек, қателеспейміз. Бұрын қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Қазір мұның бірі де жоқ. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндер де кездеседі. Сондықтан садақа мәзірін бір ізге түсіруді қолға алмақпыз. Басты мақсатымыз-қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, садақа мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу, — дейді «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.

Қазір дін өкілдері мешіт ішінде сауалнама жүргізуде. Жұма намазына келген жамағаттан садақа кезінде дастарханда болу тиіс тағамдар туралы пікірлері сұралып жатыр. Сондай-ақ, бұл мәселе әлеуметтік желіде де талқылануда. Әзірге халықтың пікірі екіге жарылған. Бірі садақа дас-тарханында ұлттық тағамдардың болғандығын қалайды. Екіншілері қалтасы көтерген адам қалағанын қоюға құқылы деп санайды. Бұл шараның нәтижесінде алдағы уақытта облыс аумағына ортақ садақа мәзірін әзірлеу жоспарланып отыр.

Айта кетелік, осыдан екі жыл бұрын бұл бастаманы елімізде алғаш болып павлодарлық имамдар көтерген еді. Жергілікті Мәшһүр Жүсіп мешітінің имамдары арнайы ас мәзірін бекітіп, мешіт жамағатына ұсынған. Мәзірде бір ыстық тағам міндетті. Одан бөлек дін өкілдері дастарханға құрт, қоспа, қант, газдалған, газдалмаған су, май, бауырсақ пен шелпек қойылуы керек деп шешкен. Дін қызметкерінің айтуынша, алғашында қарсы болғандар да болған. Алайда мәзірден тыс тағамдарды дастарханға қойғысы келгендер мешіт талабын орындауға мәжбүр болыпты. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?! Сіздің ойыңызша, садақа мәзірінде қандай тағам түрлерінің БОЛҒАНЫ дұрыс? “Керек info” газетінің тілшілері көптің көкейінде жүрген сауалға қатысты қала тұрғындарының да пікірін білген еді.

Садақа мәзірінде қандай тағам түрлерінің болғаны дұрыс?

Ләззәт Баймурзина, зейнеткер:

— Өмір болған соң, барлығы болады. Менің ойымша, өмірден жас кеткен адамдардың садақасына жайылған дастархан аста төк болмауы керек. Қазалы үйдің қайғысын білдіретіндей, суық тартып тұруы керек. Ал 80-90 жастан асып, дүниеден өткен адамдардың садақасының дастарханы барынша жақсы болуы керек. Өйткені ол кісінің бірнеше жыл жинағаны болады деген сияқты. Ал қазір жастар дүниеден өтіп жатқанда, садақасында салат, балық сияқты тағамдар қойылып жатады. Оны өз басым әбестік көремін.

Балкенже Борамбаева, қала тұрғыны:

— Қазір той мен садақаның дастарханы бір болып кеткендей. Тойдың дастарханы бір бөлек, садақаның дастарханы бір бөлек болуы керек. Садақаға барған кезде көріп жүрем, жеміс-жидектерді толтырып, оны сәндеп қойып жатады. Бұл негізі, менің ойымша, дұрыс емес.

Асқар Тәкен, кәсіпкер:

— Садақада шығынданбау керек. Ас мәзірін әркім өзінің мүмкіндігіне қарай, салт-дәстүрден аспай жасауы керек. Бірақ қазір садақаға да неше түрлі дастархан жасайды. Дастарханға тойға қойғандай қылып неше түрлі тамақты қоятындар бар. Бұрындары бала кезімізде халық бес түйір бауырсақпен, қолында бар қаржысымен-ақ садақа жасай беретін. Қазір садақаға барсаң, үлкен тойға барғандай боласың. Бұлай болмайды, әрине.

Ерқос Қалмағамбетов, күзетші:

— Қазір садақада үлкен қылып дастархан жайып жатады. Мен оған қарсымын. Той мен садақа дастархандары бірдей болып кеткендей. Ең бастысы дастарханда бауырсақ, қант, май болса да жетеді.

Базарбай Қаражанов, жүргізуші:

— Бала кезімізде садақада бауырсақ пен май ғана болатын. Ал қазір дастарханда түрлі тағамдар мен қоса жеміс-жидектер қойылатын болып жүр. Қазіргі той мен садақаның дастархандарына ешқандай айырмашылық жоқ. Бұрындары садақада ең бастысы дастарханда ет, бауырсақ, май, тары, талқан секілді тағамдар қойылатын. Менің ойымша бұл дұрыс емес.

Гүлден Баримбетова, қала тұрғыны:

— Садақада қандай дастархан жаю керектігін алдымен молдалардан сұрап жаю керек секілді. Өз ойымды айтатын болсам жеміс-жидектер мен тәтті торттар садақа дастарханында болмауы керек. Әрине, ең бастысы алкогольді сусындар қойылмауы керек. Күнделікті өмірде қандай дастархан жаясың, садақада да сондай дастархан жайылуы керек.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close