4 шілде. KAZISLAM – «Арыстың балаларына» республикалық акциясына СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында жұмыс істейтін Аналар кеңесі алғашқылардың қатарында үн қосты, – деп жазады egemen.kz.

Достық үйіне жекелеген адамдар, кәсіпкерлер келіп, көмек қолдарын созды. Олар марафонға бір кісідей қатысып, зардап шеккен балаларды бірінші қажетті заттармен қамтамасыз етуді ұйғарыпты. Аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылованың айтуынша, қиын жағдайлар­да ауыртпашылықты бірге көтерісу – қазақстандықтар үшін қалыптасқан дәстүр. Мате­риалдық жанашырлықпен қатар моралдық жағынан да демеудің маңызы зор. Қайы­рымды жандардың қолдауы арқасында 15 шара өткізіліп, мектеп, кеңсе тауарлары, оқу құралдары, ойыншықтар, киім-кешек молынан жиналған. Оқушылар өңірдегі сауықтыру лагерьлерінде де демалатын болады. Сонымен қатар жүзден астам хат-тілектер, бейнероликтер дайындалған. 

– 1998 жылдан бері киім тігумен айналысып келе жатқан «Sens Fashion» компаниясының өнімдері үлкен сұранысқа ие. Түрлі қайырымдылық шаралардан да шет қалған емес. Осы жолы арыстық оқушыларға ар­нап мектеп формаларын әзір­леп әкеліпті. Жүректері мейі­рімге толы адамдарды акцияға белсене қатысуға шақы­ра­мын. Кішкентай бала­лардың тілеуін тілеп, қуантудан асқан бақыт жоқ, – дейді кәсіпорынның менеджері Людмила Климова.

 Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Бақытжан Сәмиева Айыртау ауданында Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісін өткізіп, тұрғындар тарапынан акция қолдау тапқан. Сол сияқты Мамлют ауданындағы Ана­лар кеңесі де игі іске белсене кірісіп кеткен.