Оңтүстіктің жұрты жыр қылып айтатын «Арыстанды-Қарабас желі» деген бір табиғи бренд бар. Оның леп-ағынын өз бойынан бір сезінгендер ұмытпайды, сырттай естігендер құбылысына қанық болып жүреді. Белгілі жазушы Дүкенбай Досжан тіптен оны кітабына атау қылып, шығармашылығына арқау еткен.

Дүлейіне дүлей енді! Халық танымында жанды, ашулы тіршілік иесі тәрізді жойқын бейне мен образ алып кеткен. Қиялында сұмдық мықты дәу. Бір тұрғанда үй-ғимараттардың шатырларын ұшырып, ағаштарды тамырымен жұлып, елді әбігер қылып, әрең басылады. Айтатындай бар-ақ. Бірақ сонысына қарамай, құтқарушы сипатын да өзіне сіңіріп алған.

Ел аузында баяғыда Арқаның бір қызы Арыстанды-Қарабас есіп тұратын біз жаққа келін болып түсіп, алты ай өтпей: «Арыстанды-Қарабас желіңді де, Шәуілдір, қабырғалы еліңді де…» деп қолын бір сілтеп кетіп қалған деген сөз бар. Ол жел, – жерлесіміз мемлекет қайраткері Ш. Мырзахметовтың аузымен айтқанда, бір күн тұрады, бір күн тоқтамаса, үш күн тұрады, үш күнде тоқтамаса, жеті күн тұрады, жеті күнде тоқтамаса, он бес күн тұрады, егер он бес күнде тоқтамаса, жиырма бес күнде тоқтамайды, бір ай тұрады. Егер бір айда тоқтамаса, тұп-тура үш айға созылады. Сондай бір заңдылығы бар.

Міне, осы желдің де пайда болу тарихы ел аузындағы әңгімелерге қарағанда жаралыс – табиғаттан бұрын Жаратқан уәлиі – рухани тұлға іс-әрекетінің нәтижесі болып шығады.

Ескі шежіре әфсана сырына үңілсек, «бұрынғы өткен заманда күнгейді мекендеген бір ауылдан ауру шығыпты» дейді. Ол өте жұқпалы, аса қатерлі ауру екен. Адамдардың көбі сол аурудан қырғын тауып, жаппай көз жұмыпты. Айналадағы елге де шапшаң тарала бастаған.

Сонда елдің қайғысын көрген Арыстанбаб мінажат етіп, құдайдан бұл ауруды ұшырып алып кететін жел тілепті. Алла Арыстанбабтың тілегін қабыл етіп, осындай арқалы жел беріпті. Кенет жел күшті соғып, ауылдағы ауруды алып кетеді. Осы самала лептен кейін ғана барып ауылдың адамдары ауру-дерттерінен айығып, жазыла бастапты-дүр.

Көнекөз қариялар «Бұл желді Арыстанбабтың жалғыз өзі, қара басы тілеп, елді апаттан алып қалғаны үшін «Арыстанды-Қарабас желі» аталған»  деп толғаған деседі.

Аңыз аңызымен, ең алдымен, Арыстанды-Қарабас – жер атауы екенін жоққа шығара алмаймыз. Айталық, Оңтүстік Қазақстан топонимикасы жинағына сәйкес Қаратау жотасынан басталып, Арыстанды өзен алқабының солтүстік-шығысынан соғатын дүлей желіміздің аты осы жер аттарымен байланысты шыққан екен (Қазыналы оңтүстік – Алматы: «Нұрлы әлем», 2011).

«Отырар энциклопедиясы» дерегіне қарағанда, бізден бөлек, бұл жел Бәйдібек, Ордабасы аудандары аумағында да ұйытқып тұрады. Мұндағы тұжырым бойынша ол таудың батыс және шығыс жоталары аралығындағы тар асудың әсерінен үдеп, атмосфераның өзімен бағыттас ауа ағынымен қосылған кезде күшіне мінеді.

«Желдің жылдамдығы секундына 30-35 метрге дейін жете алады. Ол қыста 22 градусқа дейін суытса, ал жазда аңызақ пен қуаңшылық туғызады. Жергілікті халық табиғаттың мұндай құбылысына әбден үйренген, оның соғатын күндерін де ерте бастан байқап, сақтанып отырады» (Оңтүстік Қазақстан топонимикасы).

Бірақ сонысына қарамастан, оны осы атыраптардың төл перзенті ретінде сүймеу де мүмкін емес пе дейміз. Оны өз басымыздан да байқаймыз. Жел тұрмай қалса, маза қашып, көңіл-күй дұрыс болмай қалатындай ма?! Қоныс аудара барған басқа ел безер болып жатқанда, Арқаның, Астананың өкпек желінің біздікілерге қоңыр самалдай жағатыны содан ба екен, кім білген?!

Мұндай ахуалды қалада үлкен қызметке жеткен бір ағамыз баспаға шығып, жинаққа енген туған жер тақырыбындағы өз жүрекжарды еңбегінде: «Мен бір сырымды айтайын. Ауданнан Шымкент қаласына қызмет бабымен ауысып келдім. Сонда ел жаққа екі-үш ай ат ізін салмай кетсем, денемнің бәрі құрысып-тырысып, мазам қашады. Ауру да емеспін, бірақ сау да емеспін. Мұндай сәттерде көлігіме отырамын да, «Шәуілдір қайдасың?!» деп тартып кетемін. Жол бойы құдайдан «Жел тұрып тұрса екен» деп тілеймін. Мен осы желді тілеп барамын ғой. Себебі, біздің жер сортаң келеді, яғни, тұзды. Әлгі жел ұрғанда сол тұзды шаң иегіңе қонады. Ерніңді жаласаң, тұздың дәмі келеді» деп жеткізген-ді («Ұлылар елі Отырар», «Шың» баспаханасы).

«Жел тұрып тұрса екен». Бұл осы жел тұратын аумақ халқының ділін айшықтайтын бір анықтауыш десек, артық айтқандық емес-ау. Яки жел стихиясын пір тұтудың бір белгісі! Былайша айтқанда, момындығы сондай, бір көтерілуі қиын, көтерілсе, басылуы қиын.

Даңқты айтыскер ақын, жыр ардагері Әселхан Қалыбекова өз қарсыластарына заманында құмды өңірден соққан кезде қара құйын болатын ерекшелігін еске алып, «Қарабас желі» болып үрлеймін» деп, өз мықтылығын паш ететінін аға ұрпақ әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл да этнограф зерттеушілер табылып жатса, қойын дәптерге түртіп алатын «этюд».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Қытымыр» сөзі қайдан шыққан?

Қош, әріден тартқанда Майлықожа ақын:

Арыстанды – Қарабас,

Арындап тұрған желі бар.

Алтын сандық қазірет,

Қаратаудың белі бар, – деп жырға қосқан көрінеді.

Беріде, Заттыбек топ болып, бейнебаянда айтқан, Нышан Төлегеновтың танымал әнінде шырқалғандай-ақ:

Арыстанды-Қарабас желі,

Ата-бабам күйін шертеді.

Ән мен жырдың мекені,

Сүйіп өтем бір сені! – демекші, талай ұлыларға шалқар шабыт сыйлаған ғажап табиғат тамашасы десек те болғандай.

Шәуілдірлік жас ақын Серік Сейтман оның асау құбылысын бекерден-бекер:

Көл де көсір болмаса да көктемі,

Шөл далада шөп атасы көктеді.

Құбылаға басын иді бәрінің,

Арыстанды-Қарабастың өкпегі, – деп өлеңге қоспаса керек. «Топырақтың қасиеті желдің қасиетімен астасқан» демеске лаж жоқ.

Ел аузындағы тағы бір аңыз әйгілі Әмір Темір Көреген өлімін де онымен былайша байланыстырады:

Қақаған қыстың күні жорыққа кетіп бара жатқан Ақсақ Темір Отырар өңіріндегі бір бекетте аялдап, қоналқа жасапты. Түнге қарай ауа райы қатты бұзылып, Арыстанды-Қарабастың дүлей желі одан сайын үдей түссе керек. Содан сол жерде Әмір Темірге суық тиіп, жасақ жолынан кідіруге мәжбүр болады.

Баста «екі-үш күнде сауығып кетер» деп ойлаған әмірі күн өткен сайын науқасы асқынып, халі нашарлай береді. Сөйтіп, оққа да, найзаға да алдырмаған жаны сірі қолбасшы суықтан мұрттай ұшып, ақыры сол жерде көз жұмған екен. Осыдан барып ел Ақсақ Темір қоналқа жасаған жерді «Темір» деп атап кетсе керек. Бүгінде бұл тарихи орын Отырар ауданының аумағында орналасқан (Оңтүстік Қазақстан топонимикасы).

«Батыр Ханбас Арыстанды-Қарабастың желі тұрғанда, сонау Түлкібас тауының етегіне барып тоқтап, Боранды үңгір дейтін таудың етегінде өзіне бөлінген қолмен демалып жатқан екен» (Қазыналы оңтүстік – Т.139)  деген де аңыз бар. Бұл «Абылайханның жалғызы» атанған, басқыншы жоңғар-қалмақтың қанын суша ағызған атақты Ханбас батыр хақындағы ел естелігі. Мұндайды тере берсек, көп. Тек шыдам керек.

Рас, «Қаратаудың етегінде, Арыстанды өзені бастауында жеті басты алып айдаһар бар, Арыстанды-Қарабас желі соның оянғандағы демі екен» деген де әңгіме айтылмай қалмайды. Бұрынғы замандарда батыр жігіттер алты басын шауып, жетіншісін шаба алмай, әулие ақсақалдар келіп, құран оқып, дұғамен тау тасына байлап тастаған-мыс. Қайта есін жиып, күш алғанда жел басталады. Шаршап-шалдығып құлағанда, қайта тынық ауа-райы орнайды. Осылайша, бұл құбылыс үздіксіз қайталанып тұрады.

«Арыстанды өзенінде, таудың сайында айперен үлкен арыстандар бар, олар ақырғанда жел басталады» дегенді де құлағымыз шалған. Ал осы жел ұғымынан туған жергілікті әзіл-қалжыңдар шоғыры ше? Тіптен, жел мәдениет негіздері қалыптасып үлгерген ғой.

«Бәрін айт та, бірін айт, Арыстанды-Қарабастың жырын айт!». Қалай десек те, аты мәшһүр желдің осы өңір ел азаматтарының мінезіне әсері әбден қаузалған тақырып. Отырардың бір баласы ретінде оны «Арыстанбабтың дұғасынан пайда болған жел» деп сенеміз. Үлкендер де «осы жел тұрғанда тұмау-сымау шегінеді» деп отырады.

Керек десеңіз, жуырда ғана елдің үстіне ажал сеуіп, сойқан жасаған атышулы коронавирус та әруақты желден соң саябырсыды деп әңгімеге азық болып отыр. Отырарлықтар үшін айдаладағы айдаһар-аждаһа да, ақырған арыстандар да бедел емес. «Әркім көргенінен танбайды» десек, ежелгі сәулет өнерінің бірегей ескерткіші, әулиенің әзіз денесі жай тапқан қасиетті кесене жанындағы ауылда өсіп-өнген бізге – Арыстанды-Қарабас желі де бабтардың бабы – Арыстанбабтай киелінің көзіндей, уілдеп соққаны, оқыған дұға сөзіндей көрінеді.

P.S. Осы маңда тіршілік ететін Маңғытай руының бір қызы алыстағы бір елге келін болып түскен. Неге екені белгісіз, сол келіншек келгелі мұнда алапат жел басталып, шаңы бұрқырап, бір басылмай қойған ғой, баяғы. Өстіп жүргенде, сол елге өз жұмыстарымен кездейсоқ маңғытайдың тағы бір тілді жігіті бара қалыпты. Қонақ етіп күтіп отырған жұрт оны қағытып, «Қыздарыңды алып едік, Арыстан желдерің бірге ере келді» деп тиіседі. Бұл сонда: «Енді бұл жерді анда-санда желдетіп, тазалап тұрмаса мүлде болмай кетеді ғой» деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұл негізінен «Көтен» және «Сасық» деген рулар мекендейтін елді мекен екен.

Ата намысына тіл тигізсек деген ойымыз жоқ. Жай өмірде болған бір оқиғаны айтып жатқанымыз. Кімде-кімнің көңіліне тисе, ғафу өтінеміз!

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,

мәдениеттанушы-лингвист,

Түркістан облысы,

Отырар ауданы

Пікір жазу