Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан «Ақтау-Агро» құс фабрикасы «QMDB HALAL» сертификатына ие болды.

Сертификатты «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы табыстады. Сертификаттауға облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Жұмабайқызы, Маңғыстау облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Сырымұлы, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Өсер Тоқтағанұлы, облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, «Халал Дамудың» жергілікті бақылаушы-инспекторы Мәжит Айтқожаев,  сонымен қатар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

«Маңғыстау облысындағы бройлер тауықтарды өндіретін бірден-бір ірі құс фабрикасы – «Ақтау-Агро». Кәсіпорын үстіміздегі жылдың көктемінде іске қосылды. Қазіргі таңда жергілікті сауда орындарында «Каспий құс» сауда белгісімен шығарылатын өнімдердің алғашқы партиясы сатылымға енгізілді. Жоспар бойынша құс фабрикасы облыс халқының тауық еті өнімдеріне қажеттіліктің жартысын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Облыс тұрғындары жылына орта есеппен 11,5 мың тонна тауық етін тұтынады, ал осы уақытқа дейін бұл өнім импортқа тәуелді болып келген» дейді Айбек Асқарбекұлы.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мұхтар Шахановтың ұлы Рауан Шаханов көз жұмды

Жаңа құс фабрикасының қуаттылығы – жылына 5 мың тоннаға жуық тауық еті дайындалады деп жоспарлануда. «Ақтау-Агро» кешені 3 үлкен алаңнан тұрады. Олар: инкубатор, 30 мың басқа арналған 16 құс қорасы,  ғылыми зертхана мен ветеринарлық пост бар. Құс фабрикасында сағатына 8000 мың бас тауық сойылады.

«Ақтау-Агро» құс фабрикасының өндірісі мен дайын өнімдері «Халал Дамудың» білікті мамандары тарапынан толықтай тексеріліп, нәтижесінде, аталған кәсіпорын «Мал бауыздау және ет өңдеу», «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға тасымалдауға және сатуға қойылған жалпы талаптар стандартына» сай деп танылды.

«Ақтау-Агро» – еліміздің батыс өңіріндегі отандық өнімдерді өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі. Сондықтан отандық өнімдерді қолдауымыз керек. Құс фабрикасына берілген «QMDB HALAL» сертификаты 12.07.2021-11.07.2022 мерзімі аралығында жарамды. «Каспий құс» өнімдерінің толықтай тексерілгендігін, халал стандарты талаптарына сай екендігін хабарлаймыз» дейді «Халал Даму» директоры.

Пікір жазу