«Раббың тек Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды» (Исра, 23)

Ана… Ана туралы сан мыңдаған ғасырлар бойы өлең де, жыр да, дастан да, кітап та, мақала да жазылып, кино да түсірілген. Бірақ, сол еңбектерден алған пайда бар ма? «Туһ шіркін-ай а!» – деп қана тілдің ұшымен тамсанғанымызбен, жүрегімізбен ұғына алдық па? Ананың қадір-қасиетін толықтай түсіне алдық па?

Осы тұста Қалқаман Саринның ана туралы өлеңі ойыма оралып отыр.

Асыл ана! Түсімде көрем сені,

Бұрынғыдай емессің неге еңселі?

Мен білсем, саған деген сағыныштың

Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Ананың қадірін шынайы түсінгіңіз келсе, балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген баладан не анасынан ерте айырылған адамнан сұрап көріңіз. Бұл сөзіммен, анасы қасында жүрген адамдар қадірін білмейді деп жатқаным жоқ, тек көпшілігіміз анамыз тірі болған соң, жанымызда мәңгі жүретіндей, қадір-қасиетіне жете алмай жатамыз.

Мен сізге қасиетті Құранда ата-ана туралы келтірілген сүрелер мен пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін тізіп жазбауды жөн көрдім, себебі ол қасиетті сөздерді азды-көпті біліп те, оқып та жүрсіз деп ойлаймын. Тек Алла Тағаланың мына аяттарын мақалама тиек еткім келді: «Адамдарға ата-анасына қамқорлық етуді өсиет еттік. Анасы оны әлсіздік үстіне әлсіздік шеге жүріп көтереді және екі жылда емшектен айырады. Маған және әке-шешеңе шүкірлік ет. Қайтар орның мен жақ (Алланың жағы)» (Лұқман: 13,14)

Жоғарыда келтірілген аятта «әлсіздіктерінің үстіне әлсіздене отырып өмірге әкелді» дейді Раббымыз. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», – деп текке айтпаса керек ата-бабамыз. Әсіресе қыз баласы анасының қадірін, алғаш жүрегінің тұсында баласын көтеріп жүргенде-ақ біле бастайды десем қателеспейтін шығармын.

Алланың құдіреті не деген шексіз!? Ананың балаға деген махаббатын айтамын. Тоғыз ай, тоғыз күн баласын құрсағында көтеріп жүру – ана үшін бірде қуаныш, бірде үміт, бірде үрей, енді бірде ауыртпашылық, бірде баласы үшін жауапкершілік сезімін сыйлайды. Осылайша, арпалысқан сезімдермен күресіп жүріп, баласымен қауышатын күнді аңсап күтеді. Ай күні жетіп, толғақ қысқандағы ауыруды сөзбен жеткізу мүмкін еместей. Егер сіздің басыңыз не аяқ-қолдарыңыз және т.б. мүшелеріңіздің бірі ауырса, сол жеріңізді қолыңызбен сипап, уқалап ауырғанын басқандай боласыз. Ал толғақ қысқанда, қай мүшеңізді ұстарыңызды білмейсіз, себебі бүкіл дене-мүшеңіз ауырады. Әйел толғатқанда өмір мен өлімнің ортасында болады деген ата-бабаларымыз.

Бір жазбаларда бірнеше сүйекті бір мезетте сындырғандай ауыру сезімін тудырады деп келеді. Өзі өлім мен өмірдің ортасында арпалысып жатып, өзім өлсем өлейін, баламды аман сақта деп жататынын қайтесің бұл аналардың?! Осы орайда есіме түскен бір оқиғамен бөлісе кетейін.

Өткен жылы қазақтың бір балуаны көршілес мемлекеттің балуанымен күреске шығады. Бастапқы раундтарда қазақ балуаны иығын шығарып, не сындырып алып, сол қалпымен күресті жалғастырып жеңімпаз болғанда бәрі шулап: «Жарақатына қарамай намысты қолдан бермей жеңіп шықты», –  деп мақтайды. Мен де қуандым жеңіс үшін, бірақ жер бетіндегі әрбір ана күн сайын жеңімпаз болып жатыр ғой деймін іштей. Бұл сөзіммен ерлер қауымын төмендетіп не өзімізге теңеп отырғаным жоқ, тек ананың қадірі сол балуандар секілді кейде еленбей калып жататынын айтқым келген.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  700-ге жуық кәсіпорын халал өнім өндіреді

Бұның бәрін ашып айтудағы мақсатым – анамыздың бізді дүниеге қандай ауыртпашылықпен әкелгенін көз алдыңызға елестеткім келді. Махаббатыңыздың, жылулығыңыздың, сүйіспеншілігіңіздің артуына себеп болса нұр үстіне нұр.

Бұл ауыртпашылықпен қоймай, түн ұйқысын төрт бөліп, «cіздің табаныңызға кірген тікен менің маңдайыма кірсе екен» деп мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бағып-қағып өсіреді. Біз өскенде кенеттен, үнемі анамыз жасаған тағам дәмсіз болып, сөздері маңызсыз болып, аспаннан аяғымыз салбырап түскендей, бәрін ұмытып кетеміз. Кейде анамыздың кейбір сөздері, іс-әрекеті оғаш көрініп тұрады ғой, құдды бір өзіміз қателеспейтін адам секілді ұрысып, жөндеп жатамыз. Олар үнсіз көнеді.

Бірақ, біз сол жерде бір нәрсені ұмытып кетіп жатамыз. Жалпы, кез келген адамның іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері – сол адам қалыптасқалы бері өмірінде жинаған сабақтары, білімі, көрген-түйгені, тәжірибелерінің нәтижесі емес пе, келісесіз бе? Ендеше, неге біз оларды өзімізбен салыстырамыз, біз білетін нәрсені олар білмегені үшін немесе біз секілді ойлап, сөйлемегені үшін неге ренжіп, сөйлеп жатамыз?

Бізге адамды қалай бар, солай қабылдау өте қиын. Өзімізге ыңғайлап, өзгерткіміз келеді де тұрады. Жай ғана бар болғаны үшін жақсы көре алмай жатамыз. Бірақ аналарымыз бізді тек бар болғанымыз үшін ғана жақсы көре алды ғой, неге бізге соны үйренбеске? Оларға бар керегі – біздің амандығымыз, бақытты болуымыз.

Бүгін анаңыздың үнін есіттіңіз бе, мейлі телефон арқылы болсын есітсеңіз, онда сіз бақыттысыз! Балалар үйіндегі балалар тым болмаса аналарын бір рет көріп, не бір рет үнін естіп, құшақтасам ғой деп армандайды. Ал бізге, достым, ол нығметті Алла сұратпай-ақ, жылатпай-ақ берді, шүкір етейік!

Дәл қазір өзіңізден сұрап көріңізші, анаңыз сізге шынайы жүрегімен разы ма? Әлде, балам үй-ішін асыраймын деп шаршап жүр, одан сайын жүрегін ауыртпайын деп, ренішін ішіне тығып, тек тілімен разы ма сізге? Мүмкін ол кісі сіздің көңіл бөлгеніңізді қалайтын шығар, мойнына асылып бетінен сүйгеніңізді, бәлкім тек құшақтап иіскегісі келетін шығар… Осы бақыттардан анаңызды да, өзіңізді де шектемеңіз, тегін ғой. Оларға бар керегі сіздің көңіл бөлгеніңіз, одан асқан бақыт жоқ оларға. Бұл сөздер өзіме де, сіздерге де өсиет.

Құрметті оқырман! Анамызға мейірімді болайық, анамыздың аяғының астында тұрған жәннаттың кілтінен құр қалмайық! Егер менің жазбам, бір адамның болсын анасына деген мейірімінің артуына себепкер болса, мендегі мақсат орындалғаны деп біліңіз.

Гүлмайра ТҰРЛЫБЕКОВА,

Ақтөбе қаласының

«Дін мәселелері және байланыс жөніндегі орталығы»

КММ теологі

Пікір жазу