Analife жобасы туралы не білеміз?

    0
    229

    Нұр-Сұлтан. 15 сәуір. KAZISLAM –  «Ана үйіндегі» қыз-келіншектердің кәсіппен айналысып, ақша табуына көмектесіп жүрген Enactus ATU командасының жетекшісі Жансая Ұзақбаева Analife жобасы жайлы айтып берді, — деп жазады Baribar.kz.

    Алматы технологиялық университетінің студенттерінен құралған команда жалғызбасты аналарға тігін курсын оқытып, олардың жасаған бұйымдарын әлеуметтік желіде жарнамалайды. Түрлі жәрмеңкеде сатуға көмектеседі.

    Enactus – жоғары оқу орнында оқитын студенттерінің өзара ынтымақтастығын жақсартуды көздейтін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты – студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуге атсалысу. Алматы технологиялық университетінде ұйым 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда креатив жастарға әрдайым орын бар. Олар жасына, мамандығына қарамастан социология, экономика, экология бағыттары бойынша жұмыс істейді. Студенттер өзгенің өмірін жақсартуға атсалысып, біреуге көмектесу үшін қол ұшын созады.

    Analife – команданың «Ана үйімен» бірігіп жасаған жобасы. Жоба жылдың басында Алматыда өткен жастардың креатив жобалары мен идеяларының «Жобалық Start» атты байқауында 3-орынды жеңіп алды.

    Қазір қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесетін «Ана үйі» әлеуметтік жобасы бар. Мұнда жалғызбасты аналарға түрлі моральдық, материалдық көмек көрсетіледі. Балаларын жетімдіктен құтқарады. Бірақ онда қыз-келіншектердің жеке бизнесін ашып, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Жансаяның командасы осы олқылықтың орнын толтыру үшін Analife жобасын жүзеге асырды.

    Жансая Ұзақбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

    — Біз олардың уақытын пайдалы өткізіп, сонымен бірге ақша табуына мүмкіндік береміз. Analife жобасы арқылы әйелдерді тігін курсын өткізіп, осы кәсіптің қыр-сырын үйретеміз. Олардың бұйым шығарып, сатуына, сол арқылы арқылы ақша табуына мүмкіндік береміз, – дейді Жансая Ұзақбаева.

    Оның айтуынша, команданың бастапқыда 10-15 анаға тігіншілікті үйретеміз деген ойы болған. Бірақ бәрі олар ойлағандай бола қойған жоқ. Біреуінің бұл іске икемі келмеді, ал енді біреуі бұл кәсіпке мүлдем қызықпады.

    — Өкінішке қарай, үш анаға ғана тігін машинасында қалай жұмыс істеу керек екенін үйреттік. Әрі қарай олар бұл кәсіпті өздері игеріп, алып кетті. Біздің жұмысымыз тапсырыстарды айтып, дайын болған бұйымды сатуға көмектесу болды. Оны түрлі жолмен: әлеуметтік желі, жәрмеңке, дүкендер арқылы саттық. Жалғызбасты аналар тіккен сөмкелерді мектепте, университетте жұмыс істейтін мұғалімдер көріп, қатты қызықты. Қоғамдық көліктерде де адамдар көріп, тапсырыс беріп жатты, – дейді команданың жетекшісі.

    Сонымен қатар, көпшілікті команда жобаға қаржыны қайдан алады деген сұрақ қызықтыратын шығар. Бір қызығы, команда жобаны жүзеге асыру үшін еш жерден қаржылай көмек сұрамаған. Бар қаражатты өздері тапқан. Команданың алғашқы табысы – «Жобалық Start» байқауында 3-орынға берілген 50 мың теңге.

    Командамыз екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Коммерциялық жобалар бойынша ақша тауып, сол қаржыны осындай әлеуметтік жобаларға жұмсаймыз. Студенттер арасында тимбилдинг ұйымдастырамыз. Оларды тауға, қаланың әсем жерлеріне саяхатқа шығарамыз. Оған қоса, адамның аты жазылған білезіктер жасап, әлеуметтік желіде саудаға шығарамыз. Осындай жобалардан командамызға ақша түсіп отырады. Сондықтан басқа мекемекелерге, компанияларға қаржы сұрап, бармадық, – дейді Ж.Ұзақбаева.