Күндердің күнінде бір ғалымға шәкірті келіп:
– Ұстаз, маған түсіндіріңізші, неге осы менде сіз секілді көзім, басым бола тұра сіз білетін, аңғаратын нәрселерді мен білмеймін әрі көрмеймін? – дейді. Мұны естіген ғалым үнсіз орнынан тұрып, кітап сөресінен шәкірті түсінбейтін көне жазбаны алып келеді де:
– Мұнда не көріп тұрсың? – дейді. Шәкірт:
– Түсініксіз көне жазбалар, – дейді. Сонда ұстазы:
– Сенің алдыңда тұрған – мұсылман басшыларының бір-біріне жазған хаттары. Мен сендей кезімде өзімнің білімсіз екенімді ашық мойындап, сол кемшілігімді толықтыру үшін арнайы түрлі тілдер мен дінді оқып, өзімді білім іздену жолында қамшылаған болатынмын. Дәл осылай жасасаң, мен білетін және аңғаратын дүниелерді сен де біле аласың, – деген екен шәкіртінің басынан сипап.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы