– Ғалым Нұрмағамбетұлы, Елбасымыздың бұл Жолдауы бұрынғы Жолдауларға қарағанда өзгешелеу болды. Оның себебі неде?
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, менің пайымдауымша, қазақстандық қоғамның барлық топтарын алдағы уақытта кездесуі мүмкін қиындықтарды бірлесе отырып еңсеру қажеттілігіне бағытталған. Әсіресе, ол экономикалық салаға тікелей байланысты. Өйткені, жұдырықтай жұмылып, ерекше ұйымшылдық танытылған жерде кез келген қиындықты жеңуге болады, тіпті күрделі деген проблеманың шешімін табуға да болады. Елбасымыз, сондай-ақ, әлем халықтары тап болып отырған экономикалық дағдарыс салдарының жеңіл болмайтынын да атап өтті. Біздің еліміз мұндай дағдарыстармен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Экономикалық дағдарыстардың бірнешеуін бастан кешірдік. Ұйымдастырушылық, шыдамдылық және түсіністік танытудың нәтижесінде оны ойдағыдай еңсере білдік. Әлем елдері душар болған бұл қиындықтардан да онша көп шығынданбай өтетінімізге сенімдімін.
– Президент өз Жолдауында жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезініп отырғанына да назар аударды…
– Назар аударумен қатар, Елбасы нақ осы мәселелер Таяу және Орта Шығыс аймағы мен Солтүстік және Орталық Африка өңірінде тұрақсыздық пен жанжалдардың өрши түсуіне, оның соңы мыңдаған бейбіт тұрғындардың босқын атануына әкеліп соқтырғанын атап өтті. Қазіргі заманғы әлемдік даму кезеңі жаһандық экономика мен саяси үдерістердің өзара байланысы халықаралық аренаға шыққанын тағы бір дәлелдеп отыр. Бұған мысал ретінде барлығымыз күнде куә болып жүрген өткір әрі өзекті халықаралық проблемаларды келтіруге болады.
Бүгінде әлемдегі ірі мемлекеттер өздерінің саяси мүдделері қақтығысына енді бір-біріне қарсы санкциялар салу мәселесін экономикалық құрал ретінде пайдалана бастады. Міне, осылайша экономика саяси жағдайлардың «тұтқынына» айналып отыр. Ал бұл онсыз да жаһандық дағдарыс көріністері айқын сезіліп отырған кезде экономикалық көрсеткіштердің өсімін едәуір тежейтіні және халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететіні белгілі.
– Жолдауда, сондай-ақ, бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қауіп-қатер төндіріп тұрғаны да аталды. Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Өкінішке қарай, соңғы жылдары халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің жиірек көрініс беруі әлемдік экономикаға да айтарлықтай қысым көрсетуде. Осы проблемаларды шешуге ірі державалардың әртүрлі жолды пайдалануы шынымен де ойлантады. Елбасымыз атап өткендей, тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы әлемдік қоғамдастықта тұрақсыздық пен дау-жанжалдардың өршуіне алып келеді. Тіпті, бұлар егемен елдің мемлекеттілігінің жойылуына соқтыруы да мүмкін.
Мемлекет басшысы әлемнің дамуы жаһандық проблемалар мен әлемдік және өңірлік күштер орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестік жағдайында жүретінін, сонымен қатар, еліміз өзінің егемендігін әрі қарай нығайта беретінін көрсетіп берді. Ал жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біздің еліміздің халқы нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоятын болады.
– Осы іс-қимыл стратегиясының негізгі мәнін атап өтсеңіз.
– Президент бұл жерде ауқымды жаңа бастамаларды қайта-қайта көтере бермей, бұған дейін қолға алынып, жұмысы жүріп жатқан істерді соңына дейін жеткізуді ұсынып отыр. Екіншіден, Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын, әсіресе, мемлекеттік органдарды артық шығындарға жол бермей, қаражатты ыждағатты әрі үнемшіл қожайын сияқты жұмсауға шақырды. Сонымен қатар, тиімсіз бюджеттік шығыстарды оңтайландыруды, оның ішінде өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларына жеке капиталды тартуды тапсырды. Үшіншіден, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бұрынғысынша басым міндеттердің бірі болып қала береді…
– Жолдауда Елбасымыз қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің өзекті мәселе екеніне де тоқталып өтті ғой.
– Оны ретіне қарай айтатын боламыз. Жаңа атап өткенімдей, бюджет шығындарының мүмкіндігінше оңтайландырылатынына қарамастан, Президент мемлекет тарапынан нақты көмекті қажет ететін топтағы тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету көлемін арттыруды тапсырып отыр. Бұған қоса, енді әлеуметтік сала қызметкерлері мен төменгі және орта буын мемлекеттік қызметшілерінің де еңбекақылары көбейтілмек.
Қойған сұрағыңызға келсек, Елбасымыз қоғамда әлеуметтік әділеттілік өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Мұнда негізгі мәселе Мемлекет басшысының қалтасы қалың, қаражаты мол адамдарды ел экономикасын әрі қарай тұрақтандырып, дамытуға шақырғандығында жатыр. Бүгінде миллионер немесе миллиардер атанған адамдар мемлекеттің қолдау-көмегімен осындай дәреже-деңгейге жеткендері жасырын емес. Жаһандық экономикалық дағдарыс салмағы елдің иығына түскен шақта, олар да сырт қалмай, елімізді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға үлес қосулары тиіс деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы: «Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер», – деді. Осыны таратып көріңізші.
– Жаһандық дағдарысты пайдалану идеясын Қазақстан экономикасының ішкі мүмкіндіктерін кеңейтумен және дағдарысты еңсергеннен кейін еліміздің қуатты мемлекеттердің біріне айналуымен байланыстырған жөн. Бұл жерде сөз өзіміздің өндірісті дамыту, шетел инвесторларын тарту, басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру, мемлекеттік меншікті жекешелендіруге қазақстандықтардың қатысуын қамтамасыз ету, тағы басқа да мәселелер жөнінде болып отыр. Дағдарыс – келеді де кетеді, ол мәңгілік емес. Сондықтан абыржып, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің еліміз Тәуелсіздіктің 24 жылы ішінде көп іс тындырды, биік асуларды бағындырды. Небір ауыртпалықтар мен қиындықтарды бастан кешті, бәрін де мойымай көтеріп, жеңе білді. Дегенмен, енді біздердің көрпеге қарап көсілуімізге тура келеді.
– Президент елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға, даму мен өсімге лайықты үлес қоса алатын жастарға да сөз арнады.
– Мемлекет басшысы жастарға қаратып айтқан сөздерінде еліміздің болашағы – жастар білімді, бастамашыл және белсенді болуға қазірден бастап дағдылану, бейімделу керектігін атап өтті. «Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы, – деді Елбасы осы жөнінде. – Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады». Осы айтылғандар тек жастарға ғана емес, барлығымызға ортақ мәселелер. Себебі, озық технологияны меңгерген адамға қай кезде де сұраныс көп. Сұранысқа ие жан ешқашан нашар өмір сүрмейді.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».