Кездескен бойда: «Дінді үйренсем деп едім, маған ұстаз бол» деп қолқа салады. Әлгі ғалым: «Алдымен не үйренгің келеді?» деп сұрайды. Хатими Әсам: «Алдымен маған дәрет алуды үйрет» дейді. Бұны мақұл көрген ғалым баппен дәрет алып, әр мүшесін үш реттен жуып шығады. Бәрін бақылап отырған Хатими Әсам оған «Енді мен дәрет алайын, қателерім болса, түзетерсің» деп, дәрет алуға кіріседі. Алайда, шынтақтарына келгенде үш рет емес, төрт реттен жуады. Бұны байқап қалған ғалым:
– Суды ысырап еттің, – деп ескертеді.
– Мен қай жерде ысырап еттім? – деп қарсы сұрақ қояды Хатими Әсам.
– Қолдарыңды шынтақтарыңмен бірге үш рет жуудың орнына сен төрт рет жудың, – дейді ғалым. Осыны күтіп тұрған Хатими Әсам сонда оған: «Менің бір ұрттам суды ысырап еткенімді қалт жібермедің, ал өзіңнің күн сайын басқа нәрселерге көп ысырап жасайтыныңды неге көрмейсің?!» дейді.
Ғалым кісі Хатими Әсамның дін үйрену үшін емес, өзіне сабақ беру үшін келгенін сол мезет түсініп, үйінен шықпай қырық күн тәубе еткен екен.
Құдайберді БАҒАШАР