– Алтынбек Ұтысханұлы, бүгінгі жастар арасында Ислам дінін ұстану жолына жаппай бет бұрушылық бар. Әсіресе, кейінгі буынның құбылаға бет бұрып, тізе бүккені қуантады, әрине. Алайда, сол жастардың ішінде жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқандары да аз емес екенін мойындауымыз керек. Осы орайда, бөгде сенімге ергендер ең алғаш жерімізге қалай табан тіреді және олармен күрес қай деңгейде жүруде? Дәл қазіргі ахуалды әңгімелесеңіз.
– Ең әуелі Алла тағалаға сансыз шүкіршілік етеміз. Себебі, қазақ еліндей ел берді, кең байтақ жер берді. Ол жерді сан алуан нығметтерге бөлеп, сол нығметтерге біздің қайта айналып келуімізді нәсіп етті. Осындай кең байтақ даланы ата-бабаларымыз қызғыштай қорғап, бізге аманаттап қалдырған. Бір кездері сол жеріміз де, тіліміз де, дініміз де, діліміз де құрдымға кеткен-ді. Мешіттер қиратылып, қасиетті құрандар өртелді, білімді молдалар өлтірілді. Алайда, Алланың қалауымен тәуелсіздігімізді алдық, жаңағы айтқан құндылықтарымызбен қайта қауыштық, дініміз бен тіліміз қайтадан өзімізге оралды.
Тарихқа бір үңілсек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мекке шаһарында ең алғаш сахабаларының басын қосып, «Ислам дінін жер бетіне жаямыз» дегенде, көптеген зәбірлік көріп, зорлық-зомбылықтардың астында қалып еді. Содан кейін Алланың әмірімен Мәдинеге көшті. Артынша сол қаладан Ислам діні әлемге тарады, қанат жайды. Жаратқанның қалауымен Мекке қайтадан ашылды. Осы уақиғаның алдында сүйінші іспетті «Насыр» сүресінің түскені бар. Онда «Алланың жеңісі мен жемісін көрген адамдар дінге топ-тобымен бет бұрып, кіреді. Және біліп, білмей істеген күнәлары үшін истиғфар, яғни, кешірім сұрайды, Аллаға мадақ айтады. Шын мәнінде, Алла тағала оны қабыл етуші» деген аяттар бар. Дәл осы сүренің астарына қарап отырсақ, мәні Қиямет қайымға дейін жалғасатын Құран кәрімнің осы жолдары қазақ еліне де қатысты айтылғанын ұғамыз. Мұндағы «Алланың жеңісі мен жемісі» – тәуелсіздігіміздің қайта оралуы. Мұны неге айтып отырмын? Жалпы, адамзат баласының жаратылысын алып қарайтын болсақ, екі нәрседен – жан мен тәннен тұрады. Тәні күнделікті ішіп-жеумен қанағаттанса, жанымыз, яғни, рухымыз Жаратушы Иемізді, өзімізді жоқтан бар еткен, құдіреті күшті иемізді тауып, соған иланып, иман келтіріп, сенгенде ғана жай табады. Міне, біз егемендігімізге қол жеткізбес бұрын осы тәніміз жай тапқанымен, рухымыз қиналып келді, бір сөзбен айтқанда, аштықта болды. Азаттығымызды еншілегеніміз сол еді, рухани аштықта болған қаншама адам жанына азық, бағыт-бағдар іздеп жан-жаққа оқуға кетті. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деп бабаларымыз айтқандай, қай мемлекет оған қызық болып көрінсе, мағлұмат береді деп естісе, сол жаққа ауып бара берді жастарымыз. Қарны ашқан адамға қатқан нанды берсеңіз, жеп қояды ғой, сол сияқты, олардың барған елі не берсе, соны ала берді. Ол біздің дәстүрімізге, ата бабаларымыздың ұстанған жолына, сенімімізге сай келе ме, келмей ме, бұл мәселелерге назар аудармады. Тәлім-тәрбие, дәріс алған сол елдің, сол жердің, сол ұлттың дәстүрін де, идеологиясын да, салтын да бойларына сіңіріп алды. Осылайша рухани жағын толтырып, 2000-2001 жылдары елімізге орала бастады. Содан кейін алған білімдерін біртіндеп халыққа бере берді. Халық та рухани аш, кім не айтса, соның жетегінде кетті. Ол алдап-арбап жатыр ма, оның айтқаны дұрыс па, бұрыс па, отбасына, жеке тұлғасына, мемлекетке қаншалықты зиян, зиян емес пе? Бұл сауалдардың парқына бармады. Біздің елімізге радикалды ағымдардың, ата-бабаларымыздың ұстанған жолына қарама-қайшы діндердің келуі осылай басталды. Бұл біздің етек-жеңімізді енді жия бастаған тұс болғандықтан, бұл келеңсіздікке заңымыздың осалдығы да себеп болды.
Енді жат ағымдардың алдын алу үшін, оларға тойтарыс беру үшін кадр мәселесін жетілдіру қажет еді. Өйткені, адасқандарды тура жолға салатын – тек қана сауатты маман. Ал ол кезде елімізде бар-жоғы жиырма бес мешіт қана бар болатын. Бүгінде, Аллаға тәуба деуіміз керек, үш мыңға жуық құлшылық үйіміз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір университет, тоғыз медресе ашылды. 2005-жылдардан бастап бұл оқу орындарынан жыл сайын қаншама түлек білім алуда, елімізге қызмет етуде. Діни басқарма содан бері әлі күнге кадрлар біліктілігін арттырумен келеді. Бұрынғы имам-молдалардың білімін жетілдіре түсу мақсатында арнайы Ислам институтын аштық. Міне, осы оқу орындарымызды, ғылыми орталықтарымызды көбейте берсек, бұл халықтың сауатын ашады. Ал халық сауатты болса, радикалды ағымдарды жою әп-сәтте.
– Сіз діни басқарманың жалпы және жастар ісі бөлімін басқарып отырғандығыңыздан, негізгі сауалдарымыз да осы бағытта өрбімек. Сол жастарымыздың арасында суицид жағдайларының жиі орын алуы қоғамды алаңдатып отырғаны рас. Бұл дәстүрлі дініміздің насихатының кемдігінен бе, әлде, кеңестік идеологияның санамызға соншалықты сіңіп қалғандығынан ба?
– Суицид дегеніміз – өз-өзіне қол жұмсау ғой. Өз-өзіне қол жұмсауға біздің дініміз де, шариғатымыз да қарсы, Исламға қайшы. Тіпті, ата-бабаларымызда да болмаған.
– Мен де соны меңзеп сұрап отырғаным ғой…
– Алайда, бұл нәрсені кеңестік идеологиядан қалған деп те айта алмаймыз. Адамның өзін-өзі жетілдіре алмағанымен, бағыт-бағдарын дұрыс таба алмауымен және болмашы дүниенің кейбір қиындықтарына шыдамағандығымен, олардың парқына бармауымен, тереңіне үңілмеуімен байланыстыру керек. Бір сөзбен айтқанда, сабырсыздықтан, шайтанның арбауына, алдауына көніп кеткендіктен барады суицидке. Ал мұның алдын алу үшін ең әуелі өзіміздің ата-бабаларымыз ұстанған Ислам дініне шындап бет бұруымыз керек. Тек Исламға сеніп, қасиетті Құран кәрімді оқып үйреніп, оның астарында не айтқанына үңілетін болсақ және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін жаттап жетілетін болсақ, суицидтің тамырын кесеміз, алдын аламыз.
– Яғни, бұл біздің иманымыздың, имандылықтың әлсіздігінен ғой.
– Иә. Және «Иман отбасынан басталады» десек, әрбір отбасындағы әке-шешенің тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Көптеген ата-аналар балаларының киім-кешегіне, қарнының тоқтығына, яғни, тәнінің қалауына ғана мән береді де, ішкі болмысы, рухани жағына назар аудармайды. Сондықтан баланың санасына дұрыс бағыт-бағдар берілмейді, имандылық нұры құйылмайды, рухани жағынан қалыс қалады. Әрбір ата-ана баласының келешегіне жаны ашыса, оның кіммен араласатынына, қандай білім алып жатқанына мән бергені абзал. Ал имам әр отбасына барып, «Сенің ұл-қызың олай істеді, бұлай істеді” деп шағымдана алмайды ғой. Діни басқарманың, мешіттердің, дін қызметкерлерінің жұмысы – сайттарды ашу, кадрларды күшейту, кітаптар шығару. Аллаға шүкір, мұндай шаралар дұрыс қолға алынуда. Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан мешітінде арнайы діни таспалар шығарылуда. Аймақтардағы әр мешіттің дұрыс мағлұматқа толы сайттары бар. Осыларды шолған әрбір ата-ана ойлануы керек, мешіттерге барып баласының рухани болмысына не керек екенін іздегені жөн. Әр бала имандылық жолымен есейсе, жастарымыз суицидке де бармайды, зинақорлықтың да алдын аламыз, аборттың да жолын кесеміз. Міне, адамның адамгершілігі – имандылығында. Біз жастарымызға имандылықпен қоса, дүнияуи білімді беретін болсақ, олар қос қанатты құс секілді, алысқа самғайды.
«Әрбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, мен оларды өзгертпеймін» деген Құранда Алланың сөзі бар. Қауым отбасыдан, отбасы жеке тұлғадан басталады. Жеке тұлға өзін-өзі өзгертпей, Жаратқан Иеміз оны өзгертпек емес. Жеке тұлға «Маған қай имам не айтады екен?» деп қол қусырып отырмай, өзі ізденуі қажет, іздену арқылы білім алcын, иманын күшейтсін, иманын күшейту арқылы бүкіл жаман әрекеттердің алдын алады.
– Алтынбек Ұтысханұлы, аға буын бүгінгі ұрпақтың намыссыздығын, рухсыздығын жиі айтады. Сол болашақты рухтандыру үшін, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін Ислам дінінің қай тармағын немесе қай кезеңін көбірек оқытқанымыз дұрыс?
– Бұл сауалға былай жауап қатар едім, ең алдымен пайғамарымыз, екі дүние сәруәрі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірбаянына жүгіну керек. Өзін мұсылманмын деп санайтын әр пенде «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с) Оның Елшісі» деп Кәлима-и-шәһадат айтады және иман келтіреді. Ал енді сол Алла Елшісінің (с.ғ.с) ғұмыр жолына үңіліп көріңізші, Оның (с.ғ.с) басынан қандай қиындықтарды өткергенін, кедергілерден қалай жол тапқанын, Отанына қалай қызмет еткенін, туған жеріне, еліне деген сүйіспесншілігін аңғарасыз. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мекке қаласында туды. Сол шаһардағы кәпірлер мен мүшріктерден зорлық-зомбылық көре бастағаннан кейін Жаратушының әмірімен Мәдинеге хижрат етті, яғни, көшті. Сол қоныс аудару кезінде жолда бір ауылға түсіп, Меккеге ұзақ уақыт қарап тұрды. Содан кейін «Жер бетіндегі ең қастерлі де қадірлі мекен сенсің. Егер тағдырдың тауқыметін көрмегенімде сенен бір сәт те айырылмас едім» деген. Бұл Адамзаттың ардақтысының (с.ғ.с) туған жеріне деген сүйіспеншілігін айғақтайды. Одан қала берді, Мәдинеге барғаннан кейін де Мұхыт тауына қарап тұрып: «Ей, Мұхыт, сен бізді сүйесің! Біз сені сүйеміз!» деп тау-тасына дейін сүйіспеншілігін көрсетті. Дәл сол сияқты, біз де өз жеріміздің, еліміздің Алланың берген байтақ нығметтерін түсіне білгеніміз жөн. Отанын, мекенін қорғау адамзат баласының негізгі борышы һәм міндеті екенін ұғынғанымыз абзал. Ең бастысы, әр тау-тасымызға Алладан нәсіп етілген аманат деп қарауымыз керек. Жастарымыз осыны түсінгені, түйсінгені дұрыс. «Аманатқа қиянат жасау – екіжүзділердің белгісі» деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтып кеткен. Осынау байтақ даланы кешегі күні ата бабаларымыз қанымен, жанымен қорғап қалса, енді оны қызғыштай қору жастардың міндеті деп білуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Біз – «Мәңгілік Елміз». Болашағымыз – жастардың қолында» деп әрдайым айтады. Сол жастардың Аллаға деген сенімдері бекем болса, Отанымызды да қорғай алады.
Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ғұмыр жолынан да, хадистерінен де Отанға деген, жерге, елге деген сүйіспеншілікті аңғаруға болады, яғни, жастардың да жүрегіне соны сіңірсек, насихаттасақ, рухы биік ұрпақтың қалыптасары сөзсіз. Ата бабаларымыз да «Отанды сүю – иманнан» деп бекер айтпаған. Иә, Отанды құрметтеу иманнан басталады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп те айтамыз. Құдайды танымаған жан елін де, жерін де, тәуелсіздігін де, дінін де, ділін де танымайды, жанашырлығы болмайды. Ол адам басына қиындық түскен кезде осы құндылықтарды сатып кете салуы да бір пәсте. Кез келген уақытта басын сауғалап қашып кетуі бек мүмкін. Жастардың санасында адамның емес, Алланың құлымын деген ой, сезім болса, оның жүрегінен патриоттық та, отансүйгіштік те табылады. «Алланың разылығы үшін» деп білім алған адам, еліне, жеріне Алланың ырзалығы үшін қызмет ететіні ақиқат.
– Қазіргі кезде «Мешіттерде жұма уағыздарын, басқа да насихаттарды орыс тілінде де айту керек» дейтін дін мамандары бар. Себебі, жат ағымдардың жетегінде кеткен жастардың дені орыс тілділер көрінеді. Білуімізше, бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары өтті. Аталған бастама немесе ұйымдастырылған шаралар қаншалықты нәтижесін береді деп ойлайсыз?
– Расында, орыс тілді жастар өзіміздің ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді біле бермейді, оның парқын ажырата алмайды. Сондықтан радикалды, жат ағымдарға дереу сеніп, тез еріп кетіп жатады. Біз де осындай әрекеттерге сай кадрларымызды жасақтауымыз қажет. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін қызметкерлеріне көптеген тапсырмалар берді. Олардың дені орындалу үстінде. Мәселен, осы елордадағы «Нұр Астана» медресесінің жанынан орыс тілділер үшін арнайы бөлім ашылды. Сонымен қатар орыс тілінде уағыз айтатын республикалық ақпараттық насихат топтары құрылды. Оған сол тілді жетік білетін сауатты дін мамандары тартылды. Енді аймақтардағы орысшасы төмендеу имам-молдаларды Татарстандағы, Ресейдегі діни басқармаларға үш төрт айлық курстарға жібермекпіз. Олар орыс тілді мемлекеттердегі мешіттерде болып, орысшасын жетілдіріп, білімдерін пысықтап, тәжірибе алмасып қайтады. Бұл шаралар жемісін беретініне сену қажет. Өйткені, жат ағымдардың осындай түйткілдерін аңғарып, сол бағытқа күш жұмсасақ, олардың алдын аламыз.
Шынында, ағым деген нәрсе, аты айтып тұрғандай, ағып кете салатын нәрсе. Жастардың көпшілігі емес, аз бөлігі сол ағымдардың жетегінде. Ал біз көпшіліктің сауатын ашып, иманын жетілдіріп жіберсек, әлгі аз ғана бөлігіміз толқынмен шеттетілген қоқыстай жоғалып кетеді, Иншалла. Тек бұл бағыттағы шаруада сергектік танытып, шаршамау қажет.
– Алтынбек Ұтысханұлы, негізі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында неше кісінің бөгде ағымдардың жетегінде кеткені немесе төл дінімізге оралғаны жөнінде нақты мәліметтер бар ма?
– Біздерде нақты осындай деген мәлімет жоқ. Алайда, шамамен айтсақ, имамдарымыздың былтырғы мәліметтеріне жүгінсек, 2300-2500-ге жуық бауырымыздың асыл дінімізге қайта оралғанын көреміз. Бірақ, сіз айтқандай сауалға нақты жауап беру қиын. Мысалы, бізде он алты миллион халық бар. Оның он бір миллионын мұсылман деп алсақ, осы санның ішінде бір миллионы намыз оқиды ма, оқымайды ма, белгісіз. Оның ішінде күнделікті бес уақыт намаз оқиытынын бес жүз мың деп алайық. Қалған бес жүз мыңы жұма, айт намаздарына баратын болар. Ал оның ішіндегі радикалды ағымның жетегіндегілер, әрине, санаулы ғана. Бірақ санаулы ғана екен деп қол қусырып отыруға, жайбарақ қарап жатуға тағы болмайды. Олай етсек, жат ағымдағылар бағыт-бағдарын жоғалтпай, насихаттарын жалғастырып, тамырын тереңдете береді. Сондықтан бағанағы он миллионның, құрығанда, жартысының сауатын ашып, иманға жақындатсақ, сол санаулы адасқандардың жолын оп-оңай кес-кестейтін едік. Ол санаулы жат ағымдықтардың ішінде әлі ақ-қараны ажыратып үлгермеген әрі-сәрі күйде жүргендердің барын да ескеруіміз керек. Оларға дер кезінде дұрыс жолды көрсете алсақ, қатарымызға қосылады. Олар да біздің бауырымыз, біреуіміздің ағамыз, біреуіміздің қарындасымыз дегендей, тек жанашырлықпен, шынайы түрде тура жолды нұсқай білгеніміз жетпейді.
– Соңғы сауалымыз, өзіңіз білетіндей, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Міне, содан бері де жарты жылдан асып кетті. Аталған жоба бізге не берді, дінімізге қандай пайдасын тигізді?
– Жастарымыздың жат ағымдарға еріп жатқандығының басты себебі – ата-баба жолын дұрыс түсінбеушіліктен. Және дәстүріміздің жоғалып бара жатқандығынан немесе соны ұғына алмағандықтан. Енді дін мен дәстүр ұғымдарының екі бөлек нәрсе емес екендігін халыққа насихаттауымыз қажет. Екеуі бір-бірімен ұштасып жатыр, бабаларымыз оларды бір-бірімен үйлестіре білген. Біз осыны бүгінгі буынға жеткізе білсек, көпшілігіміз осы тура жолға түссек, жат ағым да, дәстүрлі емес діндер де жоқ болып кетеді бізден. Қазаққа жетпей жатқаны да – осы. Міне, аталған мәселені Бас мүфтиіміз қолға алды. Енді халыққа түсіндіру үшін кітап жазу керек. Ол басылымның біріншісін «Дін мен дәстүр» деп атап шығардық, тараттық. Орысшаға да аударылды. Жақында екінші томын жарияламақпыз. Еңбегімізді жастар да, зиялылар да оқып, сауаттарын ашуда, жоғары бағаларын беруде.
Биылғы жылды «Дін мен дәстүр» деп жариялағандықтан да көптеген жетістіктерге жеттік, жемісін көріп жатырмыз. Тағы айта кетерлігі, бұл бағытта тек кітап шығарумен шектелген жоқпыз, көптеген шаралар қолға алынды. Айталық, Наурыз мерекесінде барлық имамдарға тапсырма беріліп, киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындарымыз насихатталды, ұлттық өнеріміз паш етілді. Осылайша, діннің дәстүрден алшақ емес екенін айғақтадық. Рамазан айтында да діннің дәстүрден алшақ емес екендігіне жамағаттарымыздың көзін жеткіздік. Енді Құрбан айт мерекесін де жоғары деңгейде, дәстүрімізді дінімізбен ұштастыра отырып, үлкен шаралар өткізуді жоспарлаудамыз.
Әрбір адам діни басқармаға, мешіттерге қарап отырмай, өз салаларында Алланың разылығы үшін туған еліне, жеріне қызмет ететін болса, еңбегіміздің жанғаны, Отанымыздың өркендеуіне ат салысқанымыз болып табылатан еді. Осыны да естен шығармасақ игі. Алла, лайым, соған жеткізсін бәрімізді!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ