KAZISLAM – Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар неге арнайы зиратқа жерленгенін және марқұмдардың зираты несімен қауіпті екенін айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Коронавирус жұқтырғандар анықтала бастаған наурыз айынан 19 шілдеге дейін аурудан көз жұмғандар Алматыдан 50 шақырым жерде орналасқан Қараой зиратына жерленді. Алайда, Алматыда қайтыс болғандардың азаюына байланысты, 19 шілдеден бастап марқұмның мәйіті туыстарына беріліп жатыр.

Шілденің басында коронавирустан қайтыс болғандарды арнайы зиратқа жерлеуді тоқтату туралы шешім қабылданды, – деді Жандарбек Бекшин.

Дей тұрғанмен, санитар дәрігер коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу кезінде арнайы сақтық шараларын сақтауды ұмытпау керектігін еске салды.

Бұл жағдайда коронавирус инфекциясының қоздырғышы топырақта 9 күн сақталуы мүмкін. Оның үстіне, инфекцияны денеден шығармау үшін барлық шара қолданылады. Яғни, мәйіт дезинфекциялық ерітіндіге малынған мақта матамен оралады. Қабір және қабір қазуға арналған құралдар өңделеді, – деп түсіндірді Бекшин.

Сондай-ақ, қабіршілер де арнайы қорғаныс киімдерін киеді. Бұған дезинфекциялау қызметінің қызметкерлері қатысады. Олар жеке қорғаныс құралдарын өңдеп, артынан өртеп жібереді.

Пікір жазу