Ежелгі Тұран даласын мекендеген түркі халықтары IX ғасырдың басында Ислам дінін қабылдаған. Дегенмен, қазақ даласына Ислам діні келгенге дейін де ата-бабаларымыздың, яғни көне түркілердің діни танымы монотеистік (бірқұдайлық) бағытта болды.

Тәңір ұғымы сонау Күлтегін жырынан (684-731) бастау алады.

«Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің ортасында адам баласы жаралған», –

деген жолдар түркілердің бір Жаратушыға сыйынғандығын білдіреді. Исламның қазақ жерінде тез таралуының басты себебі де жалғыз Тәңір мен Алла ұғымдарының сәйкестігінен болса керек.

Ислам дінінің келуімен Аллаға құлшылық ететін мешіттермен қатар бала оқытатын медреселер салына бастады. Одан сауат ашқан шәкірттер арасынан кейіннен елге танымал болған атақты сопы, имам, ишан, ахун, сонымен қатар елге белгілі ақын, шайыр, жырау-термешілерде көптеп шықты.

Олар Алланың сөзі – Құран мен пайғамбар хадистерін, шариғаттың амалдарын жырға қосып, халықтың жүрегіне көркем сөзбен жеткізе білді. Мысал келтірсек, Қарахан дәуірінде өмір сүрген Жүсіп Баласағұн (XI-ғ) 6 мың 520 жолдан тұратын «Құтты білік» еңбегін:

«Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған жаратқан бір тәңірім», – деп бастайды.

Сол кезеңнің ойшыл кемеңгері Махмуд Қашқари өзінің «Диуани-лұғат-ат-Турк» еңбегін:

«Иә, Алла, көп мінәжат етем саған.

Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.

Дәріптеуге өзіңді тіл жете ме,

Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.

Ұшқан құс жүгірген аң барлығы да,

Паш етер сені «бар» деп жөн бар соған!» – деп бастайды.

Одан берідегі бүкіл түркі жұртына әйгілі Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да «Диуани хикмет» еңбегінде:

«Менің хикметтерім – Алладан пәрмен,

Оқып ұққанға мағынасы бар құран.

Сүндет емес кәпір болса да, берме азар,

Көңілі қатты діл азардан Құдай безер

Ондай Құлға Құдайдың жазасы даяр,

Даналардан бұл сөзді естіп айттым міне», – деген.

Сүлеймен Бақырғани бұл дүниенің барлық бақ-дәулетінен де, атақ дәрежесінен де, ең жоғары киелі нәрсе – Алла жаратқан адамның ішкі жан дүниесі, «Құдайдың құлы болған» пенделердің биік мәртебесі деп біледі:

«Нәпсім айтты: бұл бес күндік өмірде,

Бәрін істе, не ой келсе көңілге.

Гүлстанның аралап қал бағын да,

Жеміс жинап пісіп тұрған шағында.

Рухым айтты: шариғаттың жолын бақ,

Ілімменен тариқаттың жолын тап.

Таңсәріде оянуды ұғынғын,

Он бесіңде жайнамазға жығылып».

Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин де:

 «Бір Құдайға сыйынып,

Кел балар оқылық!», –

деп қазақ балаларын білімге шақырған еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Исламның реинкарнацияға көзқарасы қандай?

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының да имандылыққа шақырған өсиет өлеңдері ұшан-теңіз.

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде бұдан басқа?» –

деп көкірегінде сәулесі бар жанға ой тастайды.

Тіпті кешегі қылышынан қан тамған, «Құдай жоқ, дін – апиын» деп ұрандатқан кеңестік дәуірдің өзінде Мұқағали атамыз:

«Дін – ғылымның атасы,

Ғылым – діннің баласы», –

деп жасқанбай  айтып кетті.

Мұндай мысалдарды тізе берсек, көптеп келтіруге болады. Иә, егемендік алғаннан бері қазақ халқының сана-сезімі, шынайы тарихы, діні мен ділі туралы зерттеулер қайта жаңғыртылуда.

Кеңес кезеңінде репрессияға ұшыраған әдебиетіміз қайта оралып, жаңаша  зерттеуді қажет етіп тұр. Бүгінде «қазақта дін болмаған» деп ел ішіне ылаң салып жүрген деструктивті діни ағымдардың өкілдеріне ұлы ақындарымыздың осы жырлары қазақтың қандай діндар жұрт болғанына бұлтартпас дәлел екені сөзсіз.

Егер біз ғасырлар қойнауынан бастау алатын рухани, әдеби, мәдени  мұраларымызды дәріптеп, жас ұрпақтың санасына сәуле құя алсақ, онда олардың адаспасы анық.

Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының

Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы

Пікір жазу