Сұрақ: Пайғамбар (с.ғ.с.) жануарлармен тілдескен бе?

Жауап: Ислам сеніміне сәйкес Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек адамдардың емес, жер мен көктің арасындағы барлық тіршілік иесіне пайғамбар етіп жіберілген: «(Мұхаммед ғ.с.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп жібердік» (Әнбия: 107).

Сол себепті ислам тарихында пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрлі тіршілік иелерімен сөйлескені туралы ақпараттар бар. Тіпті, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын растаған қасқырдың да оқиғасы мәлім.

Сондықтан Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін жануарлардың адамдар сияқты келіп, тілдесуі, шағым айтуы таңғаларлық нәрсе емес еді. Мұндай оқиғалардың кейбірін сахабаларға пайғамбардың өзі айтса, енді біріне адамдар куә болған. Осындай риуаяттардың бірі пайғамбарға түйенің шағым айту оқиғасы:

«Біз Мұхаммед пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге келе жатқан едік. Қасымыздан су арқалаған түйе өтті. Әлгі түйе Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген сәтте қатты боздады. Алланың елшісі:

Бұл түйенің иесі қайда?деп сұрады. Түйенің иесі келеді, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  Мына түйені маған сат, – дейді.

Біз сізге оны сыйлар едік, бірақ бұл түйе басқа отбасына тиесілі. Олардың бұл түйеден басқа малы жоқ.

Сонда пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

Сенің сол отбасына қатысты айтқаның бір бөлек. Түйе маған шағымын айтты. Сендер оған шамасынан тыс көп жұмыс істетесіңдер және дұрыс азық бермейді екенсіңдер. Оған жақсылап қара деп! – әмір етті» (Имам Ахмад, Байhақи).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Жеті жарғыдағы» ар жазасы туралы айтып берсеңіз?

Демек, пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жануарлар да қожайындарына қарсы шағым айтқан екен.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу