«Әліппе» оқу бағдарламасын тілтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, әдіскерлер мен педагогтер әзірледі, сондай-ақ осы бағытта үлкен тәжірибесі бар өткен жылдардағы «Әліппе» бағдарламалары мен оқулықтарының авторлары да тартылды.

Оқу бағдарламасын әзірлеуде қазақ халқының белгілі ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізге алынды. Енді 2021-2022 оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары алғашқы екі тоқсанда «Әліппе», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Ана тілін» оқитын болады.

«Әліппе» оқу бағдарламасының басты мақсаты – бірінші сынып оқушысын оқу, жазу, ауызша және жазбаша сөйлемдер құрастыруға үйрету. Оқу бағдарламасында әріптер мен дыбыстар реті, буындағы дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі, балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сараптамадан өткен оқулықтар 2021-2022 жаңа оқу жылында оқу процесіне енгізілетін болады.

«Жұмыс тобы ғалымдармен бірлесіп 20-дан астам отырыс өткізді. Процестің әр кезеңін министр жеке өзі қадағалап отырды. Ендігі кезекте «Әліппе» оқу бағдарламасы бекітілді. Оқулықтар дайындалғаннан кейін қосымша сараптама жүргізіледі. Біз апробация жүргізілетін мектептердің тізімін анықтадық. Жалпы барлық мектептерде жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары «Әліппені» оқитын болады», – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Екпе салдырмағандар көшеге шыға алмайды

Сондай-ақ орыс тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап алғашқы екі тоқсанда «Букварь», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Обучение грамоте» пәндерін оқитын болады.

«Букварь» оқулығын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы да өз жұмысын аяқтап, оқу бағдарламасы бекітілді. Енді бұл оқулық бойынша да апробация жүргізіледі.

Пікір жазу