Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:
– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп қоя береді.
Халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешеді. Шағымданушы яһуди халифаның шешіміне разы болған күйде қайтады. Кейін халифа оңаша қалған Әлиге қарап:
– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр, дегенімде ашуландың ба. Сенің түрің өзгеріп кеткенін байқадым? – деп сұрайды.
Әли ибн Әбу Талиб:
– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі! Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде, халифа мені яһудидің көзінше көтермелеп шақырды. Енді мұны естіген яһуди – мұсылмандардың арасында әділдік жоғалыпты ғой – деп ойлайтын болды деген қорқыныш бойымды биледі – дейді.
Түйін: «Әділдік – ізгіліктің ірге тасы». Хазіреті Әли жеке басы үшін емес, барлық мұсылмандар үшін қам жеді. Мұсылман үмбетіне көлеңке түспесе екен деп қорықты.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ