Қазақ халқы ХІХ ғасырда бодандықтың қамытын кисе де, рухани мешеулікке ұрынбас үшін исламдық құндылықтарды мейлінше бекем ұстауға ұмтылды. Жер-жерден меценаттардың қолдауымен мешіт-медреселер ашылып, қалың бұқараның Хақ дінді танып білуге талпынысы арта түсті.

Тіпті, бай-манаптар мен би-болыстар жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып жүріп, бала оқыту үшін қожа-молдалар ұстады. Ал, ірі орталықтарда бір емес, кешенді діни ілім үйрететін бірнеше медресе бой көтерді. Осының нәтижесінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде Қазақ халқының діни сауаты айтарлықтай деңгейге өскен еді.

                              Аққойлы медресесінің бой көтеруі

Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарын Ресей патшалығы ертерек жаулап алғандықтан, аталған өңірлер Орынбор мүфтилігіне һәм жергілікті уез әкімшіліктеріне қаратылып, халық діни білім алу мәселесінде жәдитшіл татар молдаларының ықпалында қалды. Ал, Қазақстанның оңтүстік өлкесінің тұрғындары Орталық Азиядағы дәстүрлі діни мектептермен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, байырғы діни дәстүрден ажыраған жоқ. ХІХ ғасырда Тәшкент, Самарқан, Бұқара, Хиуа медреселерінде жүздеген қазақ балалары оқып білім алды. Олар елге оралғаннан кейін халықтың жылу беріп, асарлатуымен мешіт-медреселер тұрғызды. Сондай діни құтхананың бірі – Арыс өзенінің сағасында бой көтерген Аққойлы мешіт-медресесі еді.

Шаянда 1886 жылы Аппақ ишан медресесінің ашылуына қатысқан Аққойлы руының молдасы Мәдіқара* Егембердіұлына (1856-1933) өзі мекендейтін Арыс өзені бойында халық көп жиналатын Ишан базарынан бір мешіт-медресе салу туралы ой келеді. Жиында Аппақ ишанмен және мешіт-медресені салатын ұсталармен қаражат шығындары жөнінде ақылдасып, ауылына оралады. Елге келген соң Аққойлыға діни шырақшы болған Мағзұм әулетінің моласына зиярат жасап, Аллаға қол жайып, мешіт саламын деген ізгі ниетінің қайыр-берекесін сұрайды. Мәдіқара үш күн дұға еткенде, бабалары түсіне кіріп, мешіт-медресе салуға баталарын береді.

Арыс бойынан Алланың үйін тұрғызамын деп бекінген Мәдіқара молда Сиқым руының атқа мінер азаматтарына сауын айтып шақыртып, ас береді. Қалың ел жиналған құрапатта Ишан базардан мешіт-медресе салуға бекінгенін, осы іске қолдау көрсетулерін сұрайды. Көмешбұлақты жайлаған Сиқымның би-болыстары бұл бастаманы қызу қолдап, ақсақалдар ақ батасын беріп, әркім мешіт-медресе салуға мал атайды. Жетісудегі Құланды мен Меркені мекен еткен Аққойлы руының азаматтары да мешіт құрылысына қаражат салады. Арыстың бойынан мешіт-медресе салынатынын естіп, Сырдың бойын жайлаған Қоңырат тайпасының да бай-манаптары қаражат жөнелтеді. Мәдіқара молда жиылған қаражатқа Сайрамнан қыш күйдіретін ұста және Бұқарадан төрт шебер алдыртып, мешіт құрылысын бастайды.

Тәшкеннен келген бас ұста Жүсіптің** басшылығымен мешіт сәулеті Орта Азия және Ирандағы «Жәми» стилінде бой көтереді. Ғимарат Аққойлы ауылының шығыс жағындағы биік төбеге орналасқандықтан, сырттан қарағанда мешіт ортастындағы биік күмбезі мен қос қанатындағы екі қатарлы кіші күмбездері ерекше көз тартады. Мешіттің ішіне енгенде қақ төріне михрабы орналасқан орталық намазхана (қысқы мешіт) және одан бөлек 13 бөлмесі мен Құран жаттайтын ғимарат бұрыштарында құжыралары бар. Ал, мешіттің тыс жағы халық көп жиналатын Ораза айт пен Құрбан айтта намаз оқуға арналған төбесі жабық діңгекті бастырмалардан тұрады. Яғни, Аққойлы мешіті барлық діни қажеттіліктерді өтеуге арналған кешен ретінде тұрғызылған еді.

Мешіт әрі қарилар орталығы

Аққойлы кешені салынып біткен*** соң, Мәдіқара медресені Құран жаттау орталығына айналдырады. Себебі, Мүнәсіп қаридан бастап Мәдіқараға дейінгі Мағзұм әулетінің сегіз ұрпағы Құран жаттаған қарилар еді. Аққойлы медресесінен Ілияс, Досмұхамбет, Зияддин, Мүсәпір және т.б. атақты қарилер шығады. Әйгілі ақын Нұрәлі Нысанбайұлы (1857-1930) да осы медреседе оқып білім алады. Сондай-ақ, Аққойлы ғимараты мешіт қызметін де қоса атқарып, күнделікті бес уақыт намаз бен жұма намаз және Арыс өңірі халқының Ораза айт пен Құрбан айт намазы оқылатын рухани орталығына айналады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Кустоны тамсандырған Құран құдіреті

Аққойлы ауылындағы Ишан базары – өңір тұрғындары көп жиналатын сауда орталығы еді. Ал, Аққойлы мешіті Ишан базарының дәл жанынан тұрғызылған болатын. Осыған орай, Аққойлы мешітінің іші-сырты адамнан босамайтын. Әсіресе, сауда-саттық қызатын жаз және күз айларында мешіт іші мен ауласы адамға лық толатын. Ишан базарына алыс-жақын елдерден саудагерлер келіп кететіндіктен, Аққойлы мешіт-медресесінің де аты ұзаққа кетіп, Орталық Азия мұсылмандарына белгілі болады. Мұнда оңтүстік өлкесінен ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті Қырғызстанның Ош өңірінен де шәкірттер келіп, оқып білім алады.

         Күмбезі құлап, қайта бой көтерген Аққойлы

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Кеңес үкіметінің дінге қарсы жүргізген реформасы кезінде діни орындардың жұмысы тоқтатылып, коммунистік билік тарапынан қысым көргені белгілі. Бұл зауалдан Аққойлы мешіт-медресесі де тыс қалған жоқ. Мешіт-медресе 1926 жылы жұмысын тоқтатып, ғимараттың діни қызмет жасауына қатаң тыйым салынады.

Арыс ауданы жаңадан құрылып, оның әкімшілік ғимараттарына қыш керек болып, коммунистер Аққойлы кешенінің қышын тонайды. Күмбез ұшындағы күміс айшықты трактормен жұлып алып кетеді. Ғимарат қараусыз қалғандықтан, төбеден қар мен жаңбыр суы ішке кіріп, мешіт күмбезі 1943 жылы опырылып құлайды. Соғыстан кейін ғимарат колхоз меншігіне беріліп, қоймаға айналады.

Жез мұрт көсем дүние салғаннан кейін 1960-жылдардағы жылымық кезінде өңірдің дін адамдары мешіттің аман қалған оңтүстік бөлігіне қайта жиналып, құлшылық жасай бастайды. Құдайдан бала тілеген бедеу әйелдер, туабітті мүгедек жандар және жалпы көпшілік зиярат жасайтын қасиетті орынға айналады.

Алайда, бейсерми діни культтік орын – Аққойлы мешіті мүлде жөндеу жұмыстарын көрмегендіктен, ғимарат ескіріп, тоза бастайды. Мемлекет көңіл бөлмеген соң, Аққойлы мектебінің мұғалімі К. Ертайұлы ауылдастарды ұйымдастырып, ғимаратты қоршап, іші-сыртын тазалап, абаттандырады.

Жетпісінші жылдардан бастап жергілікті зиялы қауым өкілдері Аққойлы мешітіне мемлекет қамқорлығы қажет екенін жиі көтере бастайды. Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері Аққойлыны зерттеп, ғылыми қорытынды жасаған соң, 1982 жылы республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынады.

П. Петров, Г. Камалова, З. Қыстаубайұлы, М. Тұяқбаев секілді тарихшылар мен археологтар Аққойлы кешенінің тарихи-археологиялық рөлі туралы зерттеулер жүргізеді. Мәдениет министрі Ө. Жәнібековтің пәрменімен 1986 жылы Бөген аудандық бюджетінен қаражат бөлініп, «Казреставрация» жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда, тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық дағдарыстың әсерінен 1994 жылы жөндеу жұмыстары тоқтап қалды.

Түйін

Тәуелсіздік – өшкеніңді жандырып, өлгеніңді тірілту деген сөз. Еліміз бодандықтың қамытын үзген тоқсаныншы жылдары экономикалық дағдарысты бастан кешіргенмен, екі мыңыншы жылдардан кейін еңсесін тіктеп, жоғын түгендеп, барын бағалауды қолға ала бастады. Әдепкіде, 2001 жылы Аққойлы кешеніне шымкенттік жеке кәсіпкер Ш. Мұсаев жеке өзінің қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ол Хорезмнен ұсталар алдырып, мешіттің құлаған күмбезін қалпына келтіреді. Бірақ, 2004 жылы ҚР Президентінің бастамасымен «Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау» жөнінде қаулы қабылданып, Аққойлы кешені қайта мемлекеттің қамқорлығына алынды. Содан бері, тарихи ғимарат бірнеше күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды.

Мұқан ИСАХАН

* Кейбір деректерде Мәді қари деп айтылады. Шынында да Мәді Бұқарада оқып білім алған, Құран жаттап қари болған кісі.

** Жүсіп ұстаның мешіт құрылысына басшылық жасағандығы араб әрпімен мешіт қабырғасына жазылған.

*** Мешіт құрылысының дәл қай жылы аяқталғаны белгісіз.

Пікір жазу