Бұл туралы әңгімеге кіріспес бұрын ең алдымен пайғамбарлар туралы қызықты да күрделі бірқатар сауалдарға сенімді бұлақ көзіне («Пайғамбарлар қиссасы») сүйеніп қысқа да нақты жауап табуға тырысайық.

Пайғамбарлар кімдер? Пайғамбарлар да кәдімгі адамдар. Олар да біз секілді ішіп-жеуге мұқтаж. Басқалар сияқты ауырады, дүние салады. Оларда ешқандай тәңірлік сипат жоқ және құлшылыққа да лайық емес. Алла тағала оларды күнә істеуден сақтаған. Оларға басқа қарапайым адамдарға тән болмаған әлемдер Раббысы тарапынан уахи түседі. Алла тағала Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Шынында, мен де сендер сияқты адаммын. Маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі уахи етілуде…», – деп айт» («Кәһф» сүресі, 100-аят), – деген.

Пайғамбарлар Алла тағала өздеріне жүктеген міндетті адамдарға жеткізуде ұшырасқан барлық тауқымет пен қиындықтарға төзіп, барынша сабырлылық танытқан. Алла тағала: «(Мұхаммед с.ғ.с.) пайғамбарлардан төзімділер сабыр еткендей сабыр ет», – деген («Ахқаф» сүресі, 35-аят).

Пайғамбарлар тек ер кісілерден шыққан. Алла тағала: «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, ер кісілерді ғана жіберген едік», – дейді («Әнбия» сүресі, 7-аят). Олардың ешқайсысы да ғайыпты білмеген. Пайғамбарлардың ең ұлығы Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы Алла тағала: «(Мұхаммед с.ғ.с.): «Алла қаламайынша, өзім үшін (ешбір) пайда да, зиян да келтіре алмаймын. Егер ғайыпты білген болсам, әрине, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ маған бір сәтсіздік жуымас еді. Мен иман келтірген елді қорқытушы, қуандырушы ғанамын», – де», – деген («Ағраф» сүресі, 188-аят).

Барша үмметке ескертуші пайғамбар жіберілген. Алла тағала: «Ескертушісі болмаған бірде-бір үммет жоқ», – дейді («Фатыр» сүресі, 24-аят).

Пайғамбар жіберуде қандай даналық бар? Алла тағала пайғамбарларды адамдарға шынайы құлшылыққа лайық Тәңірін танытып, ешқандай серігі жоқ жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақыру үшін, адамзатты жәннатпен сүйіншілеп, тозақтан сақтандыру әрі жақсы мінез-құлықта өнеге болу үшін жіберді.

Пайғамбарлардың міндеттері қандай? Пайғамбарлардың адамдарды дұрыс наным мен бүкіл әлемдердің Раббысына шынайы ғибадат етуге шақырумен қатар, қоғамдық, саяси және экономикалық міндеттері де болған. Мысалы, Мұса (ғ.с.) Перғауынның жауыздығы мен оның Исраил ұрпақтарына көрсеткен зұлымдығына қарсы күресті. Лұт (ғ.с.) халықты қоғамдық-әлеуметтік азғындаушылықтан арашалауға күш салса, ал Шұғайып (ғ.с.) қоғамдағы экономикалық, атап айтқанда саудадағы алаяқтық мәселесін тыюға араласты.

Сондай-ақ, барлық пайғамбарлар да дін және нанымнан тыс қоғамдық өмір мәселелерін шешуге де атсалысты. Бұлармен күресу де пайғамбарлардың міндеттеріне кірді.

Енді әл-Ақса мешітін ең алғаш салған Адам ата (ғ.с.) туралы қысқаша сөз қозғайық. Алла тағала Адамды (ғ.с.) жарату үшін жерден топырақ әкелуді бұйырды. Әбу Мұса әл-Ашъариден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Адамды бүкіл жер бетінен бір уыс (топырақ) алып жаратты. Сөйтіп, адам балалары жердің ерекшелігіне қарай пайда болды. Олардан ақ, қызыл, қара (түстілері) және олардың аралықтарындағы, жеңіл және қатты (мінезділері) мен олардың арасындағылары, сондай-ақ жақсы, жаман және олардың арасындағылары бар», – деген (Әбу Дәуіт, Тирмизи, ибн Хиббан).

Осыған орай адамдардың түр-түсі мен мінез-құлықтарының ерекшеліктеріндегі әркелкілік жер бедерімен, оның табиғатымен тікелей байланыстырылады.
Бұл жаратылыс (Адам) топырақтан басталып, одан әрі суға араласуынан балшыққа айналады. Сондықтан да Адамды (ғ.с.) Құранның кейбір аяттарында топырақтан, ал енді бірінде балшықтан (саздан) жаратылған дейді. Алла тағала Құранда: «Сол уақытта Раббым періштелерге: «Мен балшықтан бір адамды жаратамын», деген-ді», – дейді («Сад» сүресі, 71-аят).

Содан соң Алла тағаланың Адамға рух үрлегені туралы Құранда: «Оның жаратылысын тәмамдап рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте оған сендер (яғни, періштелер) сәжде етіңдер (Бас иіңдер)!», – дейді («Хижыр» сүресі, 29-аят).

Алла тағала: «Шын мәнінде, Алланың құзырында Исаның жағдайы; топырақтан жаратып, содан соң «бол» дегенде бола қалған Адамның жағдайы сияқты», – деген («Әли Имран» сүресі, 59-аят).

Адам білімді болған. Оған жан бітіп, аяғынан тұрған кезде Алла тағала: «Анау бір топ періштелерге барып: «Сендерге (Алланың) сәлемі болсын!», – деп айтқын», – дейді. Адам оларға барып: «Сендерге (Алланың) сәлемі болсын», – деді. Олар: «Саған да Алланың сәлемі мен мейірімі жаусын», – деп жауап қайтарды.

Содан соң Алла тағала оған: «Бұл сенің және сенің ұрпағыңның сәлемдесу сөзі», – деді. Мұнан кейін Ол Адамға жаратылыстың барлық есімдерін үйретті.
Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болғай): «Алла оған көктер мен жердегі барлық нәрселердің атауын үйретті», – деген.

Адам ата (ғ.с.) кейінгі ұрпағына мынадай бес өсиетін жеткізуді аманаттаған:

  1. Ұрпақтарыма өткінші дүниеге сеніп қалмауды айт, өйткені мен «мәңгілік қой» деп жұмаққа сеніп едім. Алайда, Алла Тағала мені ол жерден шығарды.
  2. Ұрпақтарыма әйелдері құмартқан әр іске бара бермеуін айт, өйткені мен әйелімнің қалауымен тыйым салынған жемісті жегеніме кейін өкіндім.
  3. Ұрпақтарыма бір істі бастамай тұрып, бас-аяғын толық бағамдап алуын айт, өйткені мен ол істің бас-аяғын алдын ала ойлағанымда, бәлкім, мұндай болмас еді.
  4. Қандай да бір іске ниет еткенде, егер сәл күмән туса, шегініс жасай білген жөн. Өйткені мен тыйым салынған жемісті жерде іштей күмәндандым, бірақ бас тарта алмағандықтан, пүшәйман күй кештім.
  5. Бір істі бастамай тұрып, білетіндермен ақылдасыңдар. Егер мен алдын ала періштелермен ақылдасқанда, мұндай жағдайға ұшырамас едім.

Әл-Ақса мешітін екінші рет салдырған Жақып (ғ.с.) пайғамбар туралы мағлұматтарға кезек берейік. Жақып (ғ.с.) Алла тағаланың Кенан (Ханаан) өлкесіне жіберген пайғамбары, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың кіші ұлы Ысқақтан (ғ.с.) көрген немересі (Құран, 29:27). Оны әрі Исраил (Израиль) деп те атаған. Сирияда немесе Мәдиянда дүниеге келген. Ол Харрандағы нағашы ағасына барып, оған 20 жыл қызмет етеді.

Алдымен оның үлкен қызы Ләйлаға (Лие) үйленеді. Бұл некеден Рабил, Шамун, Лави, Иахуда, Заблун, Исахар атты ұлдары мен Динар атты қызы туылған. Жеті жылдан соң Ләйланың сіңлісі Рахилаға үйленеді (Ибраһимнің шариғаты бойынша бір мезетте апалы-сіңлілерге үйленуге рұқсат берілген). Рахиладан Жүсіп (ғ.с.) пайғамбар мен Бинямин туылады.

Осы екі әйелімен қатар Жақыптың (ғ.с.) Балха (Бильфа) және Зульфа (Зелифа) деген күңдерінен төрт ұлы болған. Жақып (ғ.с.) пайғамбар болысымен Алла тағала оны отбасымен Харраннан Кенанға (Ханаанға) қоныс аударғызады. Онда халықты бір Аллаға құлшылық етуге және ақиқат дінге шақырады.

Он екі ұлының ішіндегі Жүсіпті (ғ.с.) Жақып (ғ.с.) жанындай жақсы көреді. Жүсіп жеті жасында түс көреді.

Түсінде он бір жұлдыздың және күн мен айдың өзіне сәжде еткенін көреді. Жақып (ғ.с.) Жүсіпті ұлы бір құрмет күтіп тұрғанын білді. Сондай-ақ, ол Жүсіпті бауырларының көре алмайтындығын да аңғаратын. Сондықтан ол баласына көрген түсін бауырларына айтпауын тапсырады.

Жүсіптің (ғ.с.) он бір бауырының ішінде бір анадан туған Бинямин деген інісі болатын. Қалған он бауыры Жүсіп пен Биняминді көре алмайтын. Өйткені, Жақып (ғ.с.) ол екеуін қатты жақсы көретіндігі соншалық, оларсыз бір сағатқа да шыдай алмайтын. Кейде Жүсіп ойнап сыртқа шығып кетсе, оны қайтадан қасына шақыртып алатын.

Алла тағала: «Міне, осылайша Раббың сені таңдайды», – деген («Жүсіп» сүресі, 6-аят).

Алла оған пайғамбарлықты беру үшін, оны сол замандағы адамдардың ішінен таңдап алды: «Саған түстердің жоруын үйретеді. Бұрынғы аталарың Ибраһим, Исхақтарға нығметтерін тәмамдағандай саған да және Жақып ұрпағына да нығметін толық етеді. Шәксіз Раббың толық білуші, хикмет Иесі» («Жүсіп» сүресі, 7-аят).

Бауырлары Жүсіпті (ғ.с.) әкелерінің жақсы көретінін қызғанып, оны өлтірмек болып, терең құдыққа тастайды. Құдыққа тасталған Жүсіп оның түбіндегі бір тастың үстіне шығып тұрады. Сол уақытта Алла тағаладан уахи келді: «Оған: «Әлбетте, оларға өздері сезбеген күйде осы істерінің хабарын бересің», деп уахи еттік».

Сол кезде оның жүрегінде Алла тағаланың көмегімен бұл құдықтан шығатынына сенімділік пайда болады. Ал, бауырлары болса әкелеріне не уәж айтарларын ойласып кеш бата үйлеріне қайтады. Алла тағала: «Олар іңірде әкелеріне жылап келді», – дейді.

Олар Жақыпқа: «О, әкеміз! Біз жарысып кеткенде Жүсіпті заттарымыздың жанына тастаған едік, сонда оны қасқыр жеп қойыпты. Енді расын айтсақ та, бізге сенбейсің ғой», – деді. Сондай-ақ, олар оның жейдесіне өтірік қан жағып әкелді».
Ибн Аббас (р.а.): «Олар бір қойды сойып, оның қанына Жүсіптің жейдесін былғап әкелді», – деген.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Хикметтің көкшетаулық нұсқасы

Жақып жейдеге қарап: «Бұл қандай рақымы мол қасқыр! Баламды жеп, көйлегіне тимепті», – деп: «Олай емес! Сендерге нәпсілерің бір істі жақ-сы көрсеткен екен. Енді көркем сабыр керек. Айтқандарыңа Алладан жәрдем тіленеді», – деді.

Көп жылдар бойы ұлының оралуын күтеді. Жылай-жылай көзі соқыр болады. Құдыққа су алуға келген керуенші Жүсіпті (ғ.с.) құтқарып алады да, оны Мысыр базарына апарып, сатып жібереді.

Алла тағаланың жақсылығы болар, Жүсіпті (ғ.с.) сол елдің патшасының уәзірі сатып алып, тәрбиелеп, жақсы білім береді. Өсе келе Жүсіп (ғ.с.) Мысыр патшасының азық-түлік жөніндегі уәзірі болып, елді қуаңшылықтан жол тауып құтқарады.

Сол кезде Жақып (ғ.с.) ұлдарын Мысырға астық алуға жібереді. Ағаларын таныған Жүсіп (ғ.с.) олардың түйелеріне астық артқызып, оны айырбастауға берген заттарын жүктерінің арасына тыққызып жібереді. Бұған қуанған ағалары келесі жолы Жүсіптің (ғ.с.) інісі Биняминді ерте келеді. Інісін «ұрлық жасады» деген сылтаумен алып қалады да, өзінің көйлегін әкесіне бергізіп жібереді. Көйлекті иіскеген Жақыптың (ғ.с.) көзі ашылып, Мысырға жетпіс екі ұлы және немерелерімен келіп, Жүсіппен (ғ.с.) табысады.

Бұлардың ұрпақтарының өскендігі соншалық Мұса (ғ.с.) пайғамбардың уақытында Перғауынның зұлымдығынан қашқан исраил ұрпақтары 600 577-ге жеткен деген дерек те бар. Жалпы Жақып (ғ.с.) пайғамбар 147 жыл өмір сүрген. Бұл қисса қасиетті Құранның «Жүсіп» сүресінде кеңірек баяндалған.

Әл-Ақсаны үшінші рет Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар жындарға салдырған.
Әкесі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар бұл дүниеден озған соң, тағына оның ұлы Сүлеймен (ғ.с.) отырады. Алла Тағала: «Сүлеймен Дәуітке мұрагер болды», – дейді («Нәміл» сүресі, 16-аят).

Аяттағы «мұрагер» деген сөз мал-дүниеге емес, пайғамбарлығы мен патшалығына мұрагерлігін білдіреді. Өйткені, сүйікті Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біз пайғамбарлар мирас қалдырмаймыз. Біздің қалдыратынымыз – садақа», – деген (Бұхари, Мүслім және басқалар).

Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар билікке ие болумен қатар атақ-даңқы да асқан. Тарихта Сүлейменнен (ғ.с.) қуатты патша болған емес және Қиямет күніне дейін болмайды да! Өйткені, Алла Тағала оған көптеген керемет мұғжиза берген.

Сүлейменге (ғ.с.) берілген мұғжизалардың бірі – құстардың тілін білетіні. Алла Тағала Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың тілімен: «Ей, адамдар! Бізге құс тілі үйретілді. Сондай-ақ, бізге талай игілік берілді. Рас, бұл, әлбетте анық бір артықшылық», – деген («Нәміл» сүресі, 16-аят).

Тағы бір кереметі, ешкімге берілмеген және ешкімге берілмейтін, бағындырылмайтын мақлұқаттардың бірі – жындардың Сүлейменге (ғ.с.) қызмет етуі. Ол барлық жын-шайтанға билік жүргізді. Алла тағала: «Оған түрлі құрылысты салатын және (теңізге сүңгіп, інжу теретін) сүңгігіш жын-шайтандарды бағындырдық. Ал басқалары шынжырланып, маталған еді. Бұл саған берген сыйлығымыз, – (дедік Сүлейменге) – Ендеше, қалағаныңа бересің бе, бермейсің бе, өз еркің», – дейді («Сад» сүресі, 37-39-аяттар).

Жындар да қауымдарға, тайпаларға бөлінеді және әрқайсысының кәсібі мен атқаруға тиісті міндеті болады. Мәселен, құрылысшылары, сүңгуірлері, тас қашаушылары, зергерлері, т.с.с. Сүлеймен олардың өзіне бағынбағандарын екі-екіден қосақтап, байлап тастаған.

Алла тағала бұл туралы былай деген: «Раббының бұйрығымен оның алдында жұмыс істейтін жындарды бағындырдық. Олардан кім әмірімізден тайса, оған жалындаған азаптан таттырамыз. Олар Сүлейменнің қалауынша құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандар жасайтын. Ей, Дәуіттің үй-іші! Шүкіршілік етіңдер! Құлдарымнан шүкір етуші аз» («Сәбә» сүресі, 12-13-аят);

«Оған суға сүңгитін және басқа да істерді істейтін шайтандарды бағындырдық. Біз олардың (өз міндеттерін) қалай атқарғанын бақылаушы едік», – дейді («Әнбия» сүресі, 82-аят).

Бұл кереметтерге қоса, Сүлеймен желге де билік жүргізген. Алла тағала бұл туралы: «Оған (өзінің) бұйрығымен қалаған жеріне жүретін пайдалы желді бағындырдық», – деген («Сад» сүресі, 36-аят).

Сүлеймен (ғ.с.) желдерді қайда бағыттаса, солай қарай бұлтты айдап апарып жаңбыр жаудыратын. Оның әмірі сондай-ақ жай желдерге ғана емес, дауылды желдерге де жүрді. Алла Тағала: «Сүлейменге дауылды желді бағындырдық. Оның әмірімен Біз мүбәрак еткен жерге жүреді», – деп айтқан («Әнбия» сүресі, 81-аят).

Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар желдерге Құдыста отырып-ақ әмір берген. Құдыс (түрлі) желдердің орталығы еді. Сол жел арқылы Сүлеймен (ғ.с.) алыс жерлерге аз уақытта-ақ жетіп баратын. Бұған арналған бөрене, тақтайлардан біріктіріліп жасалған сал іспетті ұшқыш үлкен кілемі болды. Егер ол бір алыс сапарға шыққысы келсе, бүкіл әскері осы кілемнің үстіне отыратын да, жел оны ұшырып қалаған жеріне жеткізетін.

Сол желдің жылдамдығы сондай, Сүлеймен (ғ.с.) әскерімен бір айлық жолды қажет деген мекеніне таң мен түс арасында жетіп, түс пен кеш арасында қайтып оралатын болған.
Алла тағала: «Сүлейменге таңертең баруы бір айлық, кешке қайтуы бір айлық (жол алатын) желдерді бағындырдық», – деген («Сәбә» сүресі, 12-аят).

Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың тағы бір мұғжизасы – Алла тағала оның әкесі Дәуітке (ғ.с.) темір өңдеу қабілетін дарытса, ал оған мыс балқыту қасиетін берді. Алла тағала бұл жайлы: «Ол үшін балқыған мыстан бұлақ ағыздық», – деген («Сәбә» сүресі, 12-аят).

Алла тағала бұларға қоса, Сүлейменге (ғ.с.) үкім шығаруда асқан даналық берген. Бір күні Дәуіттің (ғ.с.) алдына екі көрші дауласып, төрелік сұрап келеді. Олардың бірінің қойлары, енді бірінің бау-бақшасы бар еді. Түнде қораның есігі ашық қалып, қойлар көршінің бақшасына кіріп, ештеңе қалдырмай жеп қояды. Дәуіт (ғ.с.) бақшаның иесіне көршісінің қойларын алып беруге үкім етеді. Екі көрші сыртқа шыққанда қандай үкім шыққанын білген Сүлеймен (ғ.с.) әкесіне: «Мұнан да жақсырақ үкім беруге болмас па еді, О, Алланың пайғамбары!», – дейді. Дәуіт (ғ.с.) ұлынан: «Ол қандай үкім?», – деп сұрайды.

Сонда Сүлеймен (ғ.с.): «Бақшаның иесіне қойлар, ал қой иесіне бақша беріліп, қой иесі бақшаға егін егіп, оны қалпына келтіргенше бақша иесі қойдан пайдалана тұрса… Бүлінген бақша қалпына келтірілгеннен кейін екеуі қайта алмасса», – дейді. Әрине, бұл әкесінің үкімінен де ұтымдырақ шешім еді.

Құранда Алла тағала осыған қатысты: «Дәуіт пен Сүлейменді, екеуі бір адамдардың қойы түнде егінге түсіп, соған билік айтқанда биліктерін көріп тұрдық. Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Негізінен, әрқайсысына үкім мен білім бердік», – деген («Әнбия» сүресі, 78-79-аяттар).

Бір күні Дәуітке (ғ.с.) балаға таласқан екі әйел келеді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-екі әйел балаларын өздерімен бірге алып жүрген кезде қасқыр шауып, бірінің баласын алып кетеді. Сонда олар екінші балаға таласып, үлкен әйел: «Қасқыр сенің балаңды алып кетті», – дейді. Ал кішісі: «Керісінше, сенікін алып кетті», – деп, Дәуіттен (ғ.с.) үкім сұрап келеді. Дәуіт (ғ.с.) үкімді үлкен әйелдің пайдасына шешеді. Сонда Сүлеймен (ғ.с.): «Маған қанжар әкеліңдер, оны екеуіңе бөліп берейін», – дейді. Сол кезде кіші әйел: «Алланың рақымы жауғыр, бала соныкі», – деп шырқырайды. Сөйтіп Сүлеймен (ғ.с.) баланы кіші әйелге алып берді», – деген (Бұхари, Мүслім).

Сүлейменнің (ғ.с.) сүйіп шұғылданатын бір ермегі – арғымақ ұстау еді. Ол (ғ.с.) сарайында бір аяғын көтеріп, үш аяғымен тұратын асыл тұқымды, ұшқан құс, жүгірген аңмен жарысатын өте жүйрік сәйгүліктерді жарататын. Сүлеймен (ғ.с.) бір күні сәйгүліктерін қызықтап тұрып күннің қалай батқанын білмей, құлшылық уақытын өткізіп алады.

Алла тағала мұны Құранда: «Бір кеште оған жүйрік сәйгүліктер көрсетілді. Сонда ол: «Расында мен (күн) батқанша жылқыны Раббымды еске алудан жақсы көріппін. Оларды маған қайта әкеліңдер», – деді. Сөйтіп (сәйгүліктердің) аяқтары мен мойындарын сипай бастады», – деп баяндалған («Сад» сүресі, 31-33-аят).

Мұнан кейін Сүлеймен (ғ.с.) арғымақтарымен уақыт өткізуді мүлдем доғарады. Алла Тағала оған (ғ.с.) мұның орнына желді бағындырған.

Пікір жазу