2013 жылғы 21-маусымда Ақтау қаласында ҚР Дін істері агенттігі Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесіп, «Ислам және жихадизм» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференция өткізді. 

Шараға орталық және жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, шетелдік және отандық дінтанушылар мен сарапшылар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, еліміздің батыс өңірлерінің мешіт имамдары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның жалпы отырысында Маңғыстау облысының әкімі Алик Серікұлы Айдарбаев, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, ИСЕСКО кеңсесі Бас директорының сарапшысы, доктор Абдел Кадер әл-Идриси (Марокко), Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Өркениеттер әріптестігі орталығының сарапшысы, исламтанушы Марат Ражбадинов (Мәскеу), ҚМДБ орталық аппаратының бөлім меңгерушісі Ершат Оңғаров, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетінің өкілі Мұхитдин Иса баяндама оқып, сөз сөйледі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Халал Даму» Тайланд елшілігімен ынтымақтастық орнатуда

Конференция баяндамашылары ізгі мұраттарды ту ететін ислам дініне теріс идеяларды басшылыққа алатын жихадшылық идеясы тән емес екендігіне басты ден қоя отырып, діни радикализмді зайырлы қоғамымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне зиян тигізетін идея және әрекет ретінде тануға шақырды.

Конференция қатысушылары ел азаматтарын дінді ұстануда адамзатты бейбіт қатар өмір сүруге шақыратын дәстүрлі ислам дінінің жалпыадамзаттық құндылықтарын басшылыққа алуға баса назар аудартты. Олар мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерді діни экстремизм мен радикализм көріністерінің алдын алуда және Қазақстандағы діни тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайта беруде тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге шақырды.

Конференция нәтижесі бойынша іс-шараға қатысушылардың Үндеуі жарияланды.

Пікір жазу