Жаңалықтар

АҚШ билігі Иранға жаңа санкция салуы мүмкін

Алайда, АҚШ-тың бастамасына Еуроодақ пен бірқатар мемлекет қарсы болып отыр. Себебі, бұл 2015 жылы қол жеткізген Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімді бұзады.

Еске салсақ, Тегеран «ядролық бағдарламаға» қатысты келісімде көрсетілген өз міндеттерін толық орындауына байланысты Иранға қарсы салынған санкция 2016 жылдың қаңтарында алынған. Алайда, баллистикалық зымырандар мен кейбір ұйымдарға және жекелей азаматтарға салынған санкциялар сол қалпында қалған.

Стив Мнучин, АҚШ қаржы министрі:

– Иранға қарсы жаңа санкция жарияланады деп ойлаймын. Келісімге өзгеріс енгізу қажеттігін президент ашып айтты. Иран келісімінде көрсетілген міндеттерден бөлек мұнда адам құқығы, баллистикалық зымырандар және өзге мәселелер жетіп жатыр.

Еуропаның жетекші мемлекеттері Ақ үй әкімшілігін Иранның «ядролық бағдарламасына» қатысты келісімді орындауға шақырды. Айтуларынша, ресми Тегеранмен арадағы текетірес өз алдына бөлек талқылануы тиіс. Мұндай мәлімдемені олар Брюссельде Германия, Франция, Ұлыбритания елдерінің сыртқы істер министрлері мен Еуроодақтың сыртқы саясаты жөніндегі басшысы Федерико Могеринидің кездесуінен кейін жариялады.

Федерико Могерини, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы:

Келісім әлі күшінде. Ол Иранның ядролық бағдарламасына қатысты әрекеттерін бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп тұр. «Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік» Тегеранның барлық талаптарды орындап отырғанын растады.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім 2015 жылы бекітілген. Оған АҚШ, Ресей, Қытай Франция, Ұлыбритания және Германия мен Иран елі қол қойған. Бірлескен байлам бойынша, Тегеран өзінің ядролық нысандарын халықаралық сарапшылардың тексеруіне мүмкіндік береді. Есесіне Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі және Еуроодақ пен АҚШ бұл елді санкциядан босатты.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close