Бұл – тым үстірт пікір. Олай дейтініміз, Исламдағы ижтихад және құқықтық мәзһабтар тарихынан хабары жоқ, бар болған күннің өзінде, арандату немесе бүлік шығаруды көздеген адамның сұрағы Сұраққа тікелей жауап берместен бұрын, Исламдағы құқық және ижтихад тарихынан қысқаша мәлімет бере кеткен жөн. Хақ тағала әрбір оқиғаға қатысты кесімді де нақты үкім жібере бермегені белгілі. Кейбір күнделікті мәселелерге қатысты сұрақтардың шешімін мужтахид ғалымдардың ізденіс-талпыныстарына қалдырған. Осылайша, Жаратқан ие мужтахидтер арқылы пенделерінің ақыл өрісінің кеңейіп, дамуына жол ашқан.
Белгілі болғандай діннің негізіне, яғни сенімге қатысты мәселелерде келіспеушілікке орын жоқ. Алайда, қосымша, тармақтық мәселелерде түрлі көзқарастардың айтылуына рұқсат бар. Бұл да – Жаратқанның хикметінің нәтижесі. Сондықтан ислам шариғатында осындай мәселелерде ақыл-кеңес құруға, талқылауға, ижтихад жасауға алаң қалдырылған. Өз кезегінде Пайғамбарымыз, сахабалар және табиғин кезеңдерінің өзінде үкімі анық айтылмаған кейбір мәселелерге қатысты адамдар өзара ақылдасып, кеңескен, түрлі көзқарастар айтылып, түрлі ижтихадтар жасалған.
Фиқһқа қатысты негізгі емес қосымша, тармақтық мәселелерде уақыт пен ортаның өзгеруіне орай кейбір өзгерістердің орын алуы, өмірдің табиғи қажеттілігі. Осыған орай қоғамда шарттар мен қажеттіліктердің өзгеруіне қарай үкімдердің де өзгеретіндігі принципі қабыл етілген. Мұндай жағдайда мужтахид ғалымдардың ғасырдың қажеттілігіне ең сай келетін көзқарасы басшылыққа алынып, адамдар қиындықтан құтылады.
Сонымен қатар, Құран мен сүннетте үкімдер белгілі бір деңгейде шектеулі, ал туындайтын мәселелердің саны шексіз. Міне, осындай шектеулі насстармен шексіз оқиғаларды шешу мәселесінде түрлі көзқарастардың туындауы табиғи құбылыс. Осы сөйлемнің астын әдейіге сызып қойдым. Бұны білу өте маңызды. Түрлі көзқарастардың кездесуі бір жағынан ислам құқығының дамуын, екінші жағынан адамдардың күнделікті тұрмыста ұшырасқан мәселелерін қиналмай шешуді қамтамасыз етеді. Сөз түйіні, Ислам құқығы қияметке дейін қоғам өмірінде туындайтын жаңа мәселелерге жауап бере алатын қасиетке ие. Бұл қасиетін ол Құран мен сүннеттен алады. Осы екі телегей теңіз қайнаркөзбен қатар өмірде адамдардың алдынан шығатын діни, экономикалық және құқықтық мәселелерін ислам рухына сай шешуге көмектесетін ижтихадтың болуы да бір ерекшелік.
Жоғарыда айтып өткен мәселелермен қатар, ислам әлемінде белгілі құқықшылар тарапынан мәзһәбтар, құқық мектептері құрылып, олар негізін қалаушыларының аттарына байланыстырылып ханафи, шафиғи, малики және ханбали деп аталды. Міне, ахлу сунна уәл-жамағат дегеніміз осы мәзһабтар болып табылады. Һижри төртінші ғасырдан бері халық кең танымал төрт мәзһәбтан ажырамаған. Тарихта бұл төрт мәзһабтан өзге де мектептер болған. Солардың арасында әл-Хасан әл-Басри, әл-Әузағи, Суфиян әс-Сәури, әл-Ләйс ибн Сағыд, Суфиян ибн Уәйнә, Ысхақ ибн Рахауәйх, Әбу Сәур, Дауыд әз-Заһири, Ибн Жәрир әт-Табари секілділерінің мәзһәбтары танымал. Бұлардың әр бірінің түрлі ижтиһад жүйесі мен методикасы, осылар арқылы қол жеткізген көзқарастары, түрлі мемлекеттерге тараған ұстанушылары болған. Бұл мәзһәбтардың кейбіреулері өздерінің қорғаушылары және таратушылары болмағандықтан, ұстанушыларының аз болуы салдарынан және басқа да сыртқы себептерге, енді біреулері заһирилардағы секілді ішкі себептерге байланысты яғни настардың сыртқы мағыналарына қатысты пікірлерде шектен тыс кетіп, қиясты қабыл етпей, заманның қажеттіліктеріне жауап бере алмаулары және басқа мәзһәбтарға қатаң болуының салдарынан уақыт өте келе тарих сахнасынан жойылып кеткен. Міне, бұл өз кезегінде әхлу-сунна уәл-жамағаттың тарихпен расталғанын көрсетеді. Осы күнге дейін әхлу-сунна уәл-жамағатты адасушылар дегендер кездеспеген. Адасушылар деп айыптаушылардың арасында ислам әлеміне кең танымал, күллі мұсылман жұртшылығы мойындаған ешбір тұлға жоқ. Сондықтан оларды «адасушы» деп атаудың өзі адасушылық болып табылады. Әхлу-сунна ғалымдары Құран мен сүннетті дұрыс танымай бұра тартқан түрлі адасқан ағымдардың бүлігіне тосқауыл қойып, қоғам тыныштығын сақтау мақсатында үлкен мужтахид ғалымдар шығып, исламның негізін қорғап, дінді дұрыс түсіну арнайы ғылыми жүйені дамытып, көлденең көк аттының дін саласында сөз сөйлеп, бүлікке бастауын тоқтатқан. Әйтпесе, Құран мен сүннетте жоқ нәрсені таңып, дінді бұзуды көздемеген. Әхлу-сунна уәл жамағат ғалымдары болмағанда мұсылман үмбеті одан да көп бөлінушіллікке тап болатынын, ислам тарихын оқып біле аламыз. Мысалы, қадария, жәбрия, шиға, мүржия, мұғтазила, мушаббиха т.б. толып жатқан ағымдар шығып ислам үмбетінің тынышын алғандығы тарихтан белгілі. Бұл жерде мәзһабтар тарихына тоқталмай-ақ қояйық.
Кез келген ғылым саласының даму және орнығу кезеңі болады. Сондықтан асыл шариғатта төрт қана термин бар, кейіннен шыққандары «бидғат» деу орынсыз. Пайғамбарымыздың кезеңінде діни үкімдер мен ілімнің, бастауы Құран кәрім және пайғамбарымыздың көкейіне салынған сүннет болатын. Уақыт өте келе осы Құран аясында тәпсір, қырағат, насих-мансух, мухкам және муташабих, тіл білімі, көркем сөз т.б.секілді ғылым салалалары қалыптасты.
Ал сүннет және оны дұрыс түсіну жолында да көптеген ілім салалары қалыптасты. Олар хадисті жеткізуші кісілерге қатысты жәрх уә тәғдил, әсма уәр-рижал және хадистің түрлеріне қатысты ғылым салалары еді. Бертін келе Ислам дінінің түрлі аспектілерін қамтитын фиқһ, ақида, тасаууф секілді ілімдер пайда болды. Егер «бидғат» ұғымының аясын тым кеңейтіп жіберсеңіз ислам діні мен мәдениетіне тән көптеген асыл қазыналарды жоққа шығарасыз. Бұл жерде бидғат және оның түрлеріне тоқталып мәселені тым созбай-ақ қояйық. Енді дәлелдер мәселесіне қысқаша тоқтала кетейін.
Ислам шариғатында Құран кәрім мен пайғамбар сүннетінің тысында да дәлелдер бар. Аллаһ тағала адамдарды мақсат-мұратсыз, ермекке жаратып оларды еркіне қоя берген емес. Сансыз нығметтерге бөлеп, ақыл беріп ерекшелеумен қатар адам баласына жауапкершілік жүктеп, әрбір ісін парыз, уәжіп, харам, мәкруһ т.б. деген секілді үкімдерге тәуелді етіп, осы үкімдерге қол жеткізу мақсатында белгілі дәлелдер жіберген. Шариғат ғалымдары осы дәлелдердің біразін бір ауыздан қабылдаса, енді кейбірлері жайында түрлі көзқарас білдерген. Енді осы дәлелдерге тоқтала кетейік.
Мұсылман ғалымдардың бірауыздан келіскен дәлелдері мына төртеуі: 1. Құран, 2. Сүннет, 3. Ижма,4. Қияс.
Осы төрт дәлелге сүйене отырып шығарылған үкімге мойынсұну міндетті (уажибул-иттиба) болып табылады. Алайда, үкімдерге дәлел болу жағынан бұлардың бәрі бір дәрежеде емес. Олар мына тәртіп бойынша белгіленеді: Құран, Сүннет, Ижма, Қияс.
Қандай да бір мәселенің үкімін білгісі келген адамға ең бірінші кезектегі дәлел һәм қайнар көз – Құран. Егер мәселенің үкімін Құраннан тапса басқа дәлел іздеудің қажеті жоқ. Егер одан таппаса, сүннеттен іздейді. Егер одан да дәлел таппаса, ижмадан іздейді. Ижмадан таппаса, қияс әдісін қолданады. Қияс жоғарыда айтылған дәлелдердің ең соңғысы болып табылады. Мұғаз ибн Жәбәлдан келіп жеткен хадис дәлелдердің арасындағы осы тәртіпті көрсетеді.
Әуелгі төрт дәлелдің тысындағы дәлелдерді кейбір ғалымдар үкім шығару үшін дәлел ретінде қабылдаса, базбіреулері оларды дәлелге санамаған. Бұл дәлелдердің қатарына мыналар жатады: Масалихул-мурсала, истихсан, истисхаб, әдет-ғұрып, шәрғу мән қабләнә (Исламнан бұрынғы үмбеттердің діндеріндегі үкімдер), сахабалардың сөздері, сәдду зәрәиъ.
Сонымен қатар, дәлелдер өз ішінде нақли (діни мәліметтерге/құжаттарға негізделген) немесе ақли (ақылға негізделген) болып екіге бөлінеді. Нақли дәлелдердің қалыптасуында мужтахид ғалымның ешқандай рөлі жоқ. Ол діни құжаттарға, мәтіндерге сүйене отырып келеді. Нақли дәлелдерге: Құран, сүннет, ижма, әдет-ғұрып, алдыңғы шариғаттар мен сахабалар жолы жатады. Мысалы, Құран мен сүннеттің бар болуы мужтахидқа қатысты емес. Ижма да сол секілді. Өйткені, ижма мужтахид үкім шығармастан бұрын қалыптасып қойған-ды. Әдет-ғұрып, алдыңғы шариғаттар мен сахабалар жолы да сол секілді. Ал ақли дәлелдерге қияс, масалихул-мурсала, истихсан, истисхаб және сәдду зәрәғи жатады. Дәлелдерді бұлай жіктеу олардың негізі мен ерекшелігіне ғана қатысты. Әйтпесе, нақли мен ақли дәлелдер бір-біріне зәру. Мәселен нақли дәлелге сүйенбеген ижтихад қабылданбайды. Өйткені, жалаң ақылдың үкім белгілеуде құзыреті жоқ. Ал нақли дәлелдерді дұрыс қолдана білу үшін ойлануға, пікір өрбітуге, яғни ақылға қажеттілік болары айтпаса да түсінікті.
Бұл дәлелдер үкім белгілеуде әрқайсысы жеке бір негіз болып, үкімді дәлелдеуде басқа нәрселерге қажеттілік жоқ. Олардың қатарына Құран, сүннет, ижма, истихсан, әдет-ғұрып, сахабалар жолы жатады. Ал өз алдына жеке негіз бола алмайтын дәлел қияс болып табылады. Өйткені, қияс жасау арқылы бір мәселенің үкімін дәлелдеу үшін оны салыстыратын негізгі үкімнің мақсатын білуге қажеттілік бар болса, дәл солайша Құранда, сүннетте яки ижмада кездесетін бір негізге де тәуелді.
Шариғат дәлелдерінің бір бөлігі уахиға сүйенеді. Бұларды өз ішінде екіге бөледі. Уахи-мәтлуу (оқылған уахи) – Құран. Уахии ғайру матлуу – сүннет. Уахиға сүйенбеген екі дәлел ол – ижма мен қияс.
Бұл дәлелдерді тағы да асли (негізгі) және фәрғи (қосымша, тармақ) мәселелер деп екіге бөліп қарастырады. Асли дәлелдер төртеу, ал фәрғи дәлелдер жетеу.
Осы негізгі дәлелдерді мужтахид ғалымдар құжат ретінде қолдана отырып, үкім шығара алады. Ижтихад жасайтын дәрежеге жетпегендердің діни дәлелдерден үкім шығаруы мүмкін емес.
Ал енді «Пәтуа негізгі жоғарғы 4 термин аясында берілгенде бүгінгі күнгі талас-тартыстар анағұрлым азаяр еді» деген пікірге қатысты тоқталайық. Негізінен ислам шариғатындағы түрлі көзқарастардың болуы ғалымдардың жеке көзқарасынан туындамаған. Оның туындауына мынадай себептер негіз болғандығы фиқһ кітаптарында дәлелдерімен егжей-тегжейлі баяндалған:
1. Құранды түсінуден туындаған айырмашылықтар
а) Құран аяттарының астарлы мағынада, яки сөздіктегі негізгі мағынасында қолданылуына байланысты.
ә) Бір сөздің астарлы мағынасынан тыс негізгі бірнеше мағынасының болуы: Аяттардағы бір сөздің бірнеше мағынаны білдіруі де бір мәселеде мәзһабтар арасында әр түрлі көзқарастардың туындауына себеп болған.
б) Аятта анық белгілеудің, шектеудің болмауы:
2. Хадистерге байланысты туындаған айырмашылықтар
а. Араб тілі грамматикасының ерекшелігіне байланысты;
ә. Бір мағынадағы хадистің әр түрлі сөздермен риуаят етілуіне байланысты:
б. Бір мәселеде Пайғамбарымыздың әр түрлі хадистерінің болуы.
в.Пайғамбарымыздың іс-әрекеті мен сөздерінің әр келкі жорамалдануы.
г.Имамдардың хадис іліміндегі дәрежелерінің әр түрлі болуы.
д. Хадис дәрежелерін белгілеудегі тәсілдердің әр түрлі болуы.
е.Кейбір білдірілген хадис үкімдерінің күші жойылып (мәнсұх болып), орнына жаңа насих үкімдер келген. Осындай хадистердің, хадисте білдірілген оқиғалардың қайсысының бұрын, қайсысының кейін болғанын, яғни, насих пен мәнсұх хадистерді бір-бірінен ажыратуда ғұламалардың бір көзқараста болмауы – әр түрлі мәзһабтардың шығуына түрткі болған.
3. Аят, хадистерден тыс басқа себептер
а. Үкімдерде әдет-ғұрыптың әсері.
ә. Сахаба пәтуаларының негізге алынып-алынбауына байланысты.
б.Пәтуа шығару тәсілдерінің, ережелерінің әр қилы болуы.
Осы аталған қайшылықтарды жою үшін ғалымдар Құран және хадистерді саралай келе, арнайы қағидалар белгілеп, жүйелі түрде ойлауды жеңілдеткен. Пайғамбарымыздың, сахабалардың, табиғиндердің кезеңінде бірқатар қағидалар мен терминдер бар еді. Алайда олар жазылмаған болатын. Атбағут-табиғин кезеңінде Ислам мемлекетінің шегарасы едәуір ұлғайды. Түрлі ұлт өкілдері ислам дінін қабылдап, араб тілінің өзі баяғы тазалығын жоғалта бастады. Осының нәтижесінде бұрын соңды кездеспеген түрлі жаңа мәселелер туындады. Мұсылмандар арасында діни бірлік-берекені сақтап қалу жолында мужтахид ғалымдар шыға бастады. Әр ғалым өз білім-білігінің шамасына қарай үкім шығарудың өзіндік тәсілдерін белгілеуге көшті. Өйткені, бұрын-соңды кездеспеген мүлдем жаңа мәселелердің көбеюі, мәселенің шешімін күрделендіре түсті. Сондықтан діни мәтіндерден дұрыс үкім шығара білу үшін арнайы қағидалар мен әдістер бекіту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Араб тілінің тілдік қағидалары мен шариғаттың түпкі мақсатын назарға ала отырып, бекітілген осы қағидалар фиқһ әдіснамасының негізін қалады.
Осы кезеңде фиқһ негіздерінің харам, уәжіп, мүбах, парыз секілді терминдері пайда болды. Әр мектеп өзіне тән бір әдіс-қағиданы басшылыққа ала отырып, үкім шығарды. Осы терминдердің көп болуы, негізінен шариғаттың кеңдігін көрсетеді. Ал, үкімдерді жоғарыда аталған терминдермен ғана шектеу дінді дұрыс түсінбеуге, дінде шектен шығып, мұсылманның өзін күпірлікпен айыптауға алып барады. Мен бір ғана мысал берейін. Көпшілік ғалымдар парыз бен уәжіпті бір санайды. Ал, ханафилар бөлек дейді. Өйткені парыз – жасалуы кесімді әрі анық дәлелмен бекіиіледі. Ал, уәжіптің орындалуына қатысты келтірілген дәлелдер парыздағыдай күшті әрі айқын емес. Парызды мойындамаған адам діннен шығады, ал уәжіпті мойындамаған адам діннен шықпайды.
Сонымен қатар сіз қозғап отырған «халал, харам, парыз, сүннет» деген сөздер Құран немесе хадистерде термин күйінде келмеген. Бұл терминдердің де мазмұнын толықтарғын ғалымдар. Мысалы, Құранда бір үкімнің парыздығы әрдайым «парыз» деген сөзбен ғана келмейді. Парыздықты білдіретін сөйлемнің мынадай басқа да түрлері бар.
1. Аллаһ тағала бір істің орындалуын бұйрық райында білдіріп, оның орындалмауына қатысты ешқандай нұсқауыш сөздің (қаринә) болмауы. Мысалы: «Намаз оқып, зекет беріңдер, рукуғ жасаушылармен иіліңдер» («Бақара» сүресі, 43- аят), «Әй, иман келтіргендер, уәделеріңді орындаңдар…» («Мәидә» сүресі, 1-аят) деген аяттар. Бірінші аятта «намаз оқы» сөзі бұйрық райында айтылған. Ал оны оқымау үшін ешбір себеп тілге тиек етілмеген.
2) Етістіктің «парыз етілді», «сендерге әмір етілді» деген сарында қолданылуы. Мысалы: «Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгені сияқты сендерге де парыз етілді» деген аят («Бақара» сүресі, 183- аят).
3) Бұйрық раймен айтылған кейбір хабарлы сөйлемдер. Мысалы: «Ажырасқан әйелдер үш етеккір кезеңін күтеді» («Бақара» сүресі, 228- аят).
4) Үкімнің белгілі бір топқа немесе бүкіл адамдарға міндеттелгенін білдіретін аяттар. Мысалы: «Шамасы келгендердің ол үйге (Қағбаға) қажылық жасауы Аллаһ тағала алдындағы міндеті» деген аят («Әли Имран» сүресі, 97) қажылықтың парыздығын білдіреді.
5) Жаратушы ие қандай да бір амалдың сауапты екенін білдіріп, мұның қарымы ретінде жақсылық, ал оны орындамаған жағдайда ауыр азапқа ұшырайтынын ескертсе, бұл оның парыз екенін білдіреді. Сол секілді харамдықты білдіретін сөздердің де формасы әр-түрлі болып келеді. Бұларды білмеген адам Құраннан да сүннеттен де дұрыс үкім шығара алмайды. Сондықтан пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагерлері» деп ғалымдардың абыройын білдіріп кеткен. Ал әлху-сунна уәл-жамағат ғалымдары осы абыройға шынайы түрде лайық болды.
Осы секілді басқа да терминдер уақыт пен заманның талабы, ғылымның дамуының нәтижесінде келіп шыққан. Бұлардың бәрін «бидғат» деп атап, ғылым тарихын жылы жауып қоя салу Алла тағаланың адам баласына берген ең үлкен несібесі – ақылдың күшін дұрыс қолданбай, шариғатты шектеуге алып барады. Ал, ислам шариғаты өте кең әрі үкімдері кез келген адам көтере алатындай жеңіл.