Бірде бала аяқасты қатты науқастаныпты. Әкесі қолдан келгенін аянып қалмағанмен, ұлының жағдайы күннен күнге нашарлай береді. Перзентінің сотқар қалпынан түзелмегеніне іштей налыған әкесі:
– Ұлым-ау, алда-жалда олай-бұлай болып кетсең жағдайың не болмақ? Қиқар мінезіңді де түзеп үлгірмедің, – депті ақыретін уайымдап. Сонда баласы:
– Әке, сіз не десеңіз де, мен зор үміттімін. Алла мейірімділердің ең мейірімдісі емес пе? – дейді өзіне сенімді үнмен.
Көп өтпей бала көз жұмады. Қайғырып жүрген әкесі ұлын түсінде көріпті.
Одан ақыреттегі жағдайды сұрағанда, ұлы:
– Сізге айтқан соңғы сөзім үшін Алла тағала менің барлық қателіктерімді кешірді. Ешқашан Алладан үміт үзбеу керек екен. Мен осыны ұқтым, әке, – депті.
Құдайберді БАҒАШАР