Ол – аталмыш Институттың ғылыми-зерттеушілік және ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді, отандық философиялық және саяси ғылымдардың мәселелерін анықтауға және ғылыми мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. Осы саладағы жалпы мойындалған жетекші және беделді басшы болды. Атақты алматылық диалектикалық философиялық мектептің негізін қалаушылардың бірі болған ол ғылым философиясы және әдіснамасы бойынша халықаралық танымал ғылыми мектеп құрған ғалым. Тәуелсіз Қазақстанның түбірінен жаңа ұлттық энциклопедиясын жасауға да үлкен еңбек сіңірді.
Ә. Нысанбаев қазақ және орыс тілдеріндегі 600-ге жуық ғылыми және ғылыми-сараптамалық еңбектердің, оның ішінде 50-шақты монографиялар мен оқулықтардың авторы. Оның 80-нен астам ғылыми жұмыстары әлемнің 25 тілінде (АҚШ, Англия, Ресей, Түркия, Германия, Қытай, Иран, Польша, Украина, Франция, Өзбекстан және т.б.) жарияланды. Оның шығармашылығын кеңес дәуірінде кеңінен танымал болған диалектикалық логиканың философиялық-дүниетанымдық қырларын қарастырған ғылыми еңбектерімен қатар, жаhандану жағдайындағы қазақ ұлттық рухын түлету мен сақтау мәселелерін, қазіргі қазақстандық қоғамдағы дәстүрлі және либералды-демократиялық құндылықтарды үйлестіруді, кейінгі кеңестік мемлекеттердегі өтпелі үдерістердің ерекшеліктерін, қазіргі өркениеттік және жаhандық үдерістердің қазақстандық қоғамның орнықтылығы мен тұрақтылығы мәселесіне әсерін, этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіруді, Батыс және Шығыс мәдениеттерінің сұхбаты жағдайында өзара түсіністіктің жаңа интегралды философиясын жаңа теориялық және әдіснамалық тұрғыдан терең талдауды, елдегі демократияны дамыту, саяси және әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың тетіктері мен рухани алғышарттары мәселелерін қамтитын тақырыптар құрайды. Ол өзінің публицистикалық еңбектерінде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған мемлекеттік саясатын барынша қолдайды. Елбасының Халыққа Жолдауын, сондай-ақ оның «рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласын баспасөз беттерінен тақылауға бірнеше мәрте қатысты.
Аса қадірлі ұстаз Әбдімәлік Нысанбайұлы! Сізді сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойыңызбен Қазақстан Дінтанушылар конгресі мүшелерінің атынан шын ықыласымызбен құттықтаймыз. Уақыт керуеніне ілесіп, заман мен қоғамның алмасуын байыппен бақылап қана қоймай, сол мемлекеттік-қоғамдық өмірге белсене атсалысқан шағыңызда қарсы алып отырған торқалы тойыңыз құтты болсын! Ұзақ жылдар бойы шаршамай-талмай еткен еңбегіңіздің зейнетін көріңіз! Сізге, отбасыңызға, бүкіл әулетіңізге амандық, зор денсаулық, мол бақыт, жеке және шығармашылық өмірлеріңізге қажымас қайрат, сарқылмас шабыт тілейміз!
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Қазақстан Дінтанушылар
конгресінің төрағасы