− Айнұр Әбдірәсілқызы, таяуда Ресей Федерациясында іссапарда болып, діни оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталығының іс-тәжірибесімен танысып қайттыңыз. Әсер қалай, нәтижелер қандай?
− Шетелдік іссапардың берері қашанда мол болады. «Атың барда жер таны желіп жүріп, Асың барда ел таны беріп жүріп» деген қазақтың мақалы тегін айтылмаған. Жақсы мен жаманды, артық пен кемді саралауда, тіпті өз еліңнің жетістіктерін жете танып, кемшін тұстарын көңіл көзінен өткізуде сырт жерде көрген-білгеннің берері мол.
Ресейлік ағайындар бізді тура мағынасында қуана әрі құлшына қарсы алды. Себебі құдай қосқан көршіміздің біздің елдің аяқ алысын аңдап, жаңалықтарына құлақ түріп, көп жайтты ғаламтордан оқып, көкейіне түйіп отырған жайы бар. Дегенмен «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, олар да өздерін қызықтыратын саланың кәсіби мамандарымен жүздесуге, көкейдегі көп сауалға тікелей жауап алуға ынтық.
Сапарды Мәскеу қаласындағы Мәскеу ислам институтының базасымен танысудан бастадық. Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы құрылтайшылық ететін аталмыш оқу орнының басшылығымен және ұжымымен кездесу өткіздік. Қатысушыларды біздің орталықтың қызметімен көрнекі түрде таныстырып, Қазақстандағы діни ахуал және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар жайында кеңінен түсінік бердік.
1999 жылы құрылған аталмыш оқу орны негізінен Ресей Федерациясы үшін дін мамандарын даярлауға бағдарланғанымен, онда қазір Орталық Азия елдерінен, әсіресе Қырғыз Республикасы мен Тәжікстаннан келген азаматтар да білім алуда. Оқу орны басшылығы тарапынан қазақстандық бір ғана студенттің білім алып жатқаны мәлімделді.
− Кездесу барысында қандай сауалдар көбірек қойылды?
− Мәскеулік әріптестерімізді біздің еліміздің дінтану сараптамасын жүргізудегі кәсіби жетістіктері қызықтырды. Осы саланың басы-қасында жүрген маман ретінде дінтану сараптамасын мемлекеттік қызмет түріне енгізгенге дейінгі барлық заңнамалық нормалардың қалыптасу сатыларынан әріптестерімізді толық хабардар еттік.
Институт оқытушылары сонымен қатар еліміздегі дәстүрлі (мақсатты түрде атап отырмын) және дәстүрлі емес ислам ағымдарының, Ф.Гүлен, С.Нұрси секілді жекелеген тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты ресми ұстанымдар, мектептегі хижаб мәселелесін шешудің заңнамалық тетіктері, діни және дінтанулық білім беру жүйесіндегі жаңалықтар туралы білуге көбірек ықылас танытты.
Өз кезегінде біз ресейлік діни білім стандарттарының ерекшеліктері, оқу бағдарламасындағы пәндер, мамандар әлеуеті жайлы сауалдарымызға жауап алдық. Ресейдегі сот шешімімен тыйым салынған экстремистік материалдардың федералдық тізімінде жүрген ислам классиктерінің еңбектеріне назар аударып, олардың экстремистік деп танылу себебін сұрастырдық. Ресейлік ағайындар мұны маман жетіспеушілігінің салдарынан кеткен олқылық деп санайтынын білдірді.
«Сырт көз – сыншыл» дегендей, көңілге күмән ұялатқан жайттар да болмай қалған жоқ. Мәскеу ислам институты тарапынан шығарылған еңбектерге назар аудара отырып, біз қосавторлар қатарында дәстүрлі емес ислам идеологтарының бар екенін аңғардық.
Айта кету қажет, материалдық-техникалық базасы, әсіресе кітапхана қоры жағынан Ресей ислам институты мақтанарлық жағдайда емес. Салыстырмалы түрде алғанда мен бұл жағынан аталмыш институт біздің бірқатар медреселерден көш кейін дер едім. Соған сәйкес студенттер саны да шектеулі – күндізгі және сырттай оқу түрлерін қоса алғанда небәрі 220-ға тарта студент білім алуда.
− Қазандағы ағайынның халі нешік екен?
− Қазан ислам университеті – өзінің дәстүрлі тәжірибесі қалыптасқан, материалдық-техникалық базасы қажетті деңгейде жабдықталған, кадрлық әлеуеті жоғары, студенттер саны мол танымал оқу орны. Ислам ғылымдары кафедрасы, діни пәндер және гуманитарлық пәндер кафедралары қызмет атқаратын университетке Ресей мүфтилерінің кеңесі мен Татарстан мұсылмандары діни басқармасы қатар құрылтайшылық етеді.
Сырттай және қашықтан оқыту жүйесі қалыптасқан университетте Орталық Азиядан көптеген студенттер оқиды. Бұл оқу орнына да экономикалық тұрғыдан ахуалы төмендеу Тәжікстан мен Қырғыз Республикасынан келушілер басым. Қазақстандық 25-ке тарта студенттің барлығы дерлік сырттай білім алуда.
Іссапар барысында бізді тікелей қабылдаған Қазан ислам университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, белгілі исламтанушы Мұхаметшин Рафик Мұхамедшеұлы Қазақстандағы діни оқу орындары қызметінің заңнамалық тұрғыдан толық реттелгеніне және дінтану сараптамасын жүргізу жүйесінің кәсіби тұрғыдан елеулі нәтижеге қол жеткізгеніне назар аударып, біздің орталық тарапынан әзірленген әдістемелік құралдар мен ғылыми-талдамалық материалдарға үлкен қызығушылық танытты. Әсіресе біздің мақсатты аудиторияның әрбір бөлігіне – мемлекеттік қызметкерлерге, дінтанушы-сарапшыларға, имамдарға, әйелдер аудиториясына, мектеп мұғалімдеріне, дінтану кафедралары оқытушыларына, студент-жастарға, жалпы тұрғын халыққа арнап әртүрлі форматтағы дербес басылымдар әзірлеуімізді қалыптасқан сарабдал саясат пен елеулі тәжірибенің жемісі ретінде жоғары бағалады.
Аталмыш оқу орнында әзірге магистратура және докторантура деңгейіндегі білім жүйесі қалыптаспаған. Осы орайда біз өз тарапымыздан Татарстанда құру көзделіп отырған Бұлғар ислам академиясының алдағы қызмет бағыттарына, ресейлік діни білім беру стандарттарының жүзеге асырылу барысына және татар дін ғалымдары еңбектерінің игерілу мәселелеріне қатысты сауалдар қойып, жан-жақты жауап алдық.
Дәстүрлі діни білім жүйесін жандандыру – Қазан ислам университетінің негізгі мақсаттарының бірі. Ш.Маржани, Г.Курсави, Утыз-Имяни, Г.Буби, З.Камали, М.Бигиев секілді көрнекті татар дін ғалымдарының еңбектерін отандық оқырманға таныту мақсатында жасақталған «Татар діни ақыл-ойының антологиясы» сериясы аясында бірнеше басылым жарыққа шығарылып, исламтанушылар игілігіне айналдырылған.
− Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста тәжірибе алмасу бағыттарына ойысатын кез келген секілді…
− Иә, солай ойысып та келе жатырмыз. Дәл осы секілді «Қазақ діни ақыл-ойының антологиясын» жасақтау идеясын 2013 жылы көтерген болатынбыз. Өкінішке орай, біздің жағдайымызда бірнеше мекеменің бірлесе күш салуын талап ететін бұл шара әзірге қолға алынбай келеді. Біздің болашақ антологияның үзік-үзік мәтіндері кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан басылымдарда, жекелеген ізденушілердің аударма еңбектері мен кейбір зерттеулерде үзінді түрінде көрініс тапты. Біздің орталық тарапынан осы шараға аз да болса үлес қосу мақсатында 2016 жылы «Қазақ ағартушыларының діни-танымдық көзқарастары» атты еңбек әзірленіп, жарыққа шықты. Дегенмен негізгі атқарылар іс алдағы күннің еншісінде қалып отыр.
Екінші мәселе – іссапар қарсаңында алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізгенде назар аударғанымыз Ресей Федерациясындағы діни білім беру стандарттарының мазмұндық тұрғыдан айтарлықтай дәрежеде жетілдірілгендігі болды. Ресейлік әріптестерімізге қалжыңдап жеткізгеніміздей, толығымен жүзеге асырылса, бұл стандарттар имам емес, әулие дайындап шығаратындай дәрежеде жасақталған екен.
Яғни «имам қандай болуы, нені игеруі керек?» деген сұраққа жауап ретінде болашақ имамның ең алдымен отансүйгіш азамат, мемлекеттік рәміздерді құрметтейтін және насихаттайтын, отаншылдықты дәріптейтін, өзге ұлт пен дін өкілдеріне құрметпен қарайтын және уағыз-насихаттарында оны исламдық дереккөздері негізінде дәйектей білетін, өз ұлтының тарихи-рухани-мәдени мұрасын игерген және халыққа жеткізе алатын, радикалды діни ағымдар идеологиясының ықпалына түскен азаматтарды оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын жүзеге асыруға, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында қызмет атқаруға, оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуге, кәсіби аударма жасауға, заңдық құжаттар әзірлеуге қатысуға қабілетті тұлға болуы қажеттігі айқындалған. Ресей мұсылмандарының бір бөлігі шафиғи мазхабын ұстанатындықтан, стандартқа сәйкес діни тұрғыдан алғанда болашақ имамдардың ханафи және шафиғи мазхабтарының құқықтық ерекшеліктерін қатар игеруі талап етіледі.
Дегенмен өзіміз жобалағандай, бұл стандарттар осы жыл басында ғана жасақталып енгізілген болып шықты, яғни олардың негізінде оқу бағдарламасы әлі қалыптастырыла қоймаған.
Аталған стандарттағы бірқатар талаптардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тәлімдік құжаттарында көрсетілгені және еліміздегі діни оқу орындарында оқытылатыны белгілі. Дегенмен мұндай деңгейлі талаптардың оқу стандарты ретінде дербес жасақталуы, әрине, анағұрлым тиімді болмақ. Өйткені стандарт талаптары сол мақсаттарды жүзеге асыратын нақты оқу бағдарламасының жасақталуын міндеттейді, бұл өз кезегінде білім жүйесінің жетілдірілуіне ықпал етеді. Сондықтан ресейлік діни білім беру жүйесінің бұл тәжірибесі игеруге тұрарлық деуге болады.
Үшінші бір көңілімізге қонған жайт ресейлік ислами оқу орындарында ислам өнерін дербес пән ретінде оқыту дәстүрінің орныққандығы болды. Ислам музыкасы, сәулет өнері, каллиграфиясы бойынша оқулықтар жазылып, пәндер қалыптастырылған. Осындай пәндер біздің отандық ислами білім жүйесінде де қалыптасса, діннің тек сенімдік қағидаттармен шектелмей, мәдениеттің сан саласымен тереңнен астасып жататыны исламтанушылар санасында айшықтала түсер еді.
− Ресейде діни білім алып жатқан отандастарымызбен кездесудің сәті түспеді ме?
− Ойламаған жерден ойдағыдай болып, оның да орайы келді. Қазан ислам университетінде қашықтан білім алып, оқуларын тәмамдағалы жатқан қазақстандық бір топ студентпен жүздестік. Олардың оқу барысы, игеріп жатқан мамандықтары, университеттегі білім деңгейіне көзқарасы жайында сұхбаттастық.
Бұл бітірушілердің барлығы дерлік бұрын басқа гуманитарлық мамандықтар бойынша оқу орындарын тәмамдаған, елімізде өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүрген азаматтар. Арасында дін саласында жүргендер де бар. Отандастарымыз қашықтан оқытудың өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік беретін тиімділігін, Қазан ислам университетіндегі оқу ақысының төмендігіне байланысты осы оқу орнын таңдағандықтарын және білім жүйесі мен деңгейі толығымен көңілдерінен шығатынын атап айтты.
Бітіруші студенттер аталмыш университетке Қазақстан Республикасының ресми көзқарасы және университет тарапынан берілетін дипломды елімізде тану және нострификациялау мәселесі төңірегінде сауалдар қойды. Бұл орайда біздер Қазан ислам университетінің «Діни білім алу ұсынылатын шетелдік оқу орындары тізіміне» енгізілгенін атап көрсетіп, нострификация мәселелерін шешу тетіктері жайында түсінік беріп өттік.
Сонымен қатар іссапар барысында Татарстан Республикасы Ғылым Академиясының құрамындағы Исламтану зерттеулері орталығының ұжымымен кездескенімізді айта кеткеніміз жөн. Сұхбат барысында екі орталық өкілдері бір-бірімізді жүргізген зерттеулермен, дайындалған әдістемелік құралдармен таныстырып, өзара басылымдар алмастық. Мемлекеттік орган қызметіне қолдау көрсету мақсатында құрылған қос орталықтың қызмет бағыттары өзара үндесетіндіктен, бірлескен жобалар жүргізуге мүмкіндігіміз мол екені айқындалды.
− Түйін сөзіңіз?
− Ресей іссапары тағылымды тәжірибемізді толыстырды. Қабырғалас көршіміздің діни білім саласының жай-күйін көзбен көріп, көп жайтқа қанып қайттық. Барлық кездесулер соңында бірлескен іс-шаралар өткізіп, ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаластық. Ең бастысы, бұл сапар бізге өз еліміздің қол жеткізген жетістіктерін сүйіне сезініп, жарқырата жеткізуімізге мүмкіндік берді. «Таулар алыстаған сайын асқақтайды» дегендей, еліміздің еңселілігі мен еңсергендерін сырт жұртқа жариялай жүргенде жақсырақ сезіндік. Ортаюға бейім көңілімізді марқаюға бағыттаған басты олжамыз осы болар, бәлкім…
− Сұхбатыңызға рахмет!
Cұхбаттасқан Игілік ҚОҢЫРАТБАЙ