Студент інің бар. Үйде тұрғызғың келеді. Бірақ… Ауылда анаң мен атаң тұрады. Оларға қомақты ақша жібергің келеді. Бірақ… Барлығын «бірақ» деген құртып тұр. Себебі, сен «брактасың». Әйелің бар.
Қандайда бір істі бастамақ болсаң, «ол не дейді?», -деп қас-қабағына қарайсың. Иә, кейде еркек екенің есіңе түсіп, өзім білеммен біраз шаруаны «тындырып» тастайсың. «Бірақ». Сол түні саған ұйқы жоқ. Әйелің момын болса, миыңды жейді. Долы болса, дамбалыңды қолға қысып ұстап, далада түнейсің…
Негізі, бұған дейін жеткізген, орысша айтқанда «допускать» еткен өзіңсің. Кінәлі сен! Құдай жаратқанда еркекті басқарушы-бастаушы етіп, әйелді бағынушы еткен. Әйел іштей бағынғысы кеп тұрады. Оның болмысы сондай. Барлығын өзіміз құртамыз. Мәселен:
– Отағасы, бүгін қандай тамақ жасайын? Палау ма, әлде ет асайын ба,-деп сызылып сұрайды.
Сызылып сұрағанға морт сындың. «Өзің біл, алтыным»,-деп, әйеліңнің даусынан да жұмсақ етіп жауап бердің. «Мейірімге мейіріммен жауап бердім»,-деп ойлайсың. Жоқ. Сен үлкен қателік жасадың! Өліп кет, айтпау керек еді. «Иә, өзің біл»,- деген сөзді айтпауың керек еді. Ойыңа қаңғып не келеді, соны айта салған ләзім еді. Сорпа ішкім кеп тұр! Бүгін лағман дайында!
Егер «өзің білге» салсаң, бүгін ол өзі білгенін істейді. Ертең тәбетің тартып, палау жегің келсе, «көп сөйлемей алдыңа қойғанды жеші-аааа», дейтін болады. Тағы бір ұқсас мысал. Тойға барайын деп жатырсыз. Арғы бөлмеде анау көйлекті бір киіп, мынау бірін ұстап, қайсысын таңдай алмай тұрған әйеліңіз сізден көмек сұрайды.
«Көкесі, қызыл көйлегімді киейін бе, сарысын ба?», – дер. Сол кезде, тағы да «өзің білге» салма.
Былай қарап тұрсаң, болмайтын дүние. Бірақ, әйелді бағындыру, бұйрыққа көндіру ұсақ шарттардан басталады. Майда-шүйде деп аталатын майданда жеңілсең, үлкен «ұрыста» ұтылатының айдан анық.
Әйеліңмен қарым-қатынас дипломатиясы
Жоғарыдағы бөлімді оқып алып, «әйелдің ешбір сөзін тыңдамау керек», -деген ой басқа келмеу керек. Иә, Құдай оны солай жаратқан. Қашан көрсең ызыңдап, миыңды ашытады. «Анау зат керек. Мынау дүниені әкеп бере ғой»,-дейді. Быжылдап ұрысқанына да көнуге тырысу керек. Бірақ, аса маңызды дүниелерде қабағыңды шытқаннан-ақ, әйелің жым болуы керек. Әйелдің ашуы демекші. Бір оқиға есіме түсе кеткені.
Омар патшаның тұсында болса керек. Бір сахабаның әйелі тым мазасыз екен. Күйеуі не істесе де, жақпайтын көрінеді. «Үйде анау жоқ»,-деп басталып, «жұрттың байы осылай істеп жүр ғой»,- дегенмен әңгімесі тәмамдалады екен. Әбден зәрезап болған сахаба Омар патшадан ақыл сұрауға барады. Әміршінің үйінің алдына келгенде арғы жақтан әйел адамның шаңқылдаған дауысы естіліп жатыр екен. «Қашан көрсем, сыртта жүресің. Пәленшені қара, тапқанын тапқандай үйіне әкеледі. Ал сіз ше? …». Не керек, әлі талай әңгімені тыңдар ма еді, сахаба ұялғанынан есіктен алыстай береді.
«Мен Омарды патша, ақыл береді деп келсем, мұның әйелі менікінен де өтіп кеткен екен ғой», -деп ренжіп кетіп бара жатады. Есіктің сыртындағы тысырды естіп қалған Омар әйеліне «тоқта» деп әмір беріп, далаға шығады. Анадайда аяңдап досы кетіп барады. Басы салбыраңқы. Қуып жетіп алып, не себепті келгенін сұрайды.
Сахаба себебін айтады:
«Әйелім бір мазасыз адам еді. Не істемейін, көңіліне жағу қиын. Ақыл сұрамаққа келіп едім. Сөйтсем, сізде де осы мәселе екен…»,-деп сөзін аяқтайды.
Сонда сахабаның сөзін тыңдап тұрған Омар мырс етіп күліп жібереді. Іле сөзін жалғайды:
-Оларды түсінуге тырысшы. Ол сенің тамағыңды әзірлейді. Киіміңді жуады. Балаларыңа қарайды. Үйіңді таза ұстайды. Бір минуты бос емес. Үй шаруасына жегілген әйел енді қайтсін? Оның да сені бір ұрсуына хаққысы бар ғой. Бер хақысын, -деген екен.
Сол секілді кей-кейде әйелдеріміздің «парын» шығаруға мүмкіндік беру керек. Бірақ. Сен шын ашулағанда ол сөзін сап тиятын болуы керек. Сенің ымдауыңды түсіне қоюы үшін, әрине тәрбиелеу керек.
Телефонымды тексереді…
Жоғарыдағы жазу барлық еркекке таныс шығар ә?! Талайымыздың әйеліміз, біз ұйқыға кеткенде телефонымызды тексереді. Бұл барша әйелге тән дүние. Айша анамыздың өзі айтып берген бір оқиғаны осы жерге жаза кетсем.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамыздың үйіне түнеуге келеді. Түннің бір уағында елші орнынан тұрады да, сыртқа қарай шығып кетеді. Айша анамыз кәдімгідей уайымдай бастайды. «Бүгін менің үйімде түнеуі керек пайғамбар неге кетіп бара жатыр?»- деп іле күйеуінің артынан аяғын ақырын басып, ілеседі. (Қазіргі заманға салсақ, бұл әрекеті телефон тексергендей)
Пайғамбарымыз қала сыртындағы қабірлерге келіп, дұға қайыра бастайды. Сонадайдан барлығын бақылап тұрған Айша анамыз пайғамбардың дұғасын аяқтап, кері бұрылғанын көреді. Өзін байқап қоймасын дейді де, анамыз үйге қарай зымырайды. Келген бетте көрпенің ішіне күмп береді. Бірер минуттан соң, пайғамбарымыз да жетеді. Жастығына бас қойғанда, әйелінің ентігіп жатқанын байқайды. Сол кезде Айша анамыздың иығынан жай ғана алақанымен қағады.
«Уа, Алланың елшісі, біз зиратқа барғанда қандай дұға оқыған дұрыс?», -деп сұрақ қояды ол. Мұнысы тақырыпты ауыстыру болатын. Пайғамбарымыз да түсіне қояды. Мола басында мұсылман адам мынадай дұғаларды оқу керек деп баршамыз білетін дұға-тілектерді айтып береді.
Осы хадистен ерге де, әйелге де қажет хикмет бар. Айша анамыз ұсталып қалды. Қайсібір әйелдер сияқты «ең жақсы қорғаныс ол – шабуыл» дегенге салған жоқ. Кінәсін мойындай отырып, әңгіменің ауанын ауыстырып жіберуге тырысты. Мұндайда біздер, еркектер не істеуші ек?
«Ей, сен тоқта. Неге тақырыптан ауытқисың? Дұғаны қоя тұр. Сен маған мынаған жауап берші»,-деп сұрақ пен соққының астына аламыз. Ал пайғамбар өйтпеді. Кінәсін мойындағанын көрді, кешірді. Басқа тақырыпқа ауысты.
Әйелмен дипломатия туралы талай-талай дүниені жазуға болар еді. Мәселен: «ақшаны еш уақытта әйелге ұстатпа. Өзіңде болсын. Сұраған кезде керекті мөлшерде беріп отыр. Осы арқылы әйел саған тәуелді екенін түсінеді»,-дейтін де кеңес бар. Қысқасы, әйелді бағынышты ұстаудың амал-шарғысы көп. Ең абзал амал – ол қосағыңа адал болу! Ішіп-жемнен тарықтырмау. Оның туыстары жайлы жаман сөйлемеу. Өзің не жейсің, ол да содан дәм татуға хақысы бар екенін түсіну. Болды.
Жалғасы бар…
Нұрбек Бекбау