– Айдар Парқұлұлы, жиырма жылдық тарихында қоғамдық келісімнің ұйытқысына айналған Ассамблея миссиясына қандай баға берер едіңіз?
– Алдымен, Ассамблея құру туралы идеяны алғаш рет 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халқының І форумында Елбасы ортаға салған еді. Посткеңестік мемлекеттердің ешқайсысы көтермеген тың бастаманы сол кездері кейбіріміз түсінбегенімізбен, қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішкен халықтардың теңдігін қалыптастыруда бір орталықтың қажет екенін ұғынған еді. Осылайша 3 жылдан кейін, Президент жарлығының негізінде 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган ретінде құрылды. Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясы көз алдымызда құрылып, өз деңгей-дәрежесін айқындаған институт. Елдің мақсат-мүддесі мен ұлттық саясатын негіз еткен ұйымның қазіргі таңда алдына қойылған қоғамдық мәселелерге байсалды шешім ұсына алатын құзыреті бар. Бұл – Ассамблеяның өз миссиясынан танбағанын білдіреді. Қоғамдық келісім мен татулықтың символына айналған бұл институттың елдің экономикалық-әлеуметтік дамуында да үлесі бар деп айтар едім. Бұлай деп нақты айтуға негіз бар: біріншіден, Қазақстан – көпұлтты мемлекет болғандықтан, мұндағы ұлттардың тыныс-тіршілігі, елімізбен қарым-қатынасы, олардың ұлттық ерекшеліктерінің қаймағы бұзылмай сақталуы қажет болды. Осы ұстанымдарға бекемдік танытқан ұлттық саясат елімізді мекен еткен барлық ұлт пен ұлыстың тең құқылы ғұмыр кешіруіне жағдай жасаған болатын. Бұл еңбек зая кетпегендіктен, біздер ұлтаралық татулық тұрғысынан әлемге үлгі болып отырмыз. Ал елдегі тыныштық пен ынтымақтың тұрақтылығы – экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда ұдайы даму мүмкіндіктерін тудырды.
– Бұл ретте Ассамблеяның тағы қандай артықшылықтары бар?
– Қазақстанды мекен еткен ұлттар біз егемендік алған жылдары шетелге шықса, «қазақстандағы орыспын» немесе «қазақстандық неміспін» деп өзін таныстыратын. Қазір қалай? «Қазақсың ба?» дегенге еш қаймықпай «қазақпын!» деп жауап бере алады кез-келген ұлттың өкілі. Мұның сыры – қазақ жерінде тұратын өзге ұлттардың халық санының үлкен пайызын құрайтын қазақ ұлтымен терезесін тең сезінуінде. Тұрғылықты жерден моральдық және материалдық құқай көрмеген ұлт қана осындай әрекетке барады. Одан кейін қанымызға сіңген қонақжайлылық, дархандық сияқты асыл қасиеттерімізден нәр алған, сол бай мінезіміздің шарапатын көрген ұлттар да өз кезегінде туған топыраққа деген парызына адал болуды мақсат тұтуда. Біз бақытты елміз. Себебі тұрақтылық пен татулықты ту еткен қаншама ұлттың баласы бір шаңырақ астында, көк туымызды көкке желбіретуге үлес қосып келеміз. Осы ретте Ассамблея мүшелеріне ерекше алғыс білдіре кеткім келеді. Себебі олар бір күн су ішкен құдығына түкірмегендіктен, әр ұлттың ақсақалы бар, абызы бар, барлығы біріге отырып, бірлікке шақырғаны үшін, ұрпаққа өзінің қазақ жеріне табан тіреген тарихын ұнамды жеткізгені үшін біз бүгінде бір-бірімізге алакөздік танытпай, жақсы ғұмыр кешіріп келеміз.
– Бір сөзіңізде осы ұлттарды біріктіретін және бір құрал бар, ол – қазақ тілі деген едіңіз…
– Иә, қазақ тілінің тағдыры күресінге түскенде шыр-пыры шығып, арашашы болуға ұмтылған да осы институт еді. Бізге белгілі, өмірдің ағы мен қарасы қатар жүретіні заңдылық. Осы ретте ел басына түрлі сынақтардың да түсетіні белгілі. Қуанышымыз бен қайғымызда, сын сағатта жанымыздан табылып, өзінің міндетін орындаған, қазақ ұлтының алдындағы борышына немқұрайлы қарамаған, жиі-жиі БАҚ арқылы ризашылығын білдіріп отыратын өзге ұлт өкілдерін көргенде ішің жылиды. Бұл – ұлт саясатына, ел тұтқасын ұстаған Елбасы саясатына, қашан да құшағы айқара ашық тұратын қазақ халқына деген ризашылық емес пе?
Міне, Ассамблеяның тізе берсең түгесілмес артықшылықтары бар. Ең бастысы татулықпен жарасым тапқан ара-қатынасымыз көпке үлгі. Ел бірлігінің тәжірибесін бізден үйренуге мүдделі болып отырған мемлекеттер де жоқ емес. Бұл да біз үшін мақтаныш.
– Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы негізгі міндеттелген талаптарының үдесінен шықты. Осы орайда этникалық қақтығыстарды болдырмауда, Ассамблеяның жұмысын әрі қарай дамытуға байланысты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Әрине, осы саланың тамыршысы ретінде, біздер ғалымдар жиырма жылда атқарылған шараларды тізіп қана қоймай, соның негізінде кешенді бағдарламалар мен ғылыми тұжырымдарды шығаруға мүдделіміз. Себебі оның жұмысының кемел болуы – этнос және ұлтаралық саясаттағы рөлінің мықты болуына алып келеді.
Мен ғалым ретінде мемлекеттің ұлт және этносаралық саясатының негізгі элементтері қарапайым халыққа толық жетпейтіндігін аңғардым. Неге дерсіз? Себебі әрегідік болса да бой көрсететін ұлтаралық, дәлірек айтсақ, екі ұлт өкілінің арасындағы дау-дамайлар осы нәзік саясатты толық түсіне алмағандықтан орын алады. Егер қазақ жерінде тұрып жатқан екі азамат, елдің ішкі-сыртқы саясатындағы ынтымақтың – ұлы берекеге бастайтынын жүрегімен түсінер болса, шиеленістен бас тартар еді.
Ғұмыры қарбаласқа толы базар саудагерін немесе қара жұмысшыны алыңыз. Ол кісілердің теледидар қарауға уақыты бола ма? Көбіне бола бермес. Иә, Ассамблея саясаты, оның мақсат-мүдделерінің насихаты бар. БАҚ арқылы ол өз миссиясын айтып, елді осы береке мен бірлікке шақырып-ақ келеді. Бірақ жоғарыда айтқан дау-дамай көбіне білместіктен туып отыр емес пе, сондықтан біз қоғамдық келісім идеясын ең алдымен сол кісілердің санасына жіті сіңіруіміз қажет. Достықты насихаттайтын, татулықты ту ететін аудио-видео, жазба материалдары әр қазақтың қолында жүруі шарт. Әлеуметтік желілерді де осы мақсатқа пайдалансақ құба-құп. Әлемге назар аударыңыз, тыныштығы ұйыған ел кемде кем. Таяу Шығысты алып қараңыз, айналып келгенде қарапайым халық жапа шегіп отыр. Себебі арандап қалды. Құйтырқы саясаттың, бүлікші топтың құрбанына айналды. Қара су мен қара нанға зар болып отыр. Отанын тастап бас сауғалап көрінгеннің есігінде жүр. Теңіз кешем деп, тереңге кеткендер қаншама… Бір бас көтерудің құны – өзінің және ұрпағының өмірімен өтелмейтін қиындыққа айналды. Міне халық осыдан сабақ алсын.
Ақпараттық-насихат бүгінгі басымызға түскен зауалдың тиімді шешімдерінің бірегейі. Елді дұрыс ақпараттандыру ғалымдарға, журналистерге, саясат көрігін қыздырып жүрген азаматтарға сын. Сол себепті магистратураларда, докторантурада дін татулығы, ұлтаралық татулық тақырыптарын зерттейтін мамандар әзірлеу керек. Олар Ассамблея жұмысына баға беріп қана қоймай, алдағы мақсаттарына да бағыт-бағдар бере алатын жоғары дәрежеге ие болмағы абзал.
Сонымен бірге аталған тақырыпты арнайы жазатын журналистер жоқ. Қоғамдық келісім тақырыбын толыққанды зерттеп, аналитикалық шолу жасай алатын журналистер қалыптастыру керек.
Айта кету керек, сөз басында әр ұлттың ақсақал, абызына қатысты әңгімені текке айтқаным жоқ. Қариялар – тарихтың өзі мойындаған тірі институттар, бірлік, ынтымаққа ұйытатын да, тентегін жөнге сап, ақылдысына қанат бітіретін де сол кісілер. Біздер бүгінгі тыныштыққа елімізде тіршілік еткен ұлттардың үлкен қарияларының тұшымды өсиетімен жеттік. Осы ретте, әр ұлтта қариялар кеңесінің жұмысын жандандыра түсу қажеттігі өзінен өзі туындап отырған жоқ па? Қазақ жерінен тамырын үзбеген өзге ұлт өкілдері бабалары қалыптастырған татулық, ізгілік жолын кейінгіге бұзбай жеткізсе, қазақ топырағы, қазақ халқы сол ұлттың атасына рахмет айтпай ма? Иә, осы ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды дамыта түсуіміз керек.
Сөз соңында айтарым, біздер өзімізге бұйырған ұлан-ғайыр атырапты сабырмен, парасатпен қорғауға бекіп отырмыз. Мен талай жиындарда айтып жүрмін, елдік, ұлттық мәселеге келгенде ұшқалақтыққа, қызуқандылыққа, эмоцияға салуға болмайды. Қанымызға біткен дархандық, әр істің байыбына бара алатын пайымымыз бізді осы жерге дейін алып келді. Елбасы өз сөзінде «Әлемді лаңкестік уыты шалды. Елінің бірлігі шатқаяқтаған елдер сол лаңкестіктің отанына айналып отыр» деп нені меңзегенін Сіз бен біз жақсы білеміз. Сондай-ақ, Ассамблеяның ХХ сессиясында Президент Н. Назарбаев айтқан мына сөз ерекше санамда сақталыпты. «Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес». Сондықтан әр қазақ өзінің татулық пен бірлік алдындағы міндетін ойдағыдай атқарар болса, онда елдің экономикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыда қарыштайтын күні алда деп сенемін. Ал Ассамблеяның құрылуы, оның саясатының дұрыс жүзеге асырылуы – саяси, әлеуметтік, ұлттық және экономикалық дамудың қазақстандық моделін ұсынды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ,
E-islam.kz