Астана. 5 ақпан. KAZISLAM – 4 ақпан күні Астана қаласы Көктал-1 шағынауданы Шыңғыстау көшесінде орналасқан үйде болған өрттен 5 бала қаза тапты. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов осыған байланысты жедел жиын өткізіп, оқиға орнына барып, қайғы жұтқан отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

4 ақпан күні түнгі сағат 2:34 шамасында 101 желісіне жер үй аумағында өрт болғаны туралы хабар түсті. Өрт аумағы 30 шаршы метрді қамтиды. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды сағат 03:34-те тоқтатты. Оқиға салдарынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған балалар мәйіті табылды. Ата-аналары жұмыста болған» деп хабарлайды Төтенше жағдайлар ведомствосы.

Елорда әкімі қайтыс болған балалардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, қолынан келген көмектің бәрін жасауға дайын екендігін жеткізді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Қазақстан делегациясы "Құл-Шәріп" мешітінде

«Қайғылы жағдайға байланысты қала әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізіп, құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. Жиыннан соң Бақыт Сұлтанов «Сарыарқа» ауданының әкімі Арман Тұрлыбекпен бірге оқиға орнына барып, отбасына көңіл айтты. Бақыт Сұлтанов аудан әкіміне қажетті барлық материалдық, медициналық көмек көрсетуді және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесуді тапсырды. Қазір қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар, әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде» деп мәлімдеді Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Ал Астанадағы 10 мешітте имамдар жедел жиын өткізіп, қаза болған балаларға арнайы дұға жасады. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде аза тұтқан отбасы мен туған-туыстарына көмек көрсету бойынша арнайы үйлестіру штабы құрылды. Жанашыр халық осы топқа қосылып, көмек көрсетулеріне болады.