Сұрақ: «Әдептілік – адамгершіліктің бастауы» деп жатады. Осы туралы не айтасыз?

Жауап: Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Исламдағы барлық ғибадат-құлшылықтар осы мақсатта тоғысады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде өзінің жіберілу мақсатын: «Шындығында, мен көркеммінезді кемеліне жеткізу,толықтыру үшін жіберілдім», – деп, жеткізеді. Демек, асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәриелеу болып саналады.

2019 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын қабылдаған болатын. Осы тұғырнаманың бір тарауы тұтастай «Мәдениеттілікке» арналған. Аталған тарихи құжатта мәдениеттілік – көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді деп атап көрсетіледі.

Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға  құрмет  көрсету,  сәлемдесу,  сыпайылық  таныту  –  рухани байлықтың  көрсеткіші.  Қазақтың  қанға  сіңген  дәстүрі  бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған.  Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.

Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың…» (Имам Тирмизи) деген.

Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,  жақсы ана,  жақсы құрбы,  жақсы ұстаздан болады»  деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен,  бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс.  Дінімізде  «Тазалық  –  иманның жартысы»  делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген.

Алла тағала «Тәубе» сүресі, 71-аятында «маърууф» (игілік) сөзін тәпсіршілер бүкіл жақсылық атаулы, дұрыс сенім, ізгі амал, терең ықылас деп түсіндіреді. Міне бұл құндылықтардың барлығы да әдептіліктің белгілеріне жатады. Ал «мүнкар» (жамандық) сөзіне жақсылыққа қайшы келетін барлық қасиеттерді, қате сенімді, жаман қылықтардың бәрін және төмен ықыласты жатқызуға болады.

Олай болса, адамдар арасындағы қарым-қатынас әдебі ең алдымен осындай жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарудан басталмақ. Әбу Наср әл-Фараби «Қайырымдық ала адамдарының көзқарастары» атты еңбегінде «әдептілік әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы» деп көрсетеді.

Әрине, әдеп – адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны сияқты, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді. Әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.

Айша анамыздан (р.а.): «Алла елшісінің мінез-құлқы қандай еді?» – деп сұралғанда, ол: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма?» – деді. Олар: «Оқимыз», – дегенде, анамыз: «Алла Расулының мінез-құлқы Құран еді», – деп жауап берді. Олай болса, әдеп үйренгісі келгендер Алла елшісіне қараулары керек. Сөйтіп бейне бір әдеп айнасына қарап тұрғандай, өзінің кем-кетігін түзетуі қажет.

Сондай-ақ, ғылым үйрену үшін, ең алдымен, әдеп үйренгеніміз абзал. Кейде бір-екі діни кітапты оқып алып, төңірегіндегі жұрттың бәрінің «мынау дұрыс емес, анау қате» деп мазасын алатын мұсылман бауырларымызды көріп қаламыз. Бұлай жұрттың бәріне беталды соқтыға беру де әдепке жат. Тіпті басшыларына ақыл айтып, тәртіпке бағынбай кеткендер де кездеседі. Алайда, шынайы Ислам үлкендерімізді құрметтеуге, оларға бағынуға үндейді.

Өзара сәлемдесіп жүрудің өзі мұсылмандар арасындағы әдепке жататыны сөзсіз. Өйткені, адамдар арасында өзара сүйіспеншілікті арттыратын ең негізгі құндылықтардың бірі – сәлемдесу. Пайғамбарымыз кез келген кісімен жас демей, кәрі демей сәлемдесетін болған. Сондықтан бүгінгі қоғамда үлкен, кіші демей барлық адамдармен сәлемдесуді ұмытпағанымыз абзал. Құран Кәрімдегі: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шәксіз, Алла әр нәрседен есеп алушы», – деген аят сәлемдесудің қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.

Жалпы алғанда Исламда әдептілік кең ұғымды қамтиды. Мұсылман адамды әдеп иесі деуге болады. Ал әдепті құлын Алланың сүйері анық.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз тәрбие туралы «Жақсы тәрбие мен ақыл күші болып екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттері болып табылады» деген екен.

«Адамдағы ынсап, әділет, мейірім-үшеуін қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады», – деген Шәкәрім сөзі ар-ұжданның ұялу ғана емес, мейрімділік пен адамдықты, шыншылдықты, қанағатты қажет ететінін танытса керек.

Балғабек МЫРЗАЕВ

Пікір жазу