Тарихи кітаптарда өзге пайғамбарларға қара-ғанда Аллаһтың сүйіктісі, адамзаттың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы деректер толық сақталған.

Адамзаттың асылы (с.а.с.) (милади жыл санауы бойынша) 571 жылы, Рәбиул-әууәл айының дүйсенбіге қараған он екінші түні Меккеде дүниеге келді.

Ол уақыттарда «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған еді. Атасы Абдулмутталиб немересінің атын «Мұхаммед» деп қойған себебін «Аллаһтың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым» деп түсіндірген[1].

Әкесі Абдуллаһ әлдебір сауда сапарында жүріп, көз жұмады. Бұл кезде хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дүние есігін әлі ашпаған болатын. Тумай жатып әкесінен айрылған Мұхаммед (с.а.с.) төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің басына ертіп апару үшін Мәдинаға аттанады. Нәжжарұлдары жағынан туыстарымен танысып қайтқан осы сапарында қайтар жолында «Әбуа» деген жерде анасы Әмина аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Сапарға бірге шыққан Үммү Әйман ата-анасынан тұлдыр жетім қалған баланы Меккеге әкеліп, атасының қолына табыс етеді.

Алты жасынан сегіз жасына дейін атасы Абдулмұтталибтің қолында өсті. Атасы қайтқанда, марқұмның өсиетімен әкесінің бауыры Әбу Тәліптің қарамағына берілді.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) он екі жасқа толғанда, саудамен айналысатын көкесі Әбу Тәліптің бір жағына шығысып, Сирияға бірге сапар шегеді. Алайда, олар Бусра деген жерден кері оралуға мәжбүр болады. Өйткені жолда Бахира атты монахқа жолыққан еді. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) бойынан соңғы пайғамбардың белгілерін байқаған Бахира Әбу Тәліпке кері қайтуға кеңес береді. Себебі балаға яһудилердің зияны тие ме деп қорыққанын жасырмайды[2].

Бала кезінде бірде Мекке маңында Әбу Тәліптің қойын бағып жүріп жергілікті халықтың тойына бармақшы болғанында, жолда ұйықтап қалып, той тарқаған соң бір-ақ оянғанын айтқан[3]. Өмірінде кездескен осындай бірқатар оқиғалар[4] Аллаһ тағаланың оны кішкене кезінен күнәдан сақтаған исмет сипатын аңғартып тұр.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) 591 жылы жиырма жасқа толғанда «Хилфул-Фудул» қоғамына мүше болып кіреді. Бұл қоғам Меккеде озбырлық болмауын қадағалап, біреудің біреуге әлімжеттік жасауына жол бермейтін. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарлық келгеннен кейінгі жылдарда сол кезді «Қазір де сол ұйым өздеріне шақырса, бас тартпас едім» деп еске алған.

Жиырма бес жасында Меккедегі дәулетті Хадиша есімді әйелдің сауда керуенін басқарады. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) адалдығы мен ұқыптылығына тәнті болған Хадиша оны ұнатып, үйленуге ұсыныс білдіреді. Нәтижеде Аллаһ елшісі (с.а.с.) жиырма бес жасында Хадиша анамызбен отау құрады. Хадиша анамызбен жұп жарастырған бақытты шаңырақтарында екі ұл, төрт қыз сүйеді (үшінші ұлы Ибраһим басқа зайыбынан дүниеге келген). Ұлдары: Қасым, Абдуллаһ, Ибраһим; қыздары: Зейнеп, Руқаия, Үммі гүлсім және Фатима[5].

Хадиша анамызбен тату-тәтті өмір сүрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол бақилық болғаннан кейін де өле-өлгенше оның Ислам дініне жасаған қолдауын, басқа да жақсылықтарын ұмытпаған.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) жастайынан ел ішінде көркем қасиеттерімен танылған еді. Халық оның шыншылдығы мен сенімділігін ескеріп, «әл-Әмин» (сенімді) деп құрметтейтін.

Оны мыны бір оқиғадан байқауға болады. Меккедегі қасиетті Қағбаның қабырғалары ұзақ уақыт күтім көрмей, жауын-шашын, жел құздан жер болып мүжіліп біткен-ді.

Осыған байланысты Қағбаны жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Әр рудың адамдары бұл іске білек сыбана кіріседі. Алайда қасиетті қара тасты (Хажарул-әсуәд) тұғырына қондыруға келгенде, рулар арасында талас туды. Әр ру оны өз қолымен қойғысы келді. Бұның соңы қақтығысқа, жаға жыртысар жанжалға ұласу қаупі туындағандықтан, тығырықтан шығар жолды Құрайыштың ең жасы үлкен қариясы Әбу Үмәйя ибн Мұғира көрсетеді:

– Қаласаңыздар, бұның төрелігін ертең Сафа қақпасынан бірінші болып аттаған кісіге қалдырайық.

Бәрі осыны құп көрді.

Ертесі күні Аллаһтың қалауымен қақпадан алғаш болып хазірет Мұхаммед (с.а.с.) кірді. Халық басқаның емес өздері «әл-Әмин» деп атаған шыншылдығымен аты шыққан кісінің келгеніне айрықша қуанып, оның төрелігіне жүгінеді[6].

Талас-тартыстың неден туындағанын түсіндіргенде, хазірет Мұхаммед (с.а.с.) көп ойланып жатпастан мата сұратты. Қара тасты соның үстіне қойдырып, әрбір рудан бір кісі ортаға шығарып, матаның пұшпағынан ұстатып, тиісті жерге жеткізгеннен кейін, қара тасты Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз қолымен орнына қойды. Оның бұл тапқырлығына бәрі тәнті болды. Осылайша талас-тартысқа соңғы нүкте қойылды[7]. Бұл кезде хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) жасы отыз бесте болатын.

Пайғамбарлықтың келуі

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) қырыққа таяғанда, оңашада ой кешіп, жаратылыстың тылсым құпияларына үңілетін. Елден жырақ құлшылық жасайтын. Осы мақсатта ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін.

610 – жылдың Рамазан айының бір күні сол үңгірде оған пайғамбарлық міндет жүктелді. Жәбірейіл періште арқылы Аллаһтың алғашқы аяттары түсті.

Бұл жайлы Аллаһ елшісінің өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алды. Тынысым тарылып кетті. Бір уақытта мені қоя берді де: «Оқы!», – деп бұйырды. Мен «Оқу білмеймін», – деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «Оқы!» деді. Мен оқи алмайтынымды айттым. Жәбірейіл періште үшінші рет қысқанда «Нені оқиын?» деп сұрадым. Сонда ол мына аяттарды оқыды:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ. خَلَقَ الْإِنسَانَ مِنْ عَلَقٍ. اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ. الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ. عَلَّمَ الْإِنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ

«Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен»[8]».

Аллаһ елшісі (с.а.с.) осы оқиғаның әсерінен айыға алмай үйіне оралады. Келген бетте жан жары Хадиша анамызға басынан өткенін баяндады. Хадиша анамыз оған: «Ант етейін, Аллаһ тағала сені жамандыққа ұшыратпайды. Бұл тегін емес. Өйткені сен туыстықты жақтайсың, шыншылсың, сабырлысың, қонақжайсың, мұқтаж адамдарға көмектесесің…»[9] дейді.

Іле Хадиша бұл оқиғаны Тәурат пен Інжілден хабары мол Уарақа ибн Нәуфалға айтқанда, оның таңданысында шек болмады. «Аллаһқа ант етейін, егер айтқаның рас болса, онда ол Мұсаға да келген үлкен періште Намус акбардың өзі болды ғой»[10] деп түсіндірді.

Уарақа ибн Нәуфал хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық жүктелгенін ұқтырып, ендігі жерде дінді тарату жолында көп қағажу көретінін ескертті. Тіпті не түрлі жала жабылып, елден қуылуы мүмкін екендігін де айтты. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) «Сонда туған жерімнен қуыламын ба?» деп таңғала сұрағанда, ол «Кезінде қауымы сенбей, жала жаппаған, елден қуылмаған, ауыртпалық тартпаған ешбір пайғамбар болмаған» деп жауап берді[11].

Осыдан кейін періште көпке дейін ат ізін салмады. Бірде таудан қайтып келе жатқанда, әлгі періште пайда болды. Қатты қорыққан Пайғамбарымыз (с.а.с.) табалдырықтан аттар-аттамастан қымтанып жатып қалады. Сол кезде періште Құранның «Мүддәссир» сүресінің алғашқы аяттарын баян етеді.

Аятта:

يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ {1} قُمْ فَأَنذِرْ {2} وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ {3} وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ {4}

«Ей, жамылғымен қымтанып жатқан (пайғамбар)! Орныңнан тұр, адамдарға (ақырет азабын) ескерт. Раббыңды ұлықта. Үсті-басыңды таза ұста!»[12] делінді.

Алғашқы мұсылмандар

Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) осы сәттен бастап, өзіне пайғамбарлық міндет жүктелгеніне толық көз жеткізіп, таухид сенімін жақындарына түсіндіре бастады. Алғаш болып мұсылмандықты жары Хадиша (р.а.) қабылдады. Одан кейін үлкендер арасынан Әбу Бәкір (р.а.), құлдар арасынан Зәйд ибн Хариса (р.а.), жастардан Әбу Тәліптің ұлы Әли (р.а.) Исламға мойынсұнды.

Әбу Бәкірдің (р.а.) себепкерлігімен де көптеген адамдар мұсылмандықты қабылдады. Атап айтқанда, Осман ибн Аффан, Абдуррахман ибн Ауф, Сағыд ибн Әбу Уаққас, Халид ибн Саид және Әбу Зәрр Ғифари (р.а.).

Исламды алғаш қабылдаған адамдар «Сабиқуна әууәлун» деп аталды.

Халықты дінге үш жылдай жасырын шақыруға мәжбүр болды. Мұсылмандар құрайыштардың қарсылық танытатындығын біліп, намаздарын да жасырып оқыды.

Дінге ашық шақыру

Үш жылдан соң дінді ашық насихаттау турасында аят түсті:

وَأَنذِرْ عَشِيرَتَكَ الْأَقْرَبِينَ {214} وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ {215}

«Жақын туыстарыңды дінге шақыр. Мүминдерден саған ергендерге рақымдылық таныт»[13].

Осыдан бастап Аллаһ елшісі (с.а.с.) жақын туыстарын қонаққа шақырып, оларға Ислам дінін насихаттай бастады. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) насихатын естігенде, туыстары теріс айналды. Өз көкесі Әбу Ләһаб та оның айтқандарына өре түрегеліп қарсы шықты.

Бірде Қағба маңындағы Сафа жотасына шығып, арабтардың әдеті бойынша «Уа, халайық!» деп жұрттың назарын өзіне аударды. Естіген жұрт айналасына жиналды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– «Егер де мен анау таудың арғы жағында жау қолы таяп қалды, тұтқиылдан шабуылдайды десем, осы айтқаныма сенер ме едіңдер?»

– «Әрине, сен айтсаң, сенеміз. Өйткені біз сенің жалған сөйлегеніңді көрген емеспіз».

– «Олай болса, біліп қойыңдар. Мен – сендерге Аллаhтың әмірін жеткізушімін»[14] деді.

Жиналғандардың арасынан көкесі Әбу Ләһаб алғаш болып қарсы шығады. Оның «Ей, тұқымың (қолдарың) құрғыр! Бізді осы үшін шақырдың ба?»[15] деген сөзі жиналған халықтың үйді-үйлеріне тарауына себеп болды.

Аллаһ елшісі насихаттаған дін негізінен мынадай бұйрықтардан тұрды:

«Барша жаратылыстың егесі – Аллаһ тағала. Ол – Жаратушы, баршаға рызық беруші, Мәңгі тірі, болмыс атаулының Иесі сол ғана. Ендеше, пәни нәрселерге: жұлдыздарға, айға, ағаштарға емес, бір Жаратушыға ғана мойынсұнып, Соған ғана құлдық ұру қажет. Ұрлық-қарлық, әлімжеттік жасап басқаның мүлкін тартып алу, ар-намысын аяққа таптау – үлкен күнә. Бұл әдеттеріңді тастаңдар! Әрқашан шындықты айтып, өтіріктен жуымаңдар. Әділ болыңдар! Нақақ кісі өлтірмеңдер! Барлығына, әсіресе туған-туыс, жарлы-жақыбай мен мұқтаж жандарға, жолаушыларға жақсылық жасаңдар! Асырай алмаймын-ау деп балаларыңды өлтірмеңдер! Зинаға жақындаушы болмаңдар! Жетім-жесірді жылатпаңдар! Уәде берсеңдер, сөздеріңде тұрыңдар! Таразыдан жемеңдер! Нақты білмейтін нәрселеріңді сөз етпеңдер. Өйткені құлақ, көз, жүрек – бәрі де айтылған ауыздан шыққан сөз үшін жауапқа тартылады. Менмендік пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар! Бір-бірлеріңе мейірімді, жұмсақ сөйлеп, әдепті болыңдар! Ешкім басқа біреуді мазақтап қорламасын, жаман лақап ат тақпасын! Басқалар жайлы жаман ойламаңдар! Өзгенің қатесін тіміскілеп, күнәсін ашуға құмартпаңдар. Өздеріңе, ата-аналарың мен жақындарың үшін болса да өтірікке куәлік жасамаңдар! Әділетсіздік жасамаңдар, кешірімшіл болыңдар! Жамандыққа жақсылық жасаңдар, ішімдік ішпеңдер, құмар ойындарына құмартпаңдар!

«Барлығың да Аллаһ тағаланың алдында теңсіңдер. Ешкім бетіне қара күйе жағылып қор болып туылмайды, ешкім де бұл өмірге атақ-даңқпен келмейді. Тек қана Жаратқанға құрметпен тағзым еткендер, сөзі мен істерінде әрдайым турашыл болғандар ғана шын абырой таппақ. Адамды ұлты мен түр-түсіне қарап кемсітпеңдер. Бәрің де ажалдан құтыла алмайсыңдар. Біліп қойыңдар, о дүниеде әділ сот құрылып, бүкіл істеріңе жауап бересіңдер. Ол кезде ешқандай таныстық та, пұл да көмектесе алмайды. Ол кезде адамға иманы мен ізгі істері ғана көмектеседі. Осыларға ие болған жан мәңгілік бақыт отаны жәннатқа, ал бұдан мақұрым қалғандар тамұққа тасталады».

Құрайыштықтар Ислам дінін қабылдаған жарлы-жақыбайларға, әсіресе туысы жоқ адамдарға қатты қысым көрсетті. Тіпті әлімжеттікте шектен шығып, түрлі зорлық-зомбылық жасай бастады.

Әсіресе мұсылмандықты қабылдаған құлдар өз қожайындарынан көп жапа шекті. Олардың арасында Біләл (р.а.) мен Ясир (р.а.) отбасын атауға болады.

Залым мүшрік Үмәййа ибн Халаф Біләлға Исламнан бас тартуды бұйырып, оны көшеде итше жетектеп, жалаңаш күйде күйіп тұрған құмға жатқызып, көкірегін ауыр таспен бастырып қинады.

Ал Ясирді жанұясымен бірге қан-жоса дүрелеп, аяқ-қолдарын керіп байлап тастады. Жаны қиналып қанша азап көрсе де бірақ олар Исламнан бас тартпады. Ясирдің әйелі Сүмайяны Әбу Жәһил найзамен шаншып өлтірді. Артынша Ясирді де осылай ана дүниеге аттандырады. Олар Ислам тарихында алғаш шейіттіктің дәмін татты. Кезек өзіне келгенде, адам төзгісіз жағдайға шыдай алмаған Аммар еріксіз олардың айтқанына көніп, Исламнан бас тартады. Кәпірлер соған мәз болып, Аммарды еркіне қоя берді. Аммар ардақты Пайғамбарымызға (с.а.с.) көз жасын тыя алмай жағдайды түсіндіреді. Аллаhтың елшісі (с.а.с.): «Олардың тілегін тіліңмен айтқанда, жүрегіңмен қостамаған болсаң, Аллаh сені кешірер. Егер тағы да сені ұстап алып, қинайтын болса «сендердің дегендерің болсын» деп басыңды арашалап ал», – деп Аммарды жұбатады.

Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.) Ислам дінін қабылдағанда, анасы бұлқан-талқан ашуланды. Тіпті анасы өз-өзін үйдің діңгегіне байлатып тастайды. Баласы Сағыд Исламнан бас тартпайынша, нәр сызбайтынын да айтады. Керек болса, осы жолда өлетінін жеткізеді. Бұл көп уақытқа дейін осылай жалғасты. Ал Халид ибн Саидты әкесі ұрып-соғып, аяқ-қолын байлап бір бөлмеге қамап тастайды. Оны райынан қайтару үшін адам ойына келмейтін азап көрсетті. Осман ибн Аффан, Зүбәйр ибн Аууам және Біләл Хабаши де соққыға жығылады. Бірақ, бәрі де алған бетінен қайтпады.

Мүшріктердің бұндай жауыздығы Аллаһ елшісінің (с.а.с.) өзін де айналып өтпеді.

Бір жолы Пайғамбарымыз (с.а.с.) Қағбада намазда басын сәждеге қойғанда, Әбу Жәһіл бастаған мүшріктер түйенің қан-жынын оның басына ақтарып, Екі әлем сардарын мазақ етеді[16].

Харис ибн Харис (р.а.) әңгімелеуде:

«Мен ол кезде кішкене бала едім. Бір күні әкем екеу-міз Қағбаға қарай бара жатып жолда бір топ адамның жабылып біреуді ұрып-соғып жатқанын көрдік. Әкемнен кімге жабылып жатқандарын сұрадым. Ол маған «Бір сабиді»[17] деп жауап қатты. Мен бұл сөздің мағынасын түсіне қоймадым. Кейін барып сол кезде таяқ жеген кісінің Аллаһ елшісі (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) екенін білдім. Өйткені ол кісі «Әй, адамдар! Лә иләһа иллаллаһ деп айтыңдар» деуде еді»[18].

Тағы бірде азулы мүшріктерден Ибн Әбу Муайт Қағбада намаз оқып тұрған Аллаһ елшісіне (с.а.с.) таяп келіп, мойнынан ұстап қылқындырады. Әбу Бәкір (р.а.) мұны ести сала жанұшыра жүгіріп келіп «Раббым Аллаһ дегеніне бола бұл кісіні өлтірмексіңдер ме?» деп араша түсті.

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) оны осындай қиын жағдайлардан бірнеше рет арашалаймын деп, өзі де талай рет оңбай таяқ жеген еді[19].

Осындай түрлі қиындықтарға сабыр ете жүріп, жұртты дінге ашық шақыруын тоқтатқан жоқ. Бірақ мүшріктердің мұсылмандарға әңгір-таяқ орнатуы күнбе-күн асқына түсті.

[1]       Осман Кескиоғлы, Али Химет Берки, Хазрет Мухаммед ве хаяты. 34 б.

[2]       Ибн Сағыд, Табақат, 1153-155; Табари, Тарих, 1194-195, Қысасул-әнбия, Ахмед Жевдет Паша.

[3]       Сүһәйли, Раудатул-үнф, 181

[4]       Қараңыз: Бухари, Сахих, 1143 (357); Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 3310 (14371)

[5]       Осман Кескиоғлы, Али Химет Берки, Хазрет Мухаммед ве хаяты. 48 б.

[6]   Муснәд, 3/425; Ибн Һишам, 1/209.

[7]       Ибн Сағыд, Табақат, 1146; Табари, Тарих, 2 201

[8]       «Ғалақ» сүресі, 1-5 аяттар

[9]       Бухари, Сахих, 14 (3)

[10]     Мауарди, Аламун нубууа, 1/275

[11]     Бухари, Сахих, 14 (3); Мүслим, Сахих, 197, 98

[12]     «Мүддәссир» сүресі, 1-4 аяттар

[13]     «Шуара» сүресі, 214 – 215 аят

[14]     Бухари, Сахих, 41804 (4523); Табари, Тарих, 1541

[15]     Әбу Ләһабтың осы қылығына орай Құрандағы «Тәббат» сүресі түсіп, Әбу Ләһабтың өз қолдары қурап кеткен. Әрі оның ақыретте тозақта азапталатындығы да білдірілген. Қараңыз: «Тәббат» сүресі, 1111-5

[16]     Мауарди, Аламун нубууа, 1142

[17]     Ата бабаларының дінінен бас тартқан адам

[18]     Ибн Әсир, Ұсдул ғаба, 1384; Ибн Хажар, әл Исаба, 1275

[19]     Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Нихая, 329, 30

Пікір жазу