Биылғы жылдың 22 қарашасы күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өлімнен кейін ағзасын донорлыққа беретін құжатқа қол қоятынын мәлімдеген еді. Министрдің ондай шешім шығаруына адам ағзасын заңсыз саудаға салды деп айыпталған шымкенттік дәрігердің ісі себепші болған.

Министрдің айтуынша, егер адамдар өлімнен кейінгі ерікті донорлыққа келіссе, көп адамның өмірін құтқарып қалуға болатыны сөзсіз.

«Мен дінбасылармен сөйлескенімде бірде-бір дәстүрлі діннің донорлыққа тыйым салмайтынын айтты. Бұл тұрғыда ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мен бұл туралы ойланып жүрдім және жақын арада өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретінім туралы құжатқа қол қоямын», – деді Д. Абаев.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әлия Мансұрованың айтуынша, бес уақыт намаз оқитын туған інісі бүйрек трансплантациясынан діни сеніміне байланысты бас тартқан.

— 2011 жылы дәрігерлер туған інім Абзалдың сол жақ бүйрегін ауыстыру қажет екенін айтты. Тіпті сол кез сәті келіп донорлыққа өз туысымыз дайын болған еді. Біз Израильден мықты хирург та тауып қойған болатынбыз. Бірақ інім: «Шариғат оған рұқсат бермейді, ажал келсе Алла әміріне қарсы тұра алмайсың» деп ағзасын ауыстырудан бас тартты. Екі жыл бойы уыс-уыс дәрі ішіп жүріп, өмірден өтті.  Бәлкім бүйрегін ауыстыруға келісім бергенде, қазір ортамызда жүрер ме еді…

Теолог Балғабек Мырзаевтың айтуынша, ислам дінінде адам ағзасын трансплатациялауға тыйым салынбаған.

— Әрине адам баласы ерекше кемел жаратылыс. Алла тағала оған жаратылыстардың ішіндегі ең абзалы деген мәртебені берді.

Осы жағынан алғанда қалыпты жағдайларда өлі немесе тірі адамдардан алынған адам ағзалары мен оның бөліктерін қолдану теріс әрекет саналып, бұл адамның қадір-қасиеті мен абыройына қайшы келетін іс ретінде дұрыс емес деп есептелген (Бұхари, Либас, 83-87; Муслим, Либас, 33; Касани, Бедаи, V, 125; Ибн Кудама, әл-Мугни, I, 107; Ибн Нужаим, әл-Бахр, VI, 133).

Алайда зәру болған жағдайда қажеттіліктің сипаты мен мөлшеріне қарай бұл үкім өзгереді. Ислам ғұламалары өлген ананың құрсағындағы тірі баланы аман сақтап қалу үшін қарнын жарып алуға, адамдардың сынған сүйектерін емдеудің ешқандай жолдары қалмаған жағдайда оны басқа сүйектермен алмастыруға, белгісіз ауруларды диагностикалау және емдеуді қамтамасыз ету мақсатында туыстарының келісімін алу шартымен өлген адамға аутопсия жасау дұрыс болады деген пәтуалар шығарған. Сондай ақ тірі адамды құтқару үшін оларға өлілердің денесінің ағзаларын алмастыруға рұқсат еткен (Науауи, әл-Мажмуа, III, 145; Фетавал-Хиндия, V, 440).

Сол секілді, аштық пен шөлдеу жағдайындағыдай ауруды да, харамды мубах жасайтын қажеттілік деп санаған, емдеудің басқа жолдары қалмаған кезде ауруларды харам дәрілермен және заттармен емдеуге жол беріледі деген үкімдер шығарған. Бүгінгі таңда қанды, ағзалар мен мүшелерді трансплантациялау емдеу жолдарының бір тәсіліне айналды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Кім бірінші сәлемдеседі?

Сондықтан белгілі бір шарттарды сақтай отырып, адамның өмірін немесе өмірлік маңызы бар ағзасын сақтап қалудың басқа жолдары қалмаған кезде шарттарды ескере отырып ағзаларды трансплантациялау арқылы да емдеуге рұқсат берілген керек.

Құран Кәрімде:

«…кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең…» деген аят та осыған меңзейді (Маида, 5/32).

Сондай-ақ сарапшының сөзінше, халықаралық пәтуа ұйымы да емнің бұл түріне рұқсат берген.

— Шын мәнінде, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы құрамына кіретін халықаралық пәтуа ұйымы болып табылатын «Мажмуаул-Фикхул-Исламия» осы бағытта шешім қабылдағаны белгілі. Осы тұрғыда төмендегі келесідей негіздерге назар аудара отырып, ағзаларды трансплантациялауға жол беріледі.

Олар: а) қажеттілік жағдайының болуы, яғни, кәсіби біліктілігі мен адалдығына сенетін маман дәрігердің «науқастың өмірін немесе өмірлік маңызы бар ағзасын сақтау үшін»  трансплантация жасаудан басқа таңдау жоқ деген анықтамасы;

б) науқастың осы жолмен емделіп, жазылып кететініне сенімнің басым болуы;

в) органы немесе ұлпасы алынатын адамның осы рәсімді жүзеге асырудан бұрын қайтыс болған болуы, егер ағза тірі адамнан алынатын болса онда ол ағзаның адамның (донордың) негізгі өмірлік функциясына зиян тигізбеуі керек;

г) қоғамның тыныштығы мен жүйесін бұзбау үшін ағзасы алынатын адамның көзі тірісінде (қайтыс болғай тұрып) осыған келісімін беруі немесе тірі кезінде қандай да бір өсиеті болмаған жағдайда алуға болатын туыстарының разылығы мен келісімінің болуы;

д) берілетін ағза үшін ешқандай ақы төленбеуі;

е) емделетін пациентің де осы трансплантация жасауға келісімінің болуы;

ж) трансплантация жасау толығымен мемлекеттің бақылауында жүзеге асырылуы шарт.

Көріп отырғанымыздай, министр Дәурен Абаев адам ағзасын трансплантациялаудың дұрыс және маңызды мәселе екендігіне назар аударды және өзі алғашқы болып батыл шешімін жариялады.

Еліміздегі діни бірлестіктердің басшылары да осы тақырыпқа қатысты қолдау білдіріп, ұстанымдарын жария түрде білдірсе, дерттеріне шипа іздеген қаншама адамдар деннің саулығымен қауышары сөзсіз.

2019 жылда шыққан статистика деректері бойынша, 3000-ға жуық ел азаматтары ағза трансплантациясына зәру. Тұрғындардың көпшілігі ағзасын трансплантациялауға келісім бермейтіндіктен, оған мұқтаж адамдар кемі 6-7 жыл кезекке тұруға мәжбүр.

Айжан Қалиева, журналист.

Пікір жазу