Сұрақ: Адалдық деген не?

Жауап: Адалдық дегеніміз – ақжарма ниет, ішкі жан-дүниенің кіршіксіз тазалығы, әрдайым шынайы, тура әрі әділ болу, уәде мен аманатқа беріктік, ар алдында таза болуға ұмтылу. Нағында, жүректегі ақ ниет пен амал сабақтасу арқылы адалдыққа айналады.

Жалпы, адалдық деп  – адамға тән моральдік қасиеттердің көрінісі һәм жиынтығын айтамыз. Бірақ, ақ ниет пен сыртқы амал-әрекетті үйлестіретін күш, ол – ақыл. Адам ақылы арқылы арға дақ түсіретін өтірік пен жалғандықты анықтап, одан бойын аулақ ұстай алады. Ақылымыз адалдық арнасынан ауытқып кетпесі үшін, ол ар-ұждан мен иманға негізделуі керек.

Шынтуайтында, бойында адалдық қасиеті болмаған адам Алланың бұйырғандарын мүлтіксіз орындап, тыйғандарынан ада-күде тыйыла алмайды. Жалпы, ислам діні адамзатты мына бейдауа ғұмырда адал болуға шақырады. Өйткені, адам баласы адал болу арқылы ғана екі дүниенің сынағынан өзін-өзі құтқара алады. Сол себепті де Алла-тағалаға момын-мұсылман әрқашан: «Бізді тура жолға сала көр» (Фатиха, 6) деп дұға-тілек жасайды. Яғни, адалдық – момын-мұсылманның ғұмырлық ұстанымы әрі девизі іспетті.

Әсілі, әрдайым адалдық таныту қыл үстінде өмір сүргенмең тең нәрсе. Солай бола-тұра момын-мұсылманның өмірінің мән туралық пен адалдықтан тұруы тиіс. Бұл жөнінде Алла Тағала Құран кәрімде: «(Мұхаммед ғ.с.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші» (Худ, 112) деп бұйырады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Адал ризық табудың пайдасы неде?

Худ сүресіндегі осы аят-кәрим нәзіл болғанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мені Худ сүресі қартайтты» (Тирмизи, Тәфсир, 56/6) деген екен. Абдулла бин Аббастың айтуына қарағанда Алла елшісіне (с.ғ.с.) «Құрандағы осы аяттан ауыр уахи болмаған» (Нәуауи, Шәрху Сахих-Муслим, ІХ, 107) көрінеді. Себебі, мұсылман баласына ешқашан туралық пен адалдықтан тайқуына болмайды.

Алла Тағала Құран кәрімде: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар» (153) деп бұйырып, адалдықтан айнымауға шақырады. Яғни, адам баласы Жаббар Хақ – Алла Тағаламен, ата-анасымен, аға-бауырларымен, жалпы көпшілікпен қарым-қатынаста, тіпті өзінің ішкі жан-дүниесімен байланыс жасағанында адалдықты негізгі өлшем етуі керек.

 Мұхан ИСАХАН

2 ПІКІР

  1. Бүгінде көп адамдар адалдықты ұмытқан секілді. осындай қарапайым мәселелерді көп айту және жазу керек. Қазислам рахмет. СӘттілік.

  2. Қазақ пайымында адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Жалпы Мұхан Исаханның жазбалары жақсы екен.

Пікір жазу