Әңгімемізді имам Ағзам Әбу Ханифа еңбектерінен бастасақ. Кезінде Орта Азия халықтарына ортақ әдеби тілде (оны кей ғалымдар «шағатай тілі» деп атайды, бірақ даулы болғандықтан біз бұл атауға жүгінбейміз) Алтынхан төре аудармасымен қолданыста жүрген Әбу Ханифаның «Ең үлкен фикһ» («Фикхул акбар») кітабы соңғы жылдары отандық оқырманға Ризабек Батталұлының «Ақида сабақтары» еңбегі арқылы жетті. Осы кітаптың қосымшасында автор Әбу Ханифаның «Өсиеттер» («Уасият») атты кітапшасын да аударып, ұсынған. Имам Ағзамның аталған екі еңбегін біз 2014 жылы Дін істері агенттігі тұсында «Ханафи әдебиеттері» сериясымен қайта жасақтап, «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында шығарып, ел аумағындағы барлық кітапханаларға таралуына мұрындық болдық.
Имам Ағзамның үшінші бір еңбегі – «Ұстаз бен шәкірт» («әл-Ъалим уал-Мутаъаллим») Қайрат Исаның аудармасымен 2003 жылы «Шапағат-Нұр» баспасынан жарық көрген.
Имам Ғазалидің «Бақытқа жету әліппесін» («Кимйаи-саадат») кезінде оңтүстіктің белгілі ақыны, марқұм Тұрсынәлі Айнабеков аударған. Бұл кітапты біздер марқұмның отбасында сақталған жалғыз нұсқа арқылы қайта даярлап, бұрын осы кітапты жариялаған «Қасиет» баспасына сілтеме жасай отырып, «Ханафи әдебиеттері» сериясы аясында жарыққа шығардық.
Ал Ғазалидің «Жан тәрбиесі» және «Аллаға махаббат» атты еңбектерін қазақ тіліне өзіміздің замандасымыз, исламтанушы ғалым Жалғас Сәдуақасұлы аударған. «Жан тәрбиесі» алғаш рет 2010 жылы жарияланған. Бұл екі кітаптың аудармасы да «Ханафи әдебиеттері» сериясымен жарық көрді. Аталмыш кітаптар Ғазалидің атақты «Ихйау улумиддин» («Дін ғылымдарының қайта жаңғыруы») еңбегінің тараулары болатын.
Имам Ғазалидің «Ей, балам!» («Әйиуһәл уәләд», «Ұлыма өсиет» деп те аударылады) атты кітабын 2010 жылы «Ұлы мұра» қайырымдылық қоры баспадан шығарды. Аталған қор ғұламаның «Насихатул-Мулк» («Наставление правителям») және «Исследование сокровенных тайн сердца» атты еңбектерін орыс тілінде 2013 жылы жариялады.
Сонымен қатар Ғазалидің «Мизанул аъмал» («Амалдар таразысы» – «Весы деяний»), «Основы духовности», «После смерти» атты кітаптары орыс тілінде Ресейде жарық көргенін де айта кеткен жөн.
Тағы бір ислам ғұламасы ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббиһат» (2004, «Үш қиян» баспасы) және «Фәтхул бәри» (2009, Халифа Алтай қайырымдылық қоры) атты кітаптары да қазақ тілінде жарыққа шыққан.
Қазақ зиялылары мен ағартушы ғалымдары жаттап өскен ортағасырлық Орта Азия дін ғылымының классигі Сопы Аллаярдың «Саъбатул ажизин» («Әлсіздердің табандылығы», түсіндірмесі «Әзиза» деген атпен белгілі) кітабы «Қазыналы Оңтүстік» және «Ханафи әдебиеттері» сериясымен 2013-2014 жылдары жарық көрді (қазақшаға аударған – Зәріпбай Оразбай).
Ал біз жиі сілтеме жасайтын «Иманшарт», «Шар кітап», «Мұхтасар ғылымхал», «Имандылық жайлы мың сұрақ» секілді көне қолжазбалар тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде түрлі баспалардан бірнеше рет жарыққа шығып үлгерді.
Діни әдебиеттерді жарыққа шығаруда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстаздар қауымы, маманданған діни баспалар және ел ішіндегі жекелеген аудармашылар үлкен үлес қосуда. Айта кету керек, ислам әдебиеті жауһарларының аздаған бөлігі тікелей араб тілінен аударылса, елеулі бөлігі түрік, орыс, ішінара өзбек тіліндегі нұсқалар арқылы сатылай аударылып келеді.