Ораза айт кезі. Мешітке елу жас шамасындағы кісі кіріп келді.

– Молдеке! Өтініш, анам көлікте отыр. Сізге айтар сөзі бар екен, – деді.

– Әрине, жүріңіз, – деп мешіттің сыртына шықтық. Ақжаулықты ана:

– Ассаламу алейкум, балам! Мен намазхан апаңмын. Аяғыма ота жасатқанмын. Мешітке кіре алмай тұрмын. Екі мешітке барып, атаған садақамды таратып келемін. Құран оқып, ата-бабама бағыштап бер, – деді.

– Жақсы, апа! Ниетіңіз қабыл болсын! – деп құран оқыдық.

– Рахмет, балам! Береке тап. Оқыған Құраның қабыл болсын! – деп ризашылығын білдіріп, батасын берді. Ұлы ләм-мим демей анасының қас-қабағына қарап бәйек боп тұр. Анасын ерекше құрметтейтіні көрініп-ақ тұр.

Осыдан бес-алты жыл бұрын мешітке көңілі сынық ана келді. Жанында жиырма жасар баласы.

– Мынау балам. Әкесі қайтыс болған. Өзім тәрбелеп келем. Балам тіл алғыш, мейірімді еді. «Ана, анашым» деп қамқор болатын. Әр бейсенбі нан пісіріп, Құран бағыштайтынмын. «Үйдегі ер азамат сенсің. Бұдан былай Құранды өзің оқисың» дедім. Құран жаттады. Дінге біраз көңіл бөле бастады. Алғашында қуандым. Бір күні: «Мынауың күнә. Ширк. Мен ата-бабама құран оқымаймын. Олар тірі кезінде өздері оқуы керек еді», – деп шықты. Айтыңыздаршы, бұл не?! Балам имандылық үйреніп жүр десем. Қарап отырып, баламнан айырылып тұрмын, – деп мұңын айтты.

Жігітпен сөйлестік. Интернет және телефон арқылы жат ағымдардың уағыздарын тыңдап жүргені белгілі болды. Сол баяғы менікі ғана дұрыс деген қалыпқа түсіп алған.

Иә, екі ана – екі тағдыр. Ана үшін ең үлкен қасірет осы шығар.

Дін ата-анаға «уф» деп айтпа демей ме?! Ал, сол «сүннет» деп жүрген жастар әкесімен бір дастарқанға отырмайды. Анасының көз жасын көл етеді. Ақылға сыймайды. Ол жастардың жүріс-тұрысы мұсылмандықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қай жерден қате кетіп тұр? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең бірінші жақсылығыңды анаңа жаса демеді ме?!

Әбу Юсуф (р.а.) ұстазы жайлы былай дейді: «Имам Әбу Ханифа әке-шешесіне ерекше жұмсақ еді. Ата-анасына үнемі дұға жасайтын. Олардың атынан әр айда жиырма динар садақа беретін».

Әбу Ханифа мынадай бір оқиғаны еске алады: «Анам «Бір-екі мәселе сұрамақпын, мені уағызшы Зарұлы Омарға алып бар», – деді. Анамды ертіп Омардың халқасына бардым. Анам маған: «Омарға барып сұра», – деп бір мәселені айтты. Мен Омардың мәжілісіне кіріп, мән-жайды түсіндіріп: «Анам сізден мына, мына нәрселердің жауабын сұра деп еді», – дедім.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  2021 жылғы діни күндер кестесі жарияланды

– Сіздей кісі осы мәселелерді менен сұрағаны қалай?! – деді Омар.

– Анам айтты, сұра деді, – дедім мен.

– Онда жауабын өзіңіз айтыңыз. Сол менің жауабым болсын, – деді. Мен: «Бұл мәселенің жауабы былай», – деп Омарға айттым. Уағызшы Омар: «Олай болса, осы сөздерді айта барыңыз», – деді маған. Сыртқа шығып, анама осы жауаптарды айтқан едім», – дейді.

Әбу Ханифа – үлкен ғалым. Одан ең мықты хадис пен фиқһ ғалымдары келіп пәтуа сұрайды. Қаншама үлкен дау-дамайды шешіп берген ғұлама. Бірақ, анасының көзінде кішкентай бала. Сондықтан мені пәлен молдаға алып бар деп тұр. Ал Әбу Ханифа ләм-мим демей, барлық шаруасын шетке ысырып қойып, анасын айтқан жеріне апарған. Міне, ананы аялау, оның қас-қабағына қарау осындай болмақ керек.

Мына хикаяны Әбу Ханифадан шәкірті Хасан бин Зияд баяндайды: «Бір жолы анам менен пәтуа сұрады. Ол былай болады деп жауабын айттым. Анам қабыл етпеді. «Жоқ, уағызшы Зурғаның ғана сөзі көңіліме қонады. Соған алып бар», – деді.

Анамды есекке мінгізіп уағызшыға бардым. «Анам сізден пәлен, пәлен сұрақтардың пәтуасын сұрап жатыр», – дедім. Ол маған бір, анама бір қарап: «Менен пәтуа сұрап келіп тұрсыз ба? Сіздің жаныңызға Куфаның фиқһ ғалымы тұр емес пе?! Сіз білімдірексіз, фиқһты артық білесіз. Пәтуасын өзіңіз беріңіз», – деді.

Мен: «Бұның пәтуасы былай», – деп айттым. Зурға уағызшы: «Мұның пәтуасы – Әбу Ханифа берген пәтуа», – деді. Анам уағызшының сөзін жақсы деп қабыл алды», – дейді.

Бала үшін ананың әрбір сөзі маңызды болуы керек. Өкінішке қарай, «Түһ, ана! Сіз де бір қоймайды екенсіз. Болмайтын нәрселерді сұрап…», – деп кейіс білдіріп жататындар бар.

Хадисші ғалым Мұхаммед бин Бишр Әсләми: «Куфа қаласында Мансұр бин Мұғтамир (хадис ғалымы) мен Әбу Ханифадай анасына жақсылық істеген адам көрмедім. Мансұр тіпті анасының шашын өріп беретін», – дейді.

Жәннат – ананың табанының астында. Мұхаммед бин Мункадир сияқты табиғин ғалымдар: «Анаммен бір дастарқанда отырып, оның көңілін аулау – нәпіл намаздан артық. Өйткені, анаға жақсылық ету – Құранның әмірі», – деген екен.

Жанымызда жүрген жәннатты аялайық!

Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу