Биыл Ұлы Дала данышпаны, ақын, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Оның осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтқан даналық сөздері мен өлеңдеріндегі әулиелік болжамдары әлі де өз құнын жойған жоқ. Құдды кеше ғана жазылғандай.

Демек, «біз, әлі сол баяғы өремізден биіктей қойған жоқпыз» деген сөз бұл. «Абай ескіргенде, қазаққа ес кіреді» деген сөздер де айтылып жүр. Бұл сөз қазақтың санасының өскенін аңсап айтылғаны анық.

Меніңше, Абайды ескірту қиын. Ол – сарқылмайтын бұлақ, тартылмайтын теңіз, аласармайтын асқақ шың. Бұл сөзімізді оның кез келген өлеңі немесе қара сөзі дәлелдей алады.

Біз бүгін қалам тербегелі отырған Абайдың ақын, әулие Мәшһүр Жүсіппен замандастығы, идеяластығы жайлы да біраз жазылды. Биылғы мерейтойы аясында біз де қос алыптың ой үндестігі мен әулиелігі жайындағы әңгімелерге шолу жасап көреміз.

Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе?

Әлеуметтік желілерде, түрлі жинақтарда, газет-журналдар мен сайттарда олардың кездескені туралы әңгімелер бар. «Кім де кім шынайы ақын болса, соңына өшпестей аңыз қалдырсын» деген екен бір данышпан…

Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы мен оның замандасы, ұлы философ, ақын, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таныстығы мен кездесуі жайлы екі түрлі пікір бар екенін байқадық. Кейбірі «олардың рухани байланысы болған» десе, енді бір тобы «кездесуінің нақты дерегі жоқ» дегенді алға тартады.

Абай 1845 жылы қазіргі ШҚО-ның Жидебай ауылында туса, Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Екеуінің жас аралығы 13 жыл ғана болса да, олардың кездесуі жайлы бүгінде, тек аңыз-әңгімелер ғана бар.

Мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев екі ойшыл кездескен деп тұжырымдайды.

«Абай мен Шоқан, Мәшһүр мен Шәкәрім кездесті ме?» дейміз. Бірақ, ол заманда бейнетаспа жоқ болғанымен, рухани байланыс деген болған. Ол кезде бір-бірімен байланыс жасамау мүмкін емес.

Мысалы, Құнанбайдың Алшынбаймен, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыспен байланыс жасауы. Шоң мен Байдалы би, Шоң мен Ақтайлақ би, Құнанбай мен Балта, Құнанбай мен Алшынбай тағы басқа шешендік сөздерде қағысып, сөз айтысқан. Демек, олар да кездесіп, кейбір елдік мәселелерде ақылдасып отырған», – дейді ол.

Сондай-ақ, ғалымның пайымдауынша, бір дәуірде өмір сүрген екі алыптың кездеспеуі мүмкін емес. Өйткені, сол дәуірдің беткеұстарлары бір-бірімен байланыс жасап отырған.

«Мәшһүр Жүсіптің Абаймен кездескені туралы Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» романында да жазады. Онда: «Мәшһүр Жүсіп Абайдың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтуға барады. Сонда Абай: «Мәшһүр досым, «Құдай қайда?» дейді. Сонда Мәшһүр жүрегін көрсетіп, «Жүректе» депті. «Рас, Мәшһүр екенсің. Онда менің оң жағыма кел» деп, оны оң жағына отырғызыпты.

 

Одан кейін Мәшһүрге: «Ай мен күннің арасына жел кірсе не тұтылады?» депті. Мәшһүр: «Ай тұтылады» депті. Ал, «Күн мен жердің арасына ай кірсе не тұтылады?» десе, «Күн тұтылады» депті. Ал, енді, «Мәшһүр Жүсіп екеуміздің арамызға сөз кірсе не тұтылады?» дегенде, «Жүрек тұтылады» деген екен», – дейді ғалым жазушының кітабынан үзінді келтіріп.

Дәл осыған ұқсас оқиға жазушы, әдебиет зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің ел аузынан жинаған әңгімелерінде де кездеседі.

«Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырық аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне: Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті.

Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен:

– Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ! – деген екен.

Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен:

– Мәшһүр десе дегендей екенсің! –деп, қолын алып, төрін ұсыныпты.

Ел арасында Мәшһүр Жүсіптің Абайды сынауы туралы да аңыздар бар. Онда Құнанбай өмірден өткенде үлкен қылып, ас бермеген Абайды сынап, мақала, яки, хат жазса керек. Сонда Абай асқан даналықпен жауап беріпті. Әкеме көп мал шығындап берген үлкен астан пайда жоқ, оған барары оқылған Құран барады. Ал, асқа кететін малды кедей-кепшікке таратып беремін депті. Сонысын орындапты да. Осыдан кейін Мәшһүр Абайдың дін ілімін дұрыс әрі терең меңгергеніне тәнті болып, жақын дос болған деседі…

Ал, Абайтанушы Тұрсын Жұртбай: «Мәшһүр Жүсіптің Абайға өлеңмен жолдаған хаты бар. Олардың характері басқа. Ақселеу Сейдімбектің ел аузынан жинағандары қоспа сөз шығар. Бірақ ғылымда нақты дерек жоқ», – деп жауап берген екен журналистердің сұрағына.

Ал, осы әңгімелердің тағы бір нұсқасын тарихшы Жолымбет Мәкіш өзінің фейсбук парақшасында жариялаған екен. Мәтініне қарап отырып, оқиғаның ұқсастығын байқадық.

«Абай атамызға Мәшһүр Жүсіп атамыз сәлем бере келсе керек. Сонда Абай «Мәшһүр деген атыңды естіп едім, сұрақ қояйын, сұрағыма жауап бер» депті. «Иә, қойыңыз», «Онда Алла қайда, шайтан қайда» депті Абай атамыз.

«Алла менің жүрегімде, шайтан сіздің тіліңізде» деген екен сонда Мәшһүр Жүсіп атамыз іркілместен. Абай қатты риза болып, жеке үй тіктіріп, құда күткендей күтіп, сыйлап жіберіпті.

Кейін үйіндегілердің «бір ауыз сөзіне бола мына жігітке осыншама құрмет көрсеттіңіз, оның не сыры бар?» дегеніне Абай атамыз «Сендер түсінбеген шығарсыңдар, мына жігіт шынымен Мәшһүр деген атқа лайық екен, Алла жүрегімде дегені расымен адам Алланы жүрегімен таниды, ал, Алла қайда деген сұрақты тілге шайтан салады» деген екен»…

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бас мүфти 4 баспана кілтін табыстады

Осыларды оқып отырып, шынымен де қос алыптың кездескеніне сенгің келеді. Көз алдыңа елестейді бәрі.

Абай мен Мәшһүр Жүсіптің ой үндестігі

Әдебиеттегі қос ақынның туындыларын қарап отырып, ой үндестігін байқаймыз. Олардың кешегі мен бүгінгіні және болашақты болжаудағы ойларының ұқсас жерлерін өлеңдерінен де көреміз.

Жастық шақ туралы екі алыптың жырларына үңілсек:

Абай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп,

Жұмысың жабдықталсын ерте бітіп.

Қолыңа қармағанмен түк түспейді,

Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп.

Әділетті сүюге үндейтін ойларына тоқталайық:

Абай:

Патша-құдай сыйындым,

Тура баста өзіңе.

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Дүниемен болып жүрмін мен екіұдай,

Əурелік балалығым бұрынғыдай.

Қараумен өз бойыма күнімді өткіз,

Басқаға көз салдырма Патша-құдай, – дейді.

Ақындар ішкі жалғыздық жайлы да ұқсас күрсінеді:

Абай:

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным.

Мəшһүр Жүсіп Көпеев:

Хақылықта, туралықта тұрамын деп,

Жалғанда жалғыз қалдым жанға жақпай.

Қос шайырдың өлеңдеріндегі ой үндестігі бір дәуірде өмір сүргендігінен болар. Оның үстіне екеуі де медреседе білім алып, діни сауатты болғанын білеміз.

Абай мен Мәшһүр Жүсіптің ұстазы

Жалпы, Абай мен Мәшһүр Жүсіпті оқытқан Камараддин Бижомартұлы туралы да жазылып жүр. Ол қазақ топырағында өмір сүрген оқымысты, діндар, тақуа жандардың бірі.

Алаштанушы ғалым Мақсат Тәжімұраттың жазуынша, оның шын аты – Айжарық екен. Туған жері – Бөкей ордасы. «Камараддин», яғни «Діннің айы» деген ат бұл кісіге Бұқар медресесінде оқып жүргенде, білімге деген құштарлығы мен тақуалығы үшін берілгені жайында айтыпты («Астана» журналы, №2 (51), 2010).

Айжарық Бижомартұлы 1807 жылы туып, 1889 жылы 81 жасында Баянауылда дүниеден өткен. Жас кезінде 18 жыл Бұқара қаласында діни ілім үйренген. Құран һәм хадис ілімі бойынша жоғары дәрежеге жетіп, Ислам ғұламаларының ғажайып еңбектерін оқып, бойына сіңірген.

Бұқарадан оралып, 1849 жылы Орынбордағы мұсылман діни мекемесінде шариғатты тереңдете бойына сіңіріпті. 1852 жылы Семей медресесіне ауысып, 1855-1858 жылдары сонда білім алып жүрген жас шәкірт Абай Құнанбайұлын оқытқан.

Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай 2008 жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан медресеге оқуға берген. Үш айдан кейін: «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен», – деп Камалатдин (Камараддин) молдаға ауыстырған» – дейді.

«Егемен Қазақстан» газетіне шыққан Бекен Қайратұлының мақаласында: «Камараддин хазірет – мұсылман әлемінің ойшылы жәдидшіл-реформатор тұлға Шаһабуддин Маржанидің шәкірті. Шаһабуддин Баһауиддинұлы түркі, араб, парсы, орыс тілдерін еркін меңгеріп, сол тілдерде ғылыми еңбек жазған. Мұсылман елдеріне ұзақ уақыт сапар шегіп, әлемге әйгілі «Өткен бабалар өмірінен» («Уафиат әл-асләф») деген әйгілі жеті томдық еңбекті араб тілінде жарыққа шығарған. Осы жеті томдық Абайдың жата-жастана оқитын кітабы болғаны жайлы деректі ғалым Тұрсын Жұртбай келтіреді», – дейді. Демек, осы кітап Абайдың мұсылмандық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен болуы мүмкін.

Осы орайда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Егер Шаһабуддин Маржанидің жәдидтік бағдарламасы мен есепті ақылға құрылған пікірін ұстанбаса Абай еуропалық ғылым мұхитының жағасына жете алмас еді» деген ой тұжырымын да айта кеткен жөн.

Ал, оның шәкірті Камараддин хазірет болса, одан кейін бұл кісіден Абай білім алса, қазақ руханиятының сабақтастығы осылай түзілген деуге негіз бар.

Камараддин хазірет 1867 жылы, 59 жасында Кереку өңірінің шонжары Мұса Шормановтың ықпал етуімен Баянауылға келіп, Білән ауылы мешітінде бала оқытуды қолға алған.

Оның алғашқы үш шәкіртінің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болыпты.

Мәшекең өз қолымен жазған өмірбаян хатында: «…Алты жасымда кітап оқып, сегіз жасымда Баянауылда Камараддин ахунның алдында сырып ой бастап, тоғыз жасымда ғылым хатқа, мұхтасар әл-уиқаяға шарх қылып, он жасымда шайырлық арқылы танылдым. 29 жасымда Бұқари шарифке барып, мырза Ұлықбекке мүдәріс болдым» дейді («Қазақ шежіресі», 7-нұсқа).

Сондай-ақ Мәшекеңнің «Дуаның пайдасы» дейтін шағын жазбасы бар. Сонда Әкімбек деген жомарт адам Баянауылдағы Камар (Камарадин) хазіретке 10 ат берді. «Бесеуін өз қолыммен алдым», – деп жазған екен.

Өмірінің соңғы жылдарын Баянауыл өңірінде өткізген Камараддин хазірет Мәшһүр Жүсіпті оқытып қана қоймай, осы өлкеге рухани танымның нәрін сепкен екен…

Сонымен қатар, Абай жата-жастана оқыған Камарадиннің ұстазы Шаһабуддин Маржанидің әйгілі жеті томдық еңбегін Мәшекең де оқыған болуы ықтимал. Өйткені, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді қазақ. Екі алыптың ой үндестігінің де құпиясы осы жеті томдық іргелі еңбекті оқуынан болар, мүмкін.

Демек, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің рухани жақындығы олардың негізінде жатыр.

Сөз соңында айтарымыз, Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі де өте терең білім иелері. Заманынан озып туған алыптар. Дүнияның шексіз ілімін бойларына сіңірген кең жүректі ғұламалар. Біз қазақ өлеңінің екі алыбының тұңғиық ілімінен сусындап, жауһар туындыларын бойымызға сіңіруіміз шарт.

Жәлел ШАЛҚАР,

Қарағанды қаласы

Пікір жазу