Иә, Матуриди ақидасы бойынша момын-мұсылман тілмен кәлима шаһадат айтып, оны жүрекке тасдиқ жасаған соң иман артпайды және кемімейді. Себебі, иман шарттарын (Алла Тағаланың бар әрі бір екендігіне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне, тағдырға, өлгеннен соң қайта тірілетініңе сену) толық жүрекпен қабылдағаннан кейін оның артып немесе кемуі мүмкін емес. Бірақ, мұсылманның Хаққа деген ықыласы, ынтызарлығы, шынайылығы һәм махаббаты артып, кемуі мүмкін. Оны дінімізде «иһсан» деп айтады.
Иһсан – Хақ Елшісінің (с.а.у) басынан өткерген Жәбірейіл оқиғасында иман және исламмен бірге көтерілген үш ұстынның бірі. Аталмыш хадис-шарифте (Бұхари, Иман) иһсанға қатысты «Алла сені, сен Алланы көріп тұрғандай намаз оқу» деп анықтама берілген. Яғни, иһсан дәйім Пәруардигарға деген ынтызарлықты арттыратын, пендені адалдыққа баулып, шынайылыққа шыңдайтын дініміздің асыл бергек, алтын діңгегі.
VIII ғасырдан бастап фикһ ғылымы қарыштап дами бастады. Осы кезде кейбір дүмше мұсылмандар діннің негізгі мұраты сыртқы пішінді ғана ислам ережелеріне сәйкестендіру деп ұға бастаған. Ислам қоғамында қатты етек алған бұл тенденцияға базбір момын-мұсылмандар «діннің негізгі мұраты сыртқы пішіннің емес, ішкі жан-дүниенің тазалығы» деп қарсы шыққан. Түйіні ағытылмаған бұл тартыс екі-үш ғасыр күн тәртібінен түспей, мұқым мұсылман қауымының басты мәселесіне айналды. Кейін Имам Ғазали мен Имам Кушайри ішкі тазалықты қамтамасыз ететін ахлаһ ілімі мұсылман құқығының ішкі динамикасы бола алатынын дәлелдеп жазып, бұл талас-тартысқа нүкте қойды.
Ішкі жан-дүниені күнәдан пәк етіп ұстайтын хал мурақаба деп аталады. Толығырақ айтар болсақ, мурақаба ішкі жан-дүниенің тазалығын қамтамасыз ететін психологиялық тірек һәм тетік. Задында, сұрқия ойды ішімізде бүгіп, сырттан жасырып ұстасақ та Хақ Тағала күмәнсіз оны білуші. Тіпті, ол үшін бізді қаласа жазалауы да мүмкін (Бақара, 284). Себебі, адамның ындыныбұзылса, кез-келген уақытта ылаң сала алады. Демек, жан-дүниемізге жебір ой жайғасып алып, күнә мен қылмыс жасауға желіктірмес үшін көңіл айдынын кірлетпей, мұнтаздай таза ұстауымыз шарт. Осылайша мурақабамен қаруланып, енжарлыққа жол бермей, ішкі әлемімізге сақшы қойып, санамызды саф ұстасақ, күнә мен қылмыстың екі есе алдын алып, пәк күйге бөлене аламыз. Өйткені, адамның жан-дүниесінде жаман пиғылы болмаса, арға жат қылаудай да жаман іс-әрекетті жасай алмайды. Яғни, «иман тазалығы» дегеніміз – ол шынайылық (иһсан) һәм ар (мурақаба) тазалығы. Демек, мұсылман баласы мурақабаны меңгермейінше, сыртын қанша таза ұстаса да, іші саф таза болмайды. Хәкім Абай: «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған» деп иһсаны жоқ, мурақаба хәлін игермеген көрбілте танымды меңзесе керек.