Жуырда Тәуелсіздіктің 29 жылына орай Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар арасында Абай Құнанбайұлының шығармаларын жатқа оқудан сайыс өтті.

Іс-шараға бұрын деструктивті діни ағымдардың қатарында болған 16 адам қатысты.

Сайыста әділ қазылар алқасында болып, үздіктерді таңдаған мамандардың бірі – қалалық «Төлен ата» мешітінің имамы Бисембаев Ғалымжан:

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың барлығы қателесуші, соның ішінде ең жақсысы – қателігін мойындап, тәубе еткендері», – дейді. Кезінде қателескен кей бауырларымыз ой-пікірін өзгертіп, дұрыс жолға бағытталып келеді.

Қазақтан шыққан ұлы тұлға – Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздерін оқу арқылы өздерінің дін мен дәстүрді дұрыс түсінбей келгенін ұғып жатыр.

Дін жолынан адасып жүрген бауырларымызды оңалту мақсатында түзеу мекемелеріне басқа да мамандармен кезектесіп келіп тұрамыз. Алайда, жазасын өтеушілермен күнде жұмыс істеп, әсіресе, осы сайысқа қатысуға қызығушылықтарын оятып, жақсылыққа себепші бола білген осы мекеменің маманы Мейрамбекке ризалығымды білдіргім келеді. Бұл – үлкен жұмыс, – деді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мемлекет басшысы Алғыс айту күнімен құттықтады

Облыстың беделді дінтанушысы Бақтияр Оспанов қатысушылардың ынтасы мен ұмтылысына ризалығын жасырмады:

– Ат айналып қазығын тапса, айыбын кешкен елміз. Қателігін түсінген азаматтарымызды қатарымызға қосу, тәрбиелеу – біздің де қоғамдағы міндетіміз. Дәстүрлі дінге оралып, қазақстандық құныдылықтарға қайта бейімделіп жатқан жігіттердің Ұлы ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жарыса жаттаса, арасында Абайға өз туындыларын бағыштаған бауырларымыз тіпті таң қалдырды.

Болашақтан, бостандықтан  үмітті жастар білім іздеп, оқып жатыр. Бағалауға лайық қадам деп білемін, – деді ол.

Осы орайда, іс-шарада ұлы ақынға арнап өз туындыларын ұсынған азаматтардың еңбегі назарға ұсынылады.

Пікір жазу