Оразаның пайдасы

    0
    167

    Соңынан миллиондарды ерткен кез-келген дінде мынадай бір әдіс бар. Мәселен Будда ілімінде – нирвана дәрежесіне жеткің келсе, бірнеше күн нәр татпау керек. Олардың түсіндіруінше организм былайғы күнде асты қорытуға жұмыс істесе, дәм-тұздан бастартқан уақытта, сенің бүкіл ағзаң рухыңның кемелденуіне, мидың дұрыс жұмыс істеуіне бар күш-қуатын жұмсайды екен. Христиандарда да бар, мұндай ұғым. Құдайдың жарылқауына ие болғысы келсе, яки тілегі қабыл болуы үшін, 40 күн ішіп-жемнен тиылады. Мұны өздерінше «пост» дейді. Иудаизм дінінде де ауыз бекіту парызы бар. 

    Бұдан шығатын қорытынды, соңғы пайғамбар түскенге дейін де, Алла тарапынан адамдарға ораза ұстау міндеттелген екен. Бұл ойды, Исламтанушы, ғалым Ершат Оңғаров Құрани Кәрімнен мынадай дәлелмен растай түседі: 

    — Бақара сүресінде айтылады; «Ей, иман келтіргендер, сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінген. Міне алдыңғы үмметтерге де ораза парыз етілгені айтылып жатыр. 

    Исламдағы оразаның басқа діндердегі «ішіп-жемнен» тиылудан айырмашылығы да бар. Мәселен, кейбір діндерде, ораза кезінде әйелімен жақындасуға да, бала-шағасын мейірленіп сүюіне де тыйым салынған. Ал біздің дінімізде барлық нәрсе тек ауыз берік кезде ғана харам етіледі. Өзге діндерден біздің оразамыздың айырмашылығы — адам денсаулығына толық пайдалылығында. Мәселен; ораза ұстаған адамның жасушалары жаңарады екен. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойыла бастайды. Бүкіл клетка өліп қалмасы үшін, осы кезде адамның организмі белсенді жұмыс істей бастайды. Сөйтіп, организмнің өміршеңдігі күшейеді. Ауыз ашып, әлденіп алған кезде, организм жаңа жасушалар өндіре бастайды. 

    Ораза тұту – қант диабетіне шалдығудан сақтайды. Бар құпия – ұйқы безінде екен. Ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Бұл ұйқы безі деген – адам ішіп, жеген крахмалды заттарды азғаға қажетті майға айналдыру үшін инсулин бөледі екен. Адам еш дамылсыз тамақ жей беретін болса, ұйқы безінің қызметі қиындайды. 

    Ораза ұстаған адам – артық салмақтан арылады. Бір қызықты айтайын. Қазір гуглге «К» деп әріп терсеңіз, назарыңызға бірден «Как ибзавиться от лишних киллограмм?» немесе «как избавиться от ожирение» деп осы тақілеттес тақырыптар шыға келеді. Яғни бұл тақырыптар ең көп ізделген деген сөз. Расымен, қазіргінің адамдары үшін, ең үлкен мәселе – артық салмақ. Міне, ораза кезіндегі ашығу – осы семіздік дейтін бәледен құтқарады. Айта берсек, көп-ақ. Бірақ. Әйгерім Есіркепова дейтін қарындасымыз, мынадай бір ойға қонымды бір пікір айтты:

    -Осылай емделіп те жатады. Гастрит, язва ауруларын ашығу арқылы емделіп жатады. Оразаны денсаулығымды жақсарту үшін деп ұстап жатады. Диета сақтау үшін деп аузын бекітіп жатады. Асқазанның бойындағы шлакты тазалауға деп ішіп-жемнен тиылып жатады. Дұрыс шығар. Бірақ бар ниет арықтау, шлактан тазаруға ауып кетсе, бұл ораза емес. Бұл жәй ғана ашығу. Себебі хадистердің бірінде амалдар ниетке байланысты деп айтылған. Яғни оразаны бізге парыз ретінде, құлшылықтың түрі ретінде, тілектердің қабыл болатын кезеңі ретінде берсе, біз оны диета деп, өзіміздің нәпсіміз үшін пайдаланбауымыз керек. Олай жасасақ, оразаның сауабынан айырылып қаламыз. 

    Оразаның қоғамға пайдасы – адамдар арасындағы түсіністік артып, мейірім көбейеді. Адамдар ырзық-несібенің қадірін түсініп, дәулетті мен жоқ-жітік арасында байланыс орнайды. Аштықта болу ең алдымен бұл бай мен кедейді теңестіреді. Бір күн аш болып, сен басқа аштан бұратылып жүргендердің жағдайын түсінесің. Және сол арқылы өзіңнің өміріңе тәубе дейсің. 

    Ораза, сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Мысалға, былайғы күнде тамақ жеу, су ішу халал. Ал оразада содан тиыласыз. Ал тиымның нығметі қалай?! Сіз халалдан тиылу арқылы, ертең харамнан тиылуға оңай жол табасыз. Міне оразаның тағы бір нығметі. 

    Айтпақшы, оразаның ашығудан бөлек, мынадай талаптары бар. Аузы берік адам бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тыйылуы, ғибадатын арттырып, бос уақытын дін іліміне арнауы керек. Бос сөз демекші, шариғатта тіл оразасы деген де ұғым бар. Яғни артық сөзден, өзге біреулердің көңілін қалдырудан, бейәдеп сөздерден сақтану.

    Ораза ырыс-берекенің қадірін білетін, құнын түсінетін дәрежеге жеткізеді. Адам күні бойы аш қалып, кешқұрым ауыз ашқанда, аузына салған қатқан нанның да қаншалықты қадірлі екенін сезеді. Заттың құнын білген мұндай қоғамның экономикасы да оңайлықпен құлдырамайды. Оразаның біз байқаған жақсылықтары осы. Олай болса, бәрі кеш демей, ораза ұстаңыз ағайын. 

    Нұрбек Бекбау

    Пікір жазу