Үндістанның Гуджарат штатындағы жас жігіттің кенеттен жоғалып, хабар-ошарсыз кеткеннен кейін ойламаған жерден табылуы туыстарының таңданысын тудырды.

Индуистер отбасындағы Сантош есімді бозбала 2013 жылы ұшты-күйлі жоғалады. Бауырлары Раджеш пен Динеш оны қанша іздесе де, таппай қойды. Жағдайы төмен отбасы болғандықтан ба, полиция да баланы іздеуге аса құлықты болмапты.

Уақыт өте келе туыстары Сантошты өлдіге санап, іздестіруді доғарады.

Алайда, 6 жыл өткесін бауырларына телефон шалған жас жігіт өзінің тірі екенін, аты Абдолла екенін және кейінгі жылдары өмірі қалай өзгергенін айтқанда туғандарының таңданысында шек болмады.

Сөйтсе, жас бала Гуджараттағы қиын өмірден қажып, басы ауған жаққа қашып кетіпті. Кейін өзіне қолдау білдірген мұсылмандармен жақын араласып, Ислам дінін қабылдайды. Осы 6 жыл аралығында ол тіпті медреседе оқып, діни білім де алып үлгерген…

Дегенмен, бауырлары Абдолланың табылғанына қуанудың орнына полицияға хабарласып, оның телефон арқылы сөйлесу кезінде жәннат және тозақ сөздерін айтқанын алға тартады. Олар полицияны бауырларын Делидегі медреседен Гуджаратқа әкелуге көндіреді.

Кәмелет жасына толған азамат болғанына қарамастан, мұсылман үндіні шынымен де полиция қызметкерлері туған қаласына алып келеді. Отанында аз уақыт болған Абдолла өзіне қырғиқабақ танытқан бауырларымен ортақ тіл табыса алмайтынын түсініп, медресеге қайтып кеткен.

Алайда, бүгінде ол құқық қорғау органдары тарапынан қудалау бола ма деп қауіптеніп жүр. Өйткені, жергілікті полиция соңғы кездері индуистердің Ислам дінін қабылдауларына тосқауыл қою үшін қадағалауды күшейткен…

Пікір жазу