Жаңалықтар

Дін істері басқармасы белсенді жұмыс жасауда


Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының 2013 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі облыс әкімдігінде өткен жиында тыңдалды. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

 Облыс әкімі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен жиында басқарманың осы жылға жоспарланған жұмыстарының негізгі бағыттары да айқындалды.

Басқарма басшысы Батырбек Жалмұрзаевтың хабарлауынша, өткен жылдың  шілде айында құрылған басқарма өңірдегі дін саласы бойынша мәліметтер дерекқорын қайта жасақтапты. Бүгінде облыс аумағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 764 мешіт жұмыс жасайды. Облыстағы діни конфессиялар саны 11 болса, өңірде шетелдік үш миссионер тіркеліп, олардың жұмыстарына тұрақты бақылау орнатылыпты. Облыс аумағында діни білім беретін үш мекеменің жұмысына тұрақты мониторинг жүргізіледі екен.

  Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері дін саласындағы заңдылықтардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында діни бірлестіктерді және миссионерлерді тіркеу жұмыстарын мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жүзеге асырып, шетелдік миссионерлер қызметін бақылау, діни бірлестіктермен филиалдардағы діни рәсімдер мен уағыздарға мониторинг жүргізу, кітапхана қорларындағы діни әдебиеттерге талдау жасау, заңсыз жұмыс жүргізуші табыну орындарын анықтау, заңдылықтарға сәйкес шара қолдану, жаңадан ашылатын діни бірлестіктердің заң талаптарына сай рәсімделуіне бақылау орнату жұмыстарын атқаруда.

Басқарма басшысының айтуынша халық арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жетілдіру және тиімділігін арттыру бағытында типтік тақырыптық бағдарлама жасалып, бірыңғай желілік кесте әзірленіпті. Бастысы  биылдан бастап әрбір ақпараттық-насихаттық топ жұмысын бюджеттен қаржыландыру қолға алыныпты.

Облыста деструктивті діни ағымдардың үгіт-насихатынан, ықпалынан халықты, әсіресе жастарды қорғау мақсатында мешіт жамағатымен арнайы кездесулер өткізілуде. Сонымен қатар, мектептердегі «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған нақты жұмыстар белгіленіп, арнайы семинарлар өткізу жоспарланды. Осы мақсатта дін істері басқармасы мен мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысатын «Өрлеу» мекемесі арасында бірлескен шаралар қолға алынып, курстардан өтуші педагог-мамандармен арнайы сабақтар өткізілуде.

Бүгінгі таңда облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің 2014 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілсе, аудан, қала әкімдері жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестердің жұмыс жоспарлары басқарманың келісімінен өткізген.

Басқарманың 2014 жылға арналған жоспарындағы шараларды іске асыруға облыстық  қазынадан  қаржы қаралып, оған облыстық және жергілікті ақпараттық-насихаттық топтармен кездесулер, семинар-кеңестер, конференциялар және т.б. маңызды іс-шараларды өткізу жоспарланған.

Есепті жиынды қорытындылаған облыс әкімі А.Мырзахметов басқармаға  бірқатар міндеттер жүктеп, білім орындарында «Дінтану» пәнінен дәріс беретін мұғалімдердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру туралы тапсырма берді.

e-islam.kz

e-islam.kz

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close