360 күндік оразаның сауабын қалай алуға болады?

    858

     Сұрақ: Шәууал айында 6 күн ауыз бекіту 360 күнге тең келе ме?

    Жауап: Намаз құлшылығындағы секілді оразаның – адақ, кафарат, нәпіл секілді түрлері бар. Фиқһ кітаптарында нәпіл оразаға – Барағат түнінің күндізінде ораза ұстау, Ашура күндеріндегі ауыз бекіту, әр аптаның дүйсенбі мен бейсінбі күндері және Шәууал айындағы 6 күн ораза ұстау жатады.

    Шариғат үкімдерінде Рамазан айынан кейін келетін Шәууал айында 6 күн ауыз бекіту сүннет болып саналады.

    Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында ораза тұтып, одан соң Шәууал айында 6 күн ауыз бекітсе, жыл он екі ай ораза тұтқандай болады» (Тирмизи, Саум: 53. Әбу Дәуіт, Саум: 58), деп сүйіншілеген.

    Шәууал айындағы 6 күндік оразаның жыл он екі ай ораза тұтқанға есептелінуінің  себебі, Әбу Хұрайра риуаят еткен хадисте: «Адам баласының жасаған қайырлы амалы 10 еседен 700 есеге дейін еселенеді…» деп айтылады.

    Яғни, Рамазан айындағы 30 күн ауыз бекіткеніміз 300 күнге еселенсе, Шәууал айындағы 6 күндік оразамыз 60 алпыс күнге еселеніп, сайып келгенде барлығы 360 күнге тең болып шығады.

    Мұхан Исахан