Назарларыңызға ұсынылып отырған кестеде 1989 жылы соңғы бүкілодақтық халық санағы өткеннен кейінгі 31 жылда еліміздегі қазақ, орыс және басқа ұлттардың саны қанша пайызға көбейіп-азайғаны пайыздық мөлшермен берілген.

Қарап отырсақ, қазақ ұлты барлық өңірде көбейген. Көш басында – ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы тұр. 1989 жылы Целиноградта 49 мың ғана жергілікті ұлт өкілдері тұрса, қазір қазақтың саны 1 миллионға жуықтады. Өсім – 1723 пайыз!

30 жылдың ішінде белгілі бір ұлттың осынша пайызға өсу көрсеткіші тек Қазақстан емес, әлемнің ешбір жерінде тіркелмеген шығар… Бәрекелді!

Екінші орында Алматы қаласы тұр. Онда өсім 367 пайызды құраған. Қазақ саны еліміздің ең ірі мегаполисінде 252 мың адамнан 1 млн 177 мыңға дейін шарықтапты.

Олардың ізін ала Маңғыстау және Түркістан (Шымкент қаласымен бірге) облыстары жайғасқан.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қазақтың көбеюі негізінен басқа өңірлерден және шетелден көшіп келушілер есебінен болса, қалған өңірлерде таза табиғи өсім бар. Кестеден көріп отырғаныңыздай, өсім 286 пайызды құраған Маңғыстау мен 120 пайызды құраған (яғни екі еседен астам) Түркістан облысында туу көрсеткіші шынымен де өте жоғары.

Кестеде Түркістан облысын Шымкент қаласымен бірге алып отырған себебіміз – 1989 жылғы санақта ол екеуінің халық саны бірге есептелген болатын.

Сонымен қатар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын да бірге қосып көрсеттік. Өйткені, бұрын бұл өңірде үш облыс болғаны белгілі (Ақмола, Көкшетау, СҚО). Сондықтан 1989 жылғы санақтағы үш облыс (Целиноградсыз) пен қазіргі екі облыстың халқын салыстыруға тура келді.

Қазақ санының ең аз өсімі де осы облыстарда тіркеліпті. Бар-жоғы 20 пайыз! Егер негізгі өсім Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы Ақмола облысына қарайтын елді мекендерге тиесілі екенін ескерсек, Солтүстік Қазақстан облысында қазақ саны мүлдем өспеген деп те айтуға болады…

Солтүстікті былай қойғанда, Абайдың отаны – Шығыс Қазақстан облысында (1989 жылғы санақта Шығыс Қазақстан және Семей облыстары) қазақ санының 21 пайызға ғана көбейгені таңданыс тудырады. Бұл өңірде туу көрсеткіші тым төмен бе әлде қазақтың бәрі Астана мен Алматыға көшіп кеткен бе? Түсініксіз…

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Дінтанушылар: Ауғанстандағы соғысты тез арада тоқтату керек

Еліміздегі ең ірі азшылықты құрап отырған орыс санына келсек. Көріп отырғаныңыздай, бұл ұлт өкілдерінің қатары барлық өңірде төмендеген. Әсіресе, Қызылорда облысында 83 пайызға (86 мыңнан 14,4 мың адамға), Маңғыстау облысында 66 пайызға (106 мыңнан 36 мыңға) және Жамбыл облысында 60 пайызға (63 мыңнан 33 мыңға) құлдырапты.

Бұған біріншіден 1991 жылдан кейін орыстардың тарихи отандарына жаппай қоныс аударулары, екіншіден, туу көрсеткішінің төмендігі себеп болғаны белгілі.

Тек қос астанамызда ғана көп азаймапты. Оған еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келу үрдісі әсер етсе керек.

Соңғы деректерге сүйенсек, қазір Қазақстаннан көшіп кетіп жатқандардың басым бөлігі – орыстар, дәлірек айтқанда орыс жастары. Сол себепті қазір еліміздегі орыс ұлтының көпшілігін егде жастағылар құрап отыр. 1989 жылы 30-40 жас шамасында болғандар бүгінде 60-70-ті алқымдап қалды. Енді 10-15 жылдан кейін егде жастағылардың алды өмірден кете бастағанда орыстардың саны күрт азаятын болады. Өйткені, жоғарыда айтқандай, туу көрсеткішінің тым төмендігінен және тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастарының негізінен Ресейге кетіп жатқандығынан өмірден озғандардың орнын басатын ешкім қалмайды.

Біздің есебімізше, енді 20 жылдан кейін Қазақстандағы орыс ұлтының үлес салмағы 5-10% аралығында болады.

Қазақ пен орыстан өзге ұлт өкілдеріне келейік. Көріп отырғаныңыздай, еліміздің үш өңірінде ғана олардың жалпы саны артқан. Нұр-Сұлтан мен Алматыда негізінен көшіп келушілер есебінен көбейсе, Түркістан облысында өзбек халқының туу көрсеткіші өте жоғары.

Ал қалған өңірлерде басқа ұлттар санының тым құлдырап кеткенін көріп отырмыз.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Пікір жазу