1570 күдікті сілтеме анықталып, дінтану сараптамасына жолданды

    103

    13 ақпан. KAZISLAM – Жамбыл облысына «Жусан» операциясы бойынша 9 әйел мен 20 жасөспірім оралған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өңірлік департаменті қызметкерлері мен дінтанушы мамандар да олармен кездесіп, тиісті көмекті тұрақты көрсетіп тұрды.

    Бұл туралы жергілікті әкімдіктің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров айтып берді.

    Былтыр елімізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары сәтті жүзеге  асты. Қазақстан бірінші болып қақтығыс аймақтарындағы азаматтарына қамқорлық танытып, елге қайтарды. Елге жеткізілген азаматтарға Ақтау қаласындағы оңалту орталығында психолог және теолог мамандар көмек көрсетті. Біздегі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қызметкерлері де Ақтаудағы оңалту орталығындағы дерадикализация жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты, — деді ол.

    Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі кездегі діни толеранттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Терең тарихи-мәдени дәстүрі бар Жамбыл жерінде бүгінде осындай қағидатпен қызмет етіп жатқан діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 353-ті құрайды. Олардың арасында 307 мешіт және 46 шіркеу (8 православтық, 1 католиктік, 37 протестанттық және т.б.) бар. Өңірдегі барлық мешіттерге бейнебақылау камералары орнатылған.

    Облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендерде мешіттер жеткілікті салынған. Сондықтан сауаптың ең үлкені мешіт салу десек, тар түсінік болар еді. Хадисте айтылғандай, өзінен кейінгі ұрпақ үшін пайдалы нәрсеге, мәселен мектеп, балабақша тұрғызу, көпшілік жүретін жол, көпір салу секілді көптеген ізгі амалдарды жатқызуға болады. Енді кәсіпкер азаматтарымызға балабақша, мектеп, көпір, спорт пен балаларға арналған ойын алаңдарын салуға да кеңес береміз. Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.): «Алла Тағала жетім баққан және оған жақсылық жасалған үйді жақсы көреді», деген бір хадисінде, — деді Жангелді Жайлауұлы.

    Ол дін істері басқармасының және салалық басқармалардың, қала мен аудан әкімдіктерінің дін саласындағы қызметі біріздендірілгенін де жеткізді.

    Былтыр ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерімен түрлі форматтарда 2170 іс-шара өткізіліп, 119 мыңға жуық адам қамтылған. Олардың құрамына тек дінтанушы-теолог мамандар ғана емес, құзырлы мекеме қызметкерлері мен мешіт имамдары да тартылыпты.

    Басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің asyldin.kz сайттарының қызметтері тиімді жүргізілуде. Аталған интернет ресурстарға былтыр 714 мақала мен 3432 жаңалық орналастырылды. Сонымен қатар, 1570 күдікті сілтеме анықталып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне дінтану сараптамасына жолданды. Интернет ресурстарға 2968 қарсы насихаттық ақпарат жарияланды. Басқарма мен ҚМДБ өкілдерінен құралған 40 жоғары білімді дінтанушы, теолог маманнан тұратын арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, аталған жұмысқа тартылды, — деді жауапты маман.

    Пікір жазу