11 жасар бала суды үнемдеуге шақырды

    408

    Біріккен араб әмірлігінде 11 жасар бала су ресурстарын сақтау және суды ысырап етуге қарсы күресу үшін  өз жерлестерін дәрет алуда суды ысырап етпеуге шақырды, деп хабарлайды Ansar.ru.

    Фаиз Мұхаммед жергілікті мешіттерде арнайы плакат ұстап, өз қызметін жүргізеді. Оның қолындағы плакатта суды құбырдан, ыдыстан пайдаланғанда қанша кететіні туралы статистикалық деректер жазылған. Фаиздің зерттеуіне сүйенсек, әр мұсылман бір рет дәрет алғанда орта есеппен 7,3 литр су қолданады, ал ыдыс арқылы дәрет алғанда 1,2 литр су пайдаланады.

    Осылайша бір адам дәрет алуға бір айда 1080 литр су жұмсаса, ыдыспен дәрет алғанда 30 күнге бар-жоғы 180 литр су кетіреді.

    «Бір адам ыдыспен дәрет алу арқылы бір айда 900 литр су үнемдей алады» дейді жасөспірім.

    Фаиз Мұхаммед Рамазан айында күн сайын ертерек мешітке келіп, мұсылман жамағатымен суды ысырап етпеу, үнемдеу тақырыбында әңгімелеседі.