ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Бір күндік медресе» жобасы басталды, – деп жазады muftyat.kz.

«Бір сағат ілім үйрену – бір күндік ораза мен түнгі құлшылықтан да қайырлы» деп хадисте баяндалғандай, имамдар күйбең тіршіліктен бас ала алмай жүрген тұрғындарға шариғи білімді жеткізу мақсатында «Бір күндік медресе» жобасын қолға алды.

Алғашқы дәрістегі сөз басында ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы аталмыш бағдарлама аясында өтетін сабақ барысымен жоба қатысушыларын таныстырған-тын. Арнайы тіркеуден өтіп жиналған 70-тен астам тыңдаушылар легі екі топқа (ерлер және әйелдер) бөлініп, «Ислам дініндегі тазалық», «Халал және харам», «Намаз түрлері» сынды дәрістерге қатысты. Айта кетейік, «Бір күндік медресе» аптасына 1 рет өтетін дәріс арқылы (жалпы курс 4 апта) Ислам дінінің негіздерін және намазды толықтай үйренуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, келесі апталарда өтетін дәрістер бағдарламасына Кіріспе (мешітпен таныстыру, терминология, Исламдағы халал-харам, дәрет алу), Намаз сабақ (намаз орындау тәртібі, сүрелер, дұғалар), Ислам парыздары (ораза, зекет, қажылық), Ақида, сенім мәселелері (қарама-қайшылық мәселелері), Пайғамбарлар тарихы сияқты дәрістер бекітілген.