1 миллион теңгені білімді имамдарға бөліп бермек

    515

    21 тамыз. KAZISLAM – Кеше Алматы қаласының Орталық мешітінде қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Үш байлық» қоғамдық бірлестігі «Елтаным» жобасының аясында имамдардың біліктілігін жоғарлатуға бағытталған оқыту семинарын өткізді.

    Семинардың мақсаты: қазақтың салт-дәстүрін білуі бойынша имамдар мен дін қызметкерлерінің білімін жоғарылату, ұлттық салт-дәстүрді және ұлы тұлғалардың дін жайындағы еңбектерін халық арасында насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

    Семинарды «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Хатран Досымбек жүргізді.

    Ағымдағы жылғы 22, 27 және 29 тамызда бұл бағыттағы 3 семинар өткізілетін болады. Аталған семинарларды Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі, дінтанушы Кеңшілік Тышханұлы және Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Әбу-ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы Керім Шамшәдин Тұрсынұлы жүргізеді.

    «Елтаным» жобасы 2018 жылдан бастап Алматы қаласында жүзеге асырылуда және имамдар арасында үлкен қызығушылық тудыруда.

    Семинарлардың қорытындысы бойынша имамдардың алған білімдерін бағалауға бағытталған конкурс өткізілетін болады. Конкурстың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды.

    Соның ішінде:

    — Бас жүлде дипломы және 300 000 (үш жүз мың) теңгенің сертификаты;

    — I дәрежелі диплом және 200 000 (екі жүз мың) теңгенің сертификаты;

    — II дәрежелі диплом және 150 000 (жүз елу мың) теңгенің сертификаты;

    — III дәрежелі диплом және 100 000 (жүз мың) теңгенің сертификаты;

    — номинация – 2 диплом және 75 000 (жетпіс бес мың) теңгенің 2 сертификаты;

    — ынталандыру – 2 диплом және 50 000 (елу мың) теңгенің 2 сертификаты.