Өткенді білмей, болашаққа бағдар ұстау қиын…

    187

    Бүгін «Нұр-Сұлтан қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығы» ЖШС жасөспірімдерге арналған «Төрт қадам – төрт таған» жобасының «Тарих» аптасына сәйкес, Сәкен Сейфуллин  мұражайында экскурсия өткізді.

    Іс-шараның мақсаты: жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақынның өз заманындағы саяси-қоғамдық көзқарасын таныту, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

    Мәдени экскурсия барысында жасөспірімдер мұражайдағы Сәкен Сейфуллиннің сирек кездесетін кітаптары, фотоқұжаттары мен мұрағат материалдарының түпнұсқалары, қолданған заттары т.б құнды жәдігерлерімен танысты.

    Мұражай 8 залдан тұрады. Әр залдағы мұрағаттар «Балалық және жастық шағы», «Мемлекеттік қызметі», «Педагогикалық қызметі», «С.Сейфуллиннің кабинеті» сынды арнайы тақырыптарға бөлініп орналасқан. Мұражайда 6000-ға жуық материалдар бар.

    Ағаш сәулет өнері ескерткіші саналатын ғимараттар көп сақталмағандықтан, бұл мұражай елордамыздағы бірден-бір тарихи, мәдени, рухани құнды нысандардың қатарына жатады.

    Мұражайда өткен экскурсиядан соң студенттер алған әсерлерімен, алғысын видео сұхбат арқылы бөлісті.

    Пікір жазу