«Өркениеттер альянсы» тұрақтылыққа қызмет етеді

    183

    Биылғы қыркүйек айында Нью-Иоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесіп, қос тарап өзара іс-қимыл перспективаларын, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту мәселелерін талқылағаны әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс тапты.

    Осы орайда, Қазақстан Президентінің аталған ұйымды әлемдегі бейбітшілікті, ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және өркениетаралық диалогты қолдауға үлкен үлес қосып келе жатқан беделді халықаралық институттардың бірі екенін атап өтуі Біріккен Ұлттар Ұйымының «Өркениеттер альянсы» халықаралық ұйымының қызметі туралы ақпараттарға қызығушылық туғызатыны анық.

    2005 жылы Испания мен Түркия премьер-министрлерінің қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннаның ұсынуымен «Өркениеттер Альянсы» халықаралық ұйымының құрылуы өркениеттер арасындағы сұхбатты қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

    Аталған халықаралық ұйым барлық өркениеттер адамзатқа тиесілігімен бір-бірімен өзара байланысты екенін және тұрақтылық пен бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылысы жағынан бір-біріне өзара тәуелді екенін мемлекеттердің, мәдениеттер мен діндердің түсінуіне қол жеткізуді өз міндеті санайды.

    Қазіргі күнде Өркениеттер альянсы мәдениетаралық сұхбат, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты қалыптастыру мен ілгерілету бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші платформасына айналып үлгерген ұйым болып табылады. Осы ұйымның платформасында үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары,  жастар және діни ұйымдар мен басқа да азаматтық қоғам институттарының тұтас халықаралық сұхбат кластерлері құрылған.

    Өркениеттер альянсының әріптестері тобына бүгінде жүзден астам елдер мен көптеген іргелі халықаралық ұйымдар кіреді.

    «Өркениеттер альянсы» ұйымының халықаралық қауымдастықпен сұхбатқа түсу стратегиясының өзектілігі  заманауи әлемдегі жаһандану мен дәстүрліліктің қақтығысы жағдайында Батыс пен Шығыстың өркениетаралық қатынастарының дамуында маңызды рөл ойнап отыр. Ұйымның өркениетаралық сұхбаты ынтымақтастыққа, Шығыс пен Батыстың бір-бірінің өркениеттік тәжірибелерін оңды бағалайтын комплиментарлығына, әлемдік қауымдастықта өркениеттер сұхбатын институттауға, мемлекеттердің халықаралық және ұлттық қауіпсіздігі жүйесін күшейтуге негізделеді.

    Адамзаттың үшінші мыңжылдыққа аяқ басуы 2001 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сұхбат алаңында өркениеттердің бейбіт дамуы мен халықаралық қақтығыстарды еңсеру перспективасының өзектілігіне жол салып берген «Өркениеттер сұхбаты» жылын атап өтумен басталды. Бұған әлемдегі жаһандану үдерістерінің кең қарқын алуы да өз ықпалын тигізгені анық.

    Жаһандану үдерістері бір жағынан заманауи әлемдегі барлық қоғамдардың дерлік ақпараттық-экономикалық әмбебаптылығы мен ортақтығын туындатып, адамдардың әлеуметтік байланыстарының қауырт өсуі мен жалпыпланетарлық біртұтастығын сезінуіне жол ашып беріп отырған болса, екінші жағынан халықтарға өздерінің өркениеттік, ұлттық-мәдени бірегейліктерін қайта ой елегінен өткізуге және оны сақтап қалуға ынтызарлық беріп отыр. Нәтижесінде әлемде дәстүрлі қоғам мен заманауи қоғам арасындағы қарама-қайшылықтың мәдени-саяси құбылысы пайда болды.

    Қазіргі әлемдегі адамзат дамуының объективті шынайылығы ретінде көрініс беріп отырған жаһандану туралы айтқанда оған теріс реңк беріп отырған өркениеттер қақтығысы идеясын тықпалайтын пікірлердің де біршама көрініс беріп отырғанын айта кету қажет.

    Өркениеттер қақтығысы идеясын қолдайтындар өркениеттер арасындағы қарама-қайшылықтардың басты мәні ретінде діни өркениеттік ерекшеліктерді алдыңғы қатарға шығара отырып, жергілікті (локалдық) өркениеттердің дәстүрлі болмысына, діни сенімі мен діліне негізделген түбірлі ерекшеліктер адамдар қоғамы арасындағы қайшылықты ақылмен еңсеруге мүмкіндік бермейді деп пайымдайды.

    Әртүрлі өркениеттердің тек өздеріне тән аксиологиялық субстанциялығы, яғни құндылықтық болмысын көрсететін ерекшеліктері өркениеттер қақтығысы теориясындағы салмақты дәйектердің бірі ретінде көрініс береді.

    Осы көзқарасты ұстанушылар аксиологиялық эксклюзивизмді, яғни белгілі бір діни-рухани құндылықтарға сенген және соны ұстанған адамдар қоғамы (өркениеттер) ғана ақырзаман азабынан құтқарылады деген пайымды либералдық жаһандануға, діни-моральдық релятивизм мен плюрализмге, толерантты қоғамның секулярлық инклюзивизм қағидатына негізделген идеология ғана еңсереді деп есептейді.

    Ал жаһанданудың аталған қағидаты (діни-моральдық релятивизм) шығыстық өркениеттердің батыс өркениетімен сұхбаттасуындағы негізгі тосқауыл болып табылады, өйткені оны қарым-қатынастың либералдық нормасы ретінде ілгерілету дәстүрлі дін мен моральдық нормаларды басшылыққа алатын  халықтар мен тұлғалардың өркениеттік бірегейліктерімен қайшылыққа түседі.

    Сондықтан адамзаттың болашағын моноөркениеттік либералдық құндылықтардың әмбебап әлемі ретінде қарастыратын және түрлі өркениеттердің өзіне тән социомәдениеттік кодтары мен мәдени-моральдық құндылықтарына негізделген рухани тұғырларын бұзуды басшылыққа алатын жаһанданудың либералдық үрдісі (моралдық релятивизм) белгілі бір түрде утопиялық идея болып табылады.

    Қазіргі таңда халықаралық қауымдастықтың алдында заманауи әлемнің осындай күрделі сұрақтарына салиқалы жауап беру бойынша аса маңызды міндет тұр  — ол бейбітшілік пен сұхбаттастық және әділ көпполярлы әлем орнату идеологиясы негізінде халықтар мен мемлекеттердің халықаралық және ұлттық қауіпсіздік жүйесін құру.

    Осы ретте, Өркениеттер альянсы шеңберінде қолға алынып отырған өркениеттер сұхбаты стратегиясы өркениетаралық  түсіністік орнату тетіктерін әлемдік қауымдастықта институттау арқылы исламның жағымды өркениеттік бейнесін қалыптастыруды және оның бейбітсүйгіш идеологиясын күшейтуді де көздеп отырғанын айта кету қажет.

    «Өркениеттер альянсы» осы мақсатта 2006 жылы Еуропа мен мұсылман әлеміне тән ортақ құндылықтар арқылы өркениетаралық сұхбатты, ынтымақтастық пен өзара түсіністікті одан әрі тереңдетуді мақсат етіп қоятын стратегияны жасақтады. Бұл стратегияның мәні «…адамдардың экстремизмі мен маргиналдануына от тастайтын топтардың ықпалына қарсы тұру; экстремизмнің халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылыққа төндіретін қауіп-қатеріне қарсы бірлескен іс-қимыл; қауіпсіздік барлық қоғамдар үшін өмірлік қажеттілік және барлық адамдар үшін маңызды болғандықтан осы мұраттарды көздейтін ынтымақтастық қауіпсіздіктің, тұрақтылық пен дамудың басты алғышарты болып табылады» деген ұсыныстарды әлемдік қауымдастыққа мүше елдер мен халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып ілгерілетуді басшылыққа алады.

    Қазақстан Өркениеттер альянсының Достар тобына ұйым құрылған 2005 жылдан бері енген болса, 2008 жылдан бастап әлемнің әр елінде әрбір екі жыл сайын өтетін БҰҰ Өркениеттер альянсының жаһандық форумының белсенді қатысушысы болып табылады.

    Өз кезегінде, аталған халықаралық ұйымның басшылары мен беделді өкілдері біздің еліміздің төл бастамасы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушылары болып табылатынын және әлем елдерінде діни негіздегі қақтығыстарға жол бермеу мен өркениеттік шиеленістерді азайтуға бағытталған Қазақстанның бастамасына жоғары бағалайтынын айта кету керек.

    Сондықтан, әлемдегі тұтас халықтар мен жеке адамдардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасы күнделікті шынайылыққа айналып отырған бүгінгі жаһандану заманында әртүрлі халықтар мен өркениеттердің жалпыадамзаттық сұхбатының маңызы күн санап өсе беретіні анық десек, осындай маңызды тақырыпты күн тәртібіне шығарып отырған институттардың маңызы да жылдан-жылға арта түсетіні сөзсіз.

    Мейрам Иманбаев
    мәдениеттанушы

    Пікір жазу